Ел айырылған. 1860 жылы орыс, қытай тараптары Бейжіңде келісім жасасып, екі елдің ғасырлар бойғы басқыншылық соғыстан олжалаған жерлерін бөлісетін арнайы комиссия жасақтады. Содан 1864 жылдың 25 қыркүйегінде Шәуешек хаттамасына қол қойылып, бұрын-соңды тарихта болып көрмеген жаңа тұрпатты мемлекеттік шекаралар бекітілді. Бұл қос империяның көптен көздегені еді. Олар ұлы көшпенділердің ең соңғысы – қайсар қазақ жұртын тізе бүктіргеннен кейін ғана дегеніне жете алды. Бұл кезде жарты әлемге жарлығын жүргізген моңғол да, Мәскеудің өзін ықтырған татар-ноғай да, қалың қалмақ та, башқұрт та әлдеқашан бодандық қамытын киген болатын.
Төрт жыл бойы жұмыс істеген аталған комиссия алтын Алтайдың жаралғалы бергі иесі – қазақтармен зәредей де санасқан жоқ, ел екен деп елемеді. Сөйтіп, күтпеген жерден пайда болған орыс-қытай шекарасы Алтайдағы қазақтың өзін екіге бөлді де тастады. Сонау сақ, ғұн дәуірінен бері ата-бабаларымыз еркін жайлап, ен қонған мекен осылайша талауға түсті.
Тарихи деректерге қарағанда, арғы бетте қалған қазақтар алғашқы жылдары Қытайға аса бағынышты бола қоймаған. Бодан емес, жерді пайдаланушылар ретінде түрлі алымдар төлеп тұрғаны туралы мәліметтер бар. Бірқатар тарихшылардың айтуынша, оларға Ресей жаққа өтіп кетуге мұрсат та беріліпті. Алайда, кір жуып, кіндік кескен жерді жаттың қолына тастап, көз қиып кете беру оңай ма?! Батыр бабалары ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап аманат еткен атақонысын қолдан бергісі келмеген қазақтар Қытай билігінің ауыр талаптарына еріксіз көніп, арғы бетте қала берген.
Шекарадан шекара белгіленіп, қазақтың басына зобалаң күн туды. 1880 жылдың басында Ресей мен Қытай қазақтар мекендейтін тұстағы шекарасын қайталап бекітті. Талаптар бұрынғыдан да қатая түсті. Мойынға түскен қылбұрау тарыла берді, жан алқымнан алар болды. Ел мен ер, аға мен іні қатынасудан қалды. ХХ ғасырдың басында Қытай үстемдігінен азат етілген Моңғолия мемлекеті орнап, қазақ арасынан тағы бір шекара тартылды. Бұл жолы Алтайдың арғы бетінің өзі екіге жарылды. Қытайдың қысымынан ыққан қалың қазақ осы момын әрі мұңдас моңғол жұртына – Алтайдың Қобда бетіне қотарыла көшті. Бірақ, мұнда да оларды қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жарқын заман күтіп тұрмаған еді...
Кәп Құмарұлы осы тағдырлы жұртта туды. Қытайға қарайтын Алтай аймағының Көктоғай өңірінде 1933 жылдың 8 сәуірінде дүниеге келіпті. Ел көрген тауқыметтің бәрін тартты. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан туған жерден табан тірер тыянақ таппай, босқан елмен бірге болды, қуғын-сүргіннің бәрін көрді. Сол бір аумалы-төкпелі зобалаң жылдардың бейкүнә сәби жүрегіне жеңіл тимегені анық.
Кішкентай Кәп 2 жасқа толғанда Көктоғайдағы қазақтар да Қобда бетіндегі ағайынға қарай бас сауғалап, көш түзеді. Әкесі Құмар Жақыпұлы көкірегі ояу, көзі ашық, мұсылманшаға бек сауатты адам болған деседі. Ол осынысымен ерекшеленіп, ұрпақ тәрбиесіне атсалысқан, ұстаздық еткен адам еді. Көз көргендер солай дейді.
