• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2010

Апта айшықтары

407 рет
көрсетілді

Шоқанға деген зор құрмет Омбы облыстық  мәдениет министрлігінің және немістің “ДЖЭЙ ЭНД ЭС” компаниясының қолдауымен ғұлама ғалымның 175 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті. Ресейдің Қазақстанмен шекаралас өңірінде өткен салтанатты шараға қатысушылардың бірі — Петропавл қалалық классикалық гимназиясы география пәнінің мұғалімі   Аяжан Ғабдуллинаның айтуына қарағанда, мәдени шаралар Шоқанның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, одан әрі  тағылымы терең жиындарға, басқосуларға, дөңгелек үстелдерге жалғасқан. Шаралардан ол оқыған Омбы кадет корпусы, онда қазіргі кезде тәрбиеленіп жатқан отызға жуық қазақ баласы да жақсы әсер алған. Бір сөзбен айтқанда, солтүстікқазақстандық делегация мүшелерінің қазақ халқының құйрықты жұлдыздай ағып өткен ұлын ұлықтаған сапардан  рухтанып қайтқаны байқалады. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан  облысы. Диқан мен малшы сабантойы Облыс ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер күзгі жиын-теріннің нүктесін қойып, сабантой өткізді. Облыстық филармонияда өткен бұл салтанатты жиын алдында ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі көрсетілді. Биылғы қуаңшылық жылдың өзінде облыс диқандары 3 471 мың тонна астық жинады. Ал мал шаруашылығында табыс жаман емес. Дайындалған еттің барлық түрі 574 мың тонна болды. Салтанатты жиналыста баяндама жасаған облыс әкімі Сергей Кулагин жалпы ауыл шаруашылығындағы барлық жетістіктер мен алда тұрған міндеттерді екшеп айтып берді. Мұнан кейін облыс әкімі еңбек озаттарына сыйлықтар тапсырды. Салтанат соңы облыс өнерпаздарының концертіне ұласты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай. “Эльбурс” бірлестігіне 5 жыл Түбі бір түркі халқы ретінде бас қосатын этно-мәдени бірлестіктердің бірі  “Эльбурс” деп аталады. Өткен аптада облыс орталығындағы “Достық” үйінде қазақ жерінде тұрып жатқан туысқан этностар бірлестіктің құрылғанына бес жыл толуына жиналды. Күн сайын бірлестік қатары да  көбеюде. Мариям Байрамқұлова басқаратын  “Эльбурс” бірлестігін құттықтауға Парламент Мәжілісінің депутаты Людмила Хочиева келді. Сонау жылдары Кавказдан келген олар бүгінде жерімізден пана тауып, достық пен бірлік ұйытқысы болып отыр. Негізінен облыстағы  Шарбақты, Успен, Павлодар аудандарында тұрады. Ал, мерекелік кешті кабардин-балқар, карашай-черкестердің тау халқына тән ойнақы әндері мен билері одан сайын  айшықтандыра түсті. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар. Байбосынов та  жұлдыздар  шоғырында Көмір кесегін көтерген Қарағандыдағы әйгілі қос кенші ескерткішінің қалалық саябаққа кіреберіс көрнекті тұсында бұдан екі жыл бұрын елімізге белгілі өнер тарландарының есімдері жазылған “Жұлдыздар аллеясы” ашылған болатын. Онда қазір Бибігүл Төлегенова мен Роза Рымбаеваның аттары жарқырап тұр. Өткен жұма күні олардың қатарында Қайрат Байбосынов есімі алтын жалатылған әріптермен ойып жазылды.  Мерейтойлық өнер кешіне жиналған қауым атақты әншіні “Жұлдыздар аллеясына” қосылуымен құттықтады. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды. Республикалық ақындар айтысы Талдықорған қаласында айтыстың ақтаңгері, ақын Бақтыбай Жолбарысұлының туғанына 175 жыл толу құрметіндегі ақындар додасына жер-жерден үкілі домбырасын ұстап, сөз мәйегін терген  мықтылар қатысты. Айтыс көрігін Бағдат Сәрсенбаев пен Аягөз Серікқызы, Айбек Ережеп пен Жандарбек Бұлғақов, Даубай Әбдісаев пен Жанатбек Айдарәлі, Ринат Зайытов пен Әбдіғани Бәзілхан,  т.б. қыздырды. Жамбыл ауданынан келген 13 жасар Айдана Қайсабек пен 60-ты алқымдаған Даубай арасында кісілік пен кішіліктің жарқын үлгісі, жас толқынның айдындағы сапарын ағасы демеп жебегендей айтыс өтті. Облыс және қала әкімінің, өзге де азаматтардың  демеушілігімен ұйымдастырылған айтыста бас жүлде талдықорғандық Жандарбек Бұлғақовқа бұйырса, бірінші орынды астаналық Айнұр Тұрсынбаева иеленді. Екінші және үшінші орын Ринат Зайытов пен Даубай Әбдісаевтың  еншісіне тиді. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. Артына өлмейтін іс қалдырған Бөкей ордасының қатпар-қатпар бай тарихы осы өңірдегі мұражай кешенінде жатыр. Оны көзінің қарашығындай сақтай білген, әр жыл сайын құнды дерек-мұрағаттармен толықтырып отырған осы киелі орынды ұзақ жылдар бойы басқарып келген басшы, марқұм Темірболат Мақымұлы болатын. Ордалықтар көзі тірісінде өзінің бар күш-жігерін архив қызметінің мазмұнын тереңдетуге жұмсай білген жанды еске алу кешіне өте көп жиналды. – Темірболат – бұл фәни жалғанда өзіне-өзі ескерткіш қойып кеткен адам. Ол өз ғұмырын тым ұзақ, мәңгілік өлмейтін, өшпейтін іске сарп етті, – деді еске алу кешінде Ақжайық өңірінің зиялы ақсақалдарының бірі, тарихшы-өлкетанушы Жайсаң Ақбай. Иә, бұл ой-пікірлер Т.Мақымұлы өмірінің шындығы екені басы ашық ақиқат. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. Үйлестірушілер біліктілік арттырды Атырау облыстық сотының оқу орталығында түрлі семинарлар, бейнежелі арқылы  қашықтан оқыту  шаралары өтіп жүр. Өткен аптада барлық облыстық соттар оқу орталықтары үйлестірушілерінің қатысуымен екі күндік семинар ұйымдастырылды. Семинарда облыстық сот төрағасы Жақсылық Аланов  сот төрелігін жүзеге асыру, Елбасының құқық қорғау органдарын реформалау жөніндегі Жарлығының маңызына тоқталды. Аталған семинарда Жоғарғы Сот судьясы, оқу орталығының үйлестірушісі Ұ.Сүлейменова, ЮСАИД өкілдері Ш.Ташмұхамбетова, А.Самохина судьяларды оқытудың осы заманғы үлгілері, интерактивтік оқыту-үйрету әдістері, заманауи озық технологияларды қолданудың жаңа бағыттары туралы сабақ өткізді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.