Сіздің тілшіңіз қайбір жылы Қызылордадан, Шымкенттен, Тараздан бір-бір бизнесмен қарындас хақында “Кәсіпкер келіншектер” деген дүние жазған. Оңтүстік Қазақстан облысында озып келе жатқан жаз дидарлы жайдарман жан Рәшкүл Оспанәлиеваны, Жамбыл облысы жұртшылығының жұлдызындай Жұмагүл Омарованы, Қызылорда облысы қыз-келіншектерінің жақұтындай Бақыт Аяғанованы жырлаған. Одан кейініректе кәсіпкерлік көзін тапқандардың, жаңашыл ізденістерімен жарып шыққандардың арасынан тараздық Сәуле Рысбаева мен Зәкира Мырзатайқызын жазыңқыраған.
Жақында тағы да Таразға қарата жолға шықтық. Өзі де айналайын ағарғанды жарататын, бала-шағалары мен немере-шөберелеріне де ақ сүт пен айранды, ірімшік пен сүзбені, сонсоң, әрине, қаймақты қызу насихаттап, күнделікті үзбей пайдаланбақты көздейтін көкеміз бүй деді: “Ай, арнаулы тілші! Кәсіпкер келіншектерді көрсетпей кеттің ғой. Анау Қатираның қаймағы мен ірімшігін және наринэсін жазбайсың ба? Қазір Қатираның сүт цехын Тараз түгілі, бізден тысқары талай жұрт жақсы біледі. Қатираның қаймағындай қаймақ, ірімшігіндей ірімшік жоқ. Ал, наринэ дегенді естуің бар ма өзі?”
Осыны айтқан ағатайымыз қулана күлім қағады-ай. Ірімшікке қаймақ құйып отырып.
“Сүт цехына сізді мен-ақ ертіп апарайын, – деді осы облыста басшылық қызметтерде жүрген, кішіпейіл де аңғарымпаз, сезімтал да сезгір бауырымыз Мейірбек Пірәлиев. – Барлық балабақшалар ағарғанды Қатира апайдан алуға ұмтылатынын білеміз біз де. Бірталай жылдан бері солай. Шет жұрттардан жететін сүт өнімдерінің бәрі дерлік жасанды. Ұнтақтан әзірленеді ғой. Ал Аққулиева апайдың ұжымы шығаратын нәрселер түгелдей табиғи, таза...”
Қатира Орынбайқызы Аққулиева.
Таразыңыз түгел танитын Қатира.
Қатираның сүт цехында бірер жыл бұрын Елбасы болған.
Сонда Қатираңыз кім өзі? Оның өзінің және атақты сүт цехының нендей ерекшелігі бар? Қатираның қаймағы мен ірімшігі, сүті мен сүзбесі неге мақтаулы? Наринэ дегеніңіз не зат?
Жақсыны көрмек ләзім. Жарқын істерді жазбақ – парыз.
Қатира – қазақтың қатардағы қызы. Ауылда өскен. Алғырлығы, жылдам сөйлеп, жедел қимылдайтыны жас өскін шағынан-ақ аңғарылған. Шымкент медицина училищесін фармацевт мамандығы бойынша бітірген. Анау ғасырыңыздың алпыс сегізінші жылында. Содан былай қарата дәріханалар жүйесінде жұмыс істеген. Ауылдық дәріхананың меңгерушісі болған. Тап-таза, мұнтаздай қыз. Бой-басы тіп-тік. Жіптік. Ақ желеңі жарасқан. Талай жігіт таласқан. Көпшілігіне қарай қоймаған. Кездесулерге жолай қоймаған. Жұмысына ғана берілген. Дегенмен, жігітте де жігіт бар... Мөлдіреген келіншек. Мейірімді көздер. Ықыласты сөздер. Дәрілерінен бұрын келіншектің көзі мен сөзі емдер. Қай жерде, қандай дәріханада істесе-дағы Қатираңыздың алғыс арқалағаны рас. Бірте-бірте ауданға, қалаға, облыстық жүйеге жоғарылады. Шақыру арқылы. Кішіпейіл де елгезек келіншек. Білікті маман. Адамдармен тез тіл табысатын, бауырмалдығы бөлекше ханым. Фармацевтика өндірісінің бастығы лауазымына дейін өсті. 1994-1997 жылдары Жамбыл облысы денсаулық сақтау департаментінде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған.