Алайда, Құмар Жақыпұлы туралы деректер өте сараң, жоқтың қасы. Өйткені, ол Алтайдың Қобда бетінде ұзақ қала алмады, көшіп келгеніне үш жыл толғанда “халық жауы” деген жаламен жазықсыз айдалып кете барды. Сол кеткеннен мол кетті, хабар-ошар болмады. Ол кезде Кәп бес жаста ғана болатын. Сөйтіп, кеңестік Қазақстанда жүргізілген ұлтымыздың сорпа бетіне шығар азаматтарын түгел дерлік қырғынға ұшыратқан 1937 жылғы “сталиндік саяси қуғын-сүргіннің” дүмпуін қызыл Моңғолиядағы қазақтар да бастан кешкен еді.
Қасқыр соққан Қадыби әже.
Қазақтың “алып анадан туады” деген даналығы бекер айтылмаған. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының анасы Күнші басына түскен тауқыметке мойымай, баласын оқытып, Ахаңды халқының алдыңғы қатарлы азаматы етіп тәрбиеледі емес пе?! Кәптің сахи анасы Қадыби де осындай ерлік істеген адам. Шиеттей-шиеттей үш баламен жастай жесір қалған ол балаларын тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай өсірді. Үлкені әрі жалғыз ұлы Кәпті оқытып, айтулы азамат етіп тәрбиеледі. Бірі – екі жасында, екіншісі – бесікте әкеден қалған Ғазиза мен Зағиланы да қатарынан кем қылған жоқ. Құмар Жақыпұлы жазықсыз айдалып кеткенде Қадыби әже 25 жаста ғана екен. Содан күні кешегі 90 жасына дейін асыл жарын күтумен өтті. Үмітін үзген емес. Жан жары Құмар түтеткен түтінді өшірмей немере-шөберелерінің қызығын көріп, 2003 жылы дүние салды.
Қадыби әженің қасқыр соққан ерлігін ел іші әлі күнге аңыз қып айтады. Отағасы жалған жаламен айдалып кеткен кез. “Халық жауларының” дүн-дүниесі, мал-мүлкі түгел талауға түскен, тәркіленген. Қарасу қыстағын паналаған қорғансыз үйді даланың ит-құсына дейін басынғысы келсе керек. Жығылған үстіне жұдырық болып, әне-міне күздікке жығып аламыз деп отырған жалғыз тайды бір түнде қасқыр жәукемдеп кетеді. Әдеттегісінше, таңмен таласа тұрған Қадыби жайрап жатқан семіз тайдың жылы-жұмсағына сылқия тойып алып, қойтастың үстінде қорылға басқан арланның үстінен түседі. Мұндай қиянатқа жаны төзбеген жас келіншек қасқырды жай жібере салғысы келмейді. Есе қайтармақ болады. Сондағы қарманғанда қолына іліккені бақан екен. Әйел затынан именгісі келмеді ме, әлде қатты тояттағандықтан ба, қасқырдың орнынан қозғалғысы жоқ. Басын еріне көтеріп төніп келе жатқан бақанды қабады. Қанжардай өткір тістер енді бақанды оңай жіберер емес. Қадыби бар күшін салып бақанның басын арланның көмейіне жүгіртіп жіберіп, қозғалтпай ұстап тұрып алады. Осы күйі қанша уақыт тұрғаны белгісіз, әйтеуір, туыс-туғандар байқап жүгіріп келгенде қасқыр әлдеқашан жан тәсілім еткен екен. Ал Қадыбидің бақанға қарысып қалған қолын жұрт жабылып жүріп әзер ажыратын алады. Сойылған қасқырдың терісін қаратұмсықтан шаңыраққа іліп жібергенде шолақ құйрығы жерге жетіп тұрған еді деседі...
