...ЭКСКАВАТОР ӨНДІРІСКЕ КЕЛДІ
Шөмішінің сыйымдылығы 12,5 текше метр болатын карьерлік қазба жұмыстарына арналған шынжыр табанды бұл техника Ресейдің Ижорск зауытында жасалған. Заманауи бұл техника сандық жүйемен басқарылады, кабинасы да экологиялық талаптарға сай жабдықталған.
Кеніште 3 мыңнан аса адам еңбек етеді. Жылына 20 миллион тонна көмір өндіріледі. Жуырда көмірді жер астынан тазалап, аршып алып шығатын карьерлік-конвейерлік жүйе іске қосылды. Бұл жұмысқа 85 миллион АҚШ доллары жұмсалды. Жаңа нысанда тағы да 200 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.
* * *
...ЗАУЫТТАРДЫҢ ІРГЕСІ ҚАЛАНДЫ
Қостанайда жаңа екі өндіріс кәсіпорнының іргесі қаланбақ. Оның бірі – металл өнімдері зауыты. ENRG компаниясымен бірлесіп жүзеге асатын бұл инвестициялық жоба бойынша қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылы маусым-тамыз айларының бірінде жаңа зауыттың құрылыс жұмыстары басталатын болады. 1,5 миллиард долларға бағаланып отырған зауыт үш жылда дайын болады.
Еліміз өндірісін шикізат өндіруден өңдеу үдерісіне көшіруге зор үлес қосатын бұл зауыт пайдалануға берілгенде облыс экономикасының дамуы да еселеп артатын болады. Ал жеңіл автомобильдер құрастыру зауыты “Агромашхолдинг” акционерлік қоғамы базасында өмірге келмек. Бұл зауыттың өнім өндіруі және оны өткізуі үшін облыста қолайлы жағдайдың барлығы да бар.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.
* * *
...ӘКІМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Облыс әкімінің өкімімен Сарқан ауданының әкімі Сексенбай Бекішев өз өтініші бойынша қызметінен босатылды. Сарқан аудандық мәслихатының кезекті сессиясының күн тәртібіне бұған дейін Алакөл орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің директоры болған Әлібек Жақанбаевтың кандидатурасы ұсынылып, депутаттар оны бірауыздан қолдады.
Облыс әкімі Серік Үмбетов аудан активіне жаңа басшыны таныстырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму бағытындағы қолға алынатын бірқатар міндеттерді айқындады.
Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.
* * *
...РЕЙС АШЫЛДЫ
Канадада шығарылған 70 орындық “Челленджер-870” ұшағы енді әр аптаның сейсенбісінде “Ақтөбе-Астана-Ақтөбе” бағыты бойынша жолаушылар таситын болды. Бұл рейсті орындайтын “Евро-АзияЭйр” әуе компаниясы елімізде 1997 жылдан бері жұмыс істейді. Компанияның Ақтөбеден басқа Шымкент, Жезқазған, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Орал және Павлодар қалаларында филиалдары бар.
Жаңа рейстің тұсаукесерінде сөз алған Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов ұшақтың жолаушылар үшін тиімділігіне, Астанаға ыңғайлы уақытта баратынына тоқталды. Еңбек ардагері Әнуар Бекмұхамбетов Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен студенттерге жеңілдік қаралғанын жеткізді.
Ұшу билетінің бағасы 23 мың теңге тұрады. Ақтөбе мен Астана қалаларының арасы 1100 шақырым болса, бұл қашықтықты әуе кемесі 1 сағат 25 минөтте ұшып өтеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе.