Біріншіден, олардың ата-аналарының елге көшіп келулеріне көмек жасау қажет. Екіншіден, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университет ректоры Ерлан Арын сияқты арнайы оқу гранттарын беріп, көмектесіп, нақты қолдау жасаған дұрыс. Сөзіміз жалаң болмасын аталмыш оқу орны биыл екінші жыл Моңғолияның Баянөлгей, Қобда аймағында тұратын, елге жете алмай отырған көп балалы қазақ отбасыларының мектеп бітірген балаларының жоғары білім алуына жақсы сыйлық жасауда.
Қазір олар университет жанынан ашылған колледжде гуманитарлық мамандықтар бойынша білім алып жүр. Бұл студенттер арнайы мамандықпен қоса дайындық курсын бітіреді де, оқу жылының соңында елімізде өтетін ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне қатысып, бақтарын сынайды. Шамамен 50 баллдан жоғары көрсеткішке ие болғандары міндетті түрде қалаған мамандықтары бойынша университетте білімдерін жалғастырады. Олардың осылайша қосымша курстарда білім алуларына маркетинг және кәсіпке бейімдеу басқармасының бастығы Күнсұлу Есен апайлары көмектесуде. Ал қалған студенттер өндіріс саласы бойынша және дизайн, өнер мамандықтарынан білім алуда. Былтыр көп балалы отбасыларынан шыққан 19 талапкер оқу грантын алды. Барлығы да жатақханадан бөлмеге ие болып, тұрып жатыр. Жағдайлары жақсы. Каникул кездерінде Астанадан Моңғолияға жүретін автобусқа отырып, үйлеріне де барып қайтады. Нағыз қазақы тәрбие алған, өз тілін асылдай бағалайтын бұл студенттердің облыс орталығында қазақ тілді орта қалыптастыруға, ән мен күйді, айтысты, биді, өнерімізді, патриоттық таным мен тәлімді дәріптеуге тигізетін септігі де үлкен. Бір-екі баласы бар қалалық кейбір қазақ отбасының ұл-қыздарына жетпей тұратын осындай қадірлі қасиеттер ғой.
– Елге көшуге асығып жүрген шетте жүрген қарапайым қазақ отбасы ұл-қыздарының жоғары білім алып шығуларына қамқорлық жасап отырған оқу орнының бұл игі ісі – өзге білім мекемелеріне үлгі болса екен. Он баласын жетектеп қалың көш келсе қазақ көбейеді, ауылдардың да сәні кіреді. Қазақ жастарына деген мұндай жанашырлық жалпы, қазаққа деген зор құрмет деп білеміз. Біз ол жаққа жиі барып жүреміз, балаларының өз жерлерінде білім алып жатқандарына ата-аналары қандай қуанып отыр десеңізші!. – дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының облыстық филиалының төрағасы Болат Зауытұлы.
Осы игі істен облыстық білім беру басқармасының бастығы Бақыт Бексейітова да шет қалмапты. Моңғолияның Қобда аймағының сонау Бұлғын сұмынында тұратын көп балалы отбасынан шыққан Уварейн Исангүлдің оқуға түсуіне білім басқармасы қолдау көрсетіпті. Орта мектепті шет жақта жүріп бітіріп, болашақта атамекенде қалып, белгілі бір маман иесі болуды армандаған алыстағы ағайынның балалары осындай қуанышқа қол жеткізуде. Грант иегерлерінің бірі Ақбота Халиолда он балалы отбасында өсіпті.
– Ата-анам, менен кейін қалған тоғыз бала да бір күн болмаса бір күн елге оралар, осы жердегі қазақ санын көбейтер деген үмітім бар. Өзім болашақта атажұртта қалып, жасаған жақсылықты еңбегіммен қайтарамын деп ойлаймын, – дейді. Сол сияқты Айгүл Байдол сіңліміз де, Болат Сабден де он балалы үлкен әулеттен екен. Бұған біздің қосарымыз мынау, облыстық көші-қон департаменті берген мәліметтерге сүйенсек, жалпы, облыста еңбек жасындағы елге оралған оралмандардың 1593 адамы жоғары білімді, 1810 кәсіби орта білімді, 6584 орта білімді, 4277 бастауыш білімді деп саналады. Білім саласының қызметкерлері 877, медицина саласының мамандары 412, мәдениет саласының мамандары 116, ауыл шаруашылығы мамандары 3563 адамды құраса, 9165 адам басқадай маман иелері. 12 оралман ұстаздың 2-уі ғылым докторы, 4 ғылым кандидаты, мемлекеттік қызметте 11 адам бар, олардың екеуі ауыл әкімі қызметінде жүр. Ал, облыстық және республикалық ақпарат құралдарында елге оралған біздің облыстан 9 журналист қызмет атқарады, әр түрлі жоғары оқу орындарында 570 студент, олардың 63-і облыс әкімінің грантымен оқып жатыр. Колледждерде 660, кәсіптік техникалық училищелерде 174 елге оралған оралман отбасыларының балалары білім алуда. Биыл қыркүйек айында облысқа Моңғолиядан 112 отбасы көшіп келді.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.