Ұстаздың алғашқы ұстазы.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жүргізілген шекара сызықтары ақыр аяғында Алтай қазақтарының өзін үшке бөліп тастады: бір бөлігі – Қытайға, екінші бөлігі – Кеңес Одағына, үшінші бөлігі Моңғолияға қарайтын болды. Алтайдың құтты қойнауларын атақонысы еткен ағайын-ажын сонда да бір-бірімен байланысын үзбеуге барын салып тұрды. 1940 жылы кеңестік Қазақстаннан шақырылған педагог мамандар Моңғолияға барып қазақ балаларын жаңаша білімге баули бастады. Алтайдың Қобда бетіне осылай барған Тілеуберді Сауранбаев (1910-1975) Кәп Құмарұлының алғашқы ұстазы болатын. Ол Қазақстанда Ахаң – А.Байтұрсынұлы негізін салған ұлттық мектептер мен білім беру жүйесінің 20-шы жылдардағы түлегі еді. Демек, Кәп Құмарұлы білім жолында Ахмет дәстүрімен де сусындаған. Кейін өзі де ұстаздық етіп, бала тәрбиесіне бар ғұмырын арнады. Ахаң құсап өлең, мысал жазуды да ұстаздықпен қатар алып жүрді. Кәпекең “Есімде сол бір өткен кез” атты дастанында “Аққұм”, “Гәкку” секілді Арқа ән мектебінің жақұттарымен алғаш Т.Сауранбаевтың орындауында танысқанын айтады.
Тілеуберді Сауранбаев төрт жыл бойы Баян-Өлгей балаларын оқытты. Кәп Құмарұлының қалыптасуына бұл ұстаздың ықпалы зор болғаны даусыз. Бұған оның қолына тұңғыш қалам ұстатқан ағаға арнаған дастаны анық айғақ бола алады. Тілеуберді Сауранбаев туралы сөз қозғағанда мына бір жәйтті айтпай кетпеске болмас. 1931 жылы, яғни аштық жылдары педтехникумның 21 жастағы студенті ол Түркістандағы балалар үйіне өндірістік тәжірибеден өтуге келеді. Күн сайын аштан қырылып жатқан балаларды көріп, жанын қоярға жер таппайды. Ал балалар үйінің сол кездегі директоры жетімдердің тамағын аузынан жырып алып, өз туыстарына беріп отырған көрінеді. Осы жәйт анықталып, директор жұмыстан босатылады да, оның орнына жас Тілеуберді Сауранбаев тағайындалады. Осыдан кейін жетімдер үйіндегі бала өлімі сап тыйылған екен. Бұл туралы оның өзі қызы Розаға қалдырған естелік дәптерінде жазған. Міне, Кәп Құмарұлы осындай ұлағатты ұстаздан тәлім алған адам.
Тәңір маған жазыпты, сыбағасын үш елдің. Кәп Құмарұлының айрықша атап өтер бір қасиеті – отансүйгіштігі, ел мен жерге деген шексіз құрметі. Оның шығармашылығынан аяулы атамекенге деген аңсар-сағыныш, туған жерге деген кіршіксіз махаббат есіп тұрады. Бәлкім, бұған талауға түскен қазақ Алтайы, ондағы қандастардың шекарадан шекара асқан талайлы тағдыры да әсер еткен шығар. Ақын Кәп Құмарұлы: “Тәңір маған жазыпты, Сыбағасын үш елдің” деп жырлады. Осы екі жолдың астарында үлкен сыр, мол мағына жатыр. Елден елге ауа көшумен төрткүл дүниеге тарыдай тарап кеткен қазақтың мұң-зарынан да, қуанышынан да хабар беріп тұрғандай. Ол асқаралы алпысқа келгенде де көшуге мәжбүр болды. Бірақ бұл жолғы көштің жөні бөлек еді. Қазақстан тәуелсіздігін жарық дүниеге паш етіп, мемлекеттігін қайта құрды. Өшкен отымыз жанып, алаулады. Азат елге деген сағыныш Кәп Құмарұлына тағат таптырмаса керек. Келесі жылы-ақ, анығырақ айтқанда, 1992 жылы Қазақстанға қарай атбасын бұрды.
Жуасын жұлып,
Жұпарын жұтып даланың,
Қытайда туып,
Моңғолда өскен баламын.
Алпысқа келдім,
Әлі де тоқтау тапқам жоқ,
Білмеймін әлде,
Қай жерден тұрақ табамын.
Болдырып шаршап,
Қазақ деп аңсап,
Тағы да көшіп барамын, – дейді ақын. Әрине, топырағына ата-бабалардың қаны қатып, тері сіңген, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан туып-өскен жерді көз қиып кету жүректің басына қорғасын құйып жібергендей қиын, аса ауыр.