Кейіннен қирап қалған сүт цехын қолға алып байқамаққа бел буған. Ауылда, бала кезінде, балдырған шағында апасы сүт пісіретін. Суыңқыраған сүттің бетінен балқаймақ қалқып әперетін. Сырлы тостағанға құйып. Ірімшік жасайтын. Құрт домалақтайтын. Апасының қасындағы Қатира қай істен де қалыспауға тырысатын. Ана алақанындағы аппақ ірімшіктен, ақ жайманың үстіндегі сарғыш құрттан, сырлы тостағандағы балқаймақтан тәтті-дәмді нәрселер жоқ-тұғын.
Тоз-тозы шыққан талай дүниелер жекешеленіп жатты. Жоғалып кетіп, жұтылып кетіп, сатылып кетіп жатты. Ара-арасында басқа нәрселер де бар ғой, әрине. Аққулиеваның алғаны қарапайым ғана, қирандыға айнала бастаған сүт цехы-тұғын. “Молочная кухня” деп аталатын мекемелердің бәрі дерлік жабылып тынған. Балабақшалар үйлері жекешеленген. Болмас тиын-сиындарға сатылған. Сондай алмағайып заманда ақ желең киген, шашын төбесіне түйген, кім-кіммен де қатқылдау тіл қатысатын күйге жеткен Қатира шыққан белсеніп. Сүт цехының таланға кетіп, таражға түсіп үлгермеген жасау-жабдықтарын жөндеткен. Сонау жастық дәуренінде ғашық боп, жұп жарастырған Жұмағұл отағасы екеуі жалықпай жүгіріп жүріп, жеке үйлерден сүт жинаған. Көп ұзамай-ақ цехты іске қосқан. Қасықтары қаңсып, тәрбиеленушілерінің таңдайлары құрғап отырған балалар үйіне алғашқы қаймақ-қатықтарын тегін берген. Бір мәрте емес. Талай рет. Қайта-қайта. “Қатираның қаймағы” деген сөзіңіз сол кезде пайда болған. Балалар үйлері. Қысқартудан әзер қалған балабақшалар. Ауруханалар. Бәрі де “Қатираның қаймағы” дейтінге айналған. Ірімшік. Сүт. Қаймақ. Айран. Бірінен бірі өтеді-ай. Дәмді. Жұғымды. Жасанды емес. Ұнтақ-сұнтақтан құрап-сұрап, алдап-сулайтын әлдене емес. Тап-таза. Табиғи. Туған топырақтың төл туындысындай. Мұнтаздай.
2004-2005 жылдары Қатираның серіктестігі төрт тоннаға дейін сүт өңдеуге қол жеткізген. Тараз шаһарында бәсекелестер шыға бастады. Бара-бара жеті-сегізге жетті. Қатираның “Галеникасымен” жарысатындар. Бірақ, бәрібір, Аққулиеваңыздан алға озғандары жоқ-ау. Әзірше. Жауапкершілігі шектеулі серіктестігін “Галеника” деп атауында гәп бар. О баста, фармацевтика саласының саңлағы кезінде “Гален цехы” болатын. Дәрі-дәрмектің ең негізгі, ең қарапайым түрлері сонда әзірленетін. Он тоғызыншы ғасырыңызда Клавдия Гален деген керемет әйел өмір сүрген. Жеңіл-желпі, жедел әсер ететін, қарапайым дәрмектерді алғаш сол Галеніңіз жасай бастапты. Олардың қатарында жасыл дәрі, йод, тағысын-тағылар болған. Аққулиеваңыз алғаш дәрі-дәрмек фирмасын ашқан ғой. “Галеника” деп ныспылаған. Кейіннен біржолата басқа шаруаға көшіп, сүт өнімдерін шығарумен айналысатын ЖШС құрғанда, осы қымбат атауды қимаған.