Өскен жер-мекен,
Ақ шыңды өлкем,
Бүркеніп бұлтын басына,
Бүркіп бір демін,
Қосылды менің
Жылаған көз жасыма, – деген жолдарды толқымай оқу мүмкін емес. Алтайдай алып таудың өзі бауырына басқан жұртын қимай еңіреген елімен қосыла жылап тұр. Суреткерлік деген осы емес пе? Көз алдыңа ертеректе Еділімен егіліп қоштасқан Қазтуған елестейді. Бірақ ақын Кәп Құмарұлы:
Құшағын ашып,
Алдыңнан тосып,
Тәуелсіз қазақ тұр елің.
Қуылып босқан,
Әр елге қашқан,
Қайғылы кезің бұл емес.
...Өз елін тапқан,
Ететін мақтан
Бүгінгі көшің – ұлы көш! – деп өзін жұбата да алады.
“Кәпекең елге бет алған ұлы көштің басы ғана болып қойған жоқ, ол кісі көптеген қазақ ән-күйлерін, аңыз-әфсаналарын да қазақ топырағына ала келген. Сөйтіп, әдебиетіміз бен мәдениетімізге үлкен үлес қосқан адам”, – дейді талай жылдар дәмдес, сырлас болған белгілі ақын Несіпбек Айтұлы. Көзкөргендер ұлағатты ұстаз әрі ақын Кәп Құмарұлының өз балаларының тәрбиесіне де айрықша мән бергенін айтады. Семейдің Үржарына барған ақын-жазушыны, қалам ұстаған қауымды үйіне қонақ етпей жібермеуге тырысады екен. Сондай себеппен дастарқанынан дәм татқан кісілердің: “Балаларының тәрбиесі қандай тамаша”, – деп тамсанып отырғанын көп естідік.
Еңбегі жанған жан.
Кәп Құмарұлының ұстаздық еңбегін моңғол жұрты да жоғары бағалады. 1989 жылы МХР-дың “Білім беру ісінің үздік қызметкері” белгісімен марапатталды. 1991 жылы Моңғолия Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. Ең бастысы – қазақ балаларын ана тілі мен ұлт әдебиетінің қайнар бұлағынан сусындатуына, таза ұлттық тәрбие беруіне ешқандай кедергі-кесір жасаған жоқ. Бірақ үш ғасырдан соң қайтадан шаңырақ көтерген Қазақ мемлекеттілігіне деген қуаныш оны Алтайдан Арқаға жетуге асықтырды. Мұнда да елі өзі үміт еткендей құшақ жая қарсы алып, сүйікті ісі – ұстаздығын жалғастыруына мүмкіндік берді. Азаттық рухымен қанаттанған ақын бұрынғысынан да шабыттана жырлады, құлшына жазды. Отанына келуімен екінші тынысы ашылғандай болды. Ұрпақ үшін, дәріс берген шәкірттері үшін тәрбиелік мәні зор – Отанды сүюге, ел мен жерді қастерлеуге қатысты тамаша туындылар тудырды. 1992 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өтіп, 2005 жылы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ол қазақ әдебиетінің гүлденуіне әулетімен үлес қосқан адам. Құдай қосқан қосағы Егеухан Мұхамәдиқызы қазақтың айтыс өнеріне өз қолтаңбасын қалдырған арқалы ақын, көп бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Қыздарының бірі Есенгүл қазақ әдебиетінің де, журналистикасының да ілгерілеуіне еңбек сіңіріп келе жатқан ғалым әрі қаламгер. Ұлы – Бәделхан Кәпұлы мен күйеу баласы Бақытбек Бәмішұлы да елге белгілі ақындардың сапында. Ал үйдің сүткенжесі Дәулеткерей туралы тәптіпштеп айтып жатудың өзі артық: алты алашқа мағлұм, аузымен құс тістеген сөз сүлейлерінің бірі. Айтыс өнерінің көгінде жұлдыздай жарқырап жанды. Жазба поэзиясы да алдыңғы буын ағалары тарапынан жоғары бағаланып жүр. Н.Айтұлының тағы бір сөзіне жүгінсек: “Дәулеткерей поэзиясындағы тілдің қоюлығы, құнарлылығы ана сүтімен, әке рухымен дарыған деп білемін”, – дейді ол.
Біз кейбір қаламгерлеріміз турасында сөз қозғалғанда мына мәселені ескеруге тиіспіз: әдебиетпен кәсіби тұрғыда бас алмай айналыспаған, бірақ күнделікті күйбең тіршіліктен қолы қалт ете қалғанда құнды мұралар жасап қалдырған қаламгерлерге құрметпен қарау керек. Әдетте олардың шығармалары том-том, қалың кітаптарға жүк бола бермейді. Бірақ, аз болса да саз болып шығады. Кәп Құмарұлын сондай ақындардың санатына қосамыз. Ол тек жазумен ғана айналыспағандықтан әдеби ортада елеусіздеу ғана жүріп жатты. Күні кеше дүниеден өте шыққанда ғана: “Қайран Кәпекем!..” дестік.
Кәп Құмарұлының ақындығына ешкім дау айтпас. Біз бұл мақаламызда оның қалам-қарымын біреуден ілгері еді, біреуден кейін еді деп жарысқа салмақ емеспіз. Кәп шығармашылығына ғалым-сыншы әрі белгілі ақын Ақеділ Тойшанұлы әділ де дәл бағасын берген. Ол “эпик ақын” деп атапты. Яғни, кең тынысты, алымды әрі арынды ақын.
Кәпекең артына өшпейтін, өлмейтін мұра қалдырды. Туындының құндылығына бір өлшем – ұлттың рухани қазынасы үшін берерінің молдығы. К.Құмарұлының шығармашылығы осы жағынан алғанда айрықша атап өтуге тұрарлық. Бір ғана “Арпагер” дастанын айталық, бір жағынан жылқы десе әруақтанып, рухы атойлап шыға келетін қазақ үшін ерекше әсерлі әрі көркем туынды. Екіншіден, бұл бір сәйгүліктің тағдырын ғана жырлайтын дастан емес, ақын осы аңыз арқылы ел мен жерді құрметтеуді, атамекенге деген сүйіспеншілікті айрықша әсерлі әрі тосын тәсілмен жырға қосқан, жүрекке жеткізіп айтқан.
Кәп Құмарұлының атбегілігімен де даңқы шыққан. Әсіресе, “Кәптің ала аяқ аты” дейтін жүйрік пен тайпалған “Тайқызыл” жорға арғы беттегі атқұмар қауым арасында кеңінен танымал. Осы “Тайқызыл” жорғаны қолға үйретуінің өзі қызық. Ат жаратып, жорға мінген сері кісі еді. Сондықтан да болар, әдебиетте бірқатар жүйрік аттардың қайталанбас образын жасады: кәрібоз, бозтарлан, арпагер, тайқызыл – сәтті шыққан бейнелер. Ол аттың қапысыз сыншысы да:
Құс топшы, барыс сүбе, жылан бауыр,
Бота көз, күдір жота, киік сауыр.
Кең құрсақ, жібек сіңір, сілбісі кең,
Аршын төс, бүркіт қабақ, мінезі ауыр, – деп суреттейді К.Құмарұлы нағыз тұлпарды. Мұндай мінсіз сурет қалам ұстаған кез келген адамның қолынан келе бермес-ау.
Р.S. Шеттегі қазақ әдебиеті – ұлттық мұрамыздың тау сілеміндей мол саласы, ажырамас бөлшегі. Сондықтан оны атажұрттағы қалың қазақ оқырманына жеткізіп, ұлт әдебиетіне қосу замана талабы. Ол жетімдік көрмеуге тиіс. Отанға оралғандардың насихатымен шектелмеуі қажет. Осынау елдегі үлкен әдебиетке әлі толық қосыла алмай жатқан Алтайдағы айрықша әдеби дәстүрдің бір өкілі – К.Құмарұлы. Ол шекараның ар жағында туып-өскенімен, жырлағаны – қазақтың сыры, оқытқаны – қазақтың баласы. Демек, оның орны – қазақ әдебиеті, жұрты – қабырғалы Қазақ елі. Ол – бар қазақтың ақыны. “Шетелдегі...” деп бөлу жөн емес. Ұлт мәдениеті – біртұтас. Оған Моңғолия мен Қытайдағы қазақтарды бөлгендей шекара-шек қойылмаса керек...
Бесбоғда АЛТАЙ. Астана.