Қатира 1982 жылы Жамбыл технологиялық институтын инженер-экономист мамандығы бойынша сырттай оқып бітіріп алғантұғын. Жемісін, нәтижесін көріп-ақ жүр-ау. Бүгінде. Бәрін біледі. Инженерлігі мен экономистігі небір мықтыларыңыздан кем соқпас. Үнемі оқып, ізденіп, шет елдерге шығып, жаңалық игеріп, өндіріске енгізумен айналысады. Қатираның қаймағы. Аққулиеваның ақ ірімшігі. Орынбайқызының наринэсі. Діттеген деңгейлерден титтей де төмендеген емес. Сапа жағынан. Айтпақшы, наринэ деген не? Наринэ – Тараздағы “Галеника” ЖШС-ның сүт цехы екі-үш жылдан бермен қарата шығара бастаған жаңа өнім. Қантсыз наринэ бар. Қант қосылған наринэ бар. Ал енді наринэ қайдан пайда болған? Нендей нәрсе? Десеңіз, оның мәнісі мынадай. Қатира Орынбайқызы шет елдерге шығып тұрады дедік қой. Әсіресе, Мәскеуіңізбен тығыз байланыста. Сол қалаңызда ғой, “Биотехнологиялар әлемі” дейтұғын, ылғи ізденімпаздар, ғажайып жаңашылдар, айналайын ағарғанға, адамдарға адал қызмет істемекті мақсұт тұтқандар еңбек ететін қоғам бар. Міне, наринэ – сол “Биотехнологиялар әлемінің” халықтық дәстүр мен заманауи жаңашылдықты үйлестіріп жасаған өзгешелеу өнімі. Қатира мәскеуліктерден ерінбей-жалықпай үйреніп, наринэні жерсіндіріп, өз дәстүріңіз бен өз топырағыңызға, қазақтың ағарғанына ұнастыра ұластырып жасай бастағалы бірнеше жыл бопты. Қазір жыл сайын сүтіне, айранына, қаймағына қоса Қатираларыңыз 13-15 тонна қантты наринэ, 11-12 тонна қантсыз наринэ шығарады. Сұраныс жақсы. Балалар үйлерінен. Балабақшалардан. Ауруханалардан. Жеке отбасылардан. Дүкендерден. Дәмханалардан.
“Ойбай-ау, ол, наринэ дегеніңіз, әсіресе, ауруханадан емделіп шыққандар үшін таптырмайтын тағам ғой!” – дер еді сөзіміздің бісмілласында мысалға келтірген көкеміз.
“Галениканың” сүт цехы Таразыңыздың Жұбанышев көшесіндегі екінші үйде. Төрт жүз елу шаршы метрді қамтиды. Сүт қабылдайтын бөлме. Сепараторлық бөлме. Пастеризаторлық бөлме. Салқындатқыш бөлім. Құю бөлмесі. Мұздатқыш. Өнім тарату бөлімі. Ақ желең киген, жүздері жылуарлы жандарды көресіз. Жанаткүл Қыздарбекова, Шырын Нұрланова, Раушан Сексенбаева, Зоя Сүйінбаева, Ұлбике Жиентаева. Бірі – диеталық мейірбике, екіншісі – өндіріс меңгерушісі, үшіншісі – технолог, төртіншісі-бесіншілері – тиісті салалар мамандары.
Қатираның бір кездегі сылқым-сері, сұлу мұртты, қоңырқайлау бұйра шашты, сымбатты жігіті Жұмағұл Мелдебекұлы Кенжебаев – бүгінде алпысыңызды орталап үлгерген, самайларын қырау шалған отағасы. Немерелерінің атасы. Сонда да темір көліктің тізгінінде. “ЖШС-да да директор, үйде де директор ғой бұ құрдасыңыз”, – деп, рахаттана жымияды. Қатираңыздың қаймағы бурыл тартқан мұртының жылтырауынан да байқалады. “Алайда, аяғым аздап қақсайды-ай, Жаңақорған жаққа жібермей жүр ғой айналайын Аққулиева”, – деп қояды қуланып.
Сүт цехындағы директор бөлмесінің бір қабырғасын тұп-тұтас марапат қағаздары жауып тұрыпты. Жамбыл облыстық мәслихатының Грамотасы. Қазақстан Тәуелсіздігі мерекелік медальдарының куәліктері. Әр жылдардағы “Ең үздік кәсіпкер әйел” дипломдары. “Жылдың ең үздік кәсіпкері” номинациясының дипломдары. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты. “Ерен еңбегі үшін” медалі куәлігінің көшірмесі.
Бізбен әңгімелесіп болған Қатира Орынбайқызы жұбайы Жұмағұлға жымия қарап: “Облыстағы іскер әйелдер ассоциациясының жиналысына үлгеруіміз керек”, – деді. “Міне, осы. Құрдасыңыздың қолы қоғамдық жұмыстан босамайды. Тағы да екі-үш ассоциацияның мүшесі, тіпті біреуінің төрайымы. Немерелеріне қарауға уақыт таба алмайды”, – деді Жұмекең майлы мұртын шиырып. Тізе тұсын уқалап қойып. “Жұмекеңді Жаңақорған жаққа жіберіп алыңыз”, – дейміз біз.