• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Қараша, 2010

Серіктес қала серпіні

533 рет
көрсетілді

Арайлы Астанамыздың айнала­сында орналасқан 20 елді мекен бо­лашақта елордамызға серіктес ау­ыл­дар мен қалаларға айналмақ. Осы жағдайларға байланысты Ақ­мола облысына қарасты әлгі ау­ыл­дардың әрқайсысының тұрғындар саны 2,5 есеге өсті. Жаңадан құ­ры­лып жатқан агломерациялық ай­мақ­тарда жеке тұрғын үй құрылысы кеңінен қанат жайғанымен, онда мекендейтін азаматтардың басым көпшілігі іргедегі Астана қаласында жұмыс істеуде. Сондықтан, серіктес елді мекендерді көркейту, онда за­ма­налық тұрмыстық, мәдени және өндірістік шаралар кешенін ор­нық­тыру, жаңа жұмыс орындарын ашу мемлекеттік саясаттың басым ба­ғыттары қатарында қарастырылуда. Елбасы Н. Назарбаевтың қолдауы­мен аталған мәселеге қатысты ар­найы бағдарлама қабылданбақ. Ол 2011-2013 жылдарды қамтиды. Осыған сәйкес жаңадан 6 мектеп, 7 балалар бақшасы, басқа да әлеу­меттік-өнеркәсіптік нысандар бой көтеріп, 8520 шақырымдық электр­­мен қамту желілері, коммуналдық инфрақұрылымдар қатарға қосы­ла­ды. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының көлемі де белгілі. Қа­­зір­дің өзінде бұл бағытта қомақты жұмыстар атқарылып, игілік өрісі кеңеюде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үс­­тіміздегі жылдың 5 тамызында жұ­мыс сапарымен Целиноград ау­да­нының жаңа әкімшілік орталығы Ақмол ауылында болып, оны заман талабына сай дамыту жөнінде бір­қатар тапсырмалар берген болатын. Бірінші кезекте аудан орталығын су және электр қуатымен қамтамасыз ету, жол құрылысы, абаттандыру мен көгалдандыру, санитарлық тазалық мәселелеріне көңіл бөлу қажеттілігі айтылды. Республи­ка­лық бюджет Ақмолды абаттандыру мақсатына 118,7 миллион теңге бөлсе, облыстық бюджеттің үлесі 31,3 миллион теңге болып отыр. Бұл жергілікті тұрғындардың жыл­дар бойғы үміт-тілегі еді. Ел жү­ре­гін желпінткен қамқорлық пен қол­дау шаралары өз қайтарымын бе­руде. Оны кеше Ақмола облысы­ның әкімі Сергей Дьяченко бұқа­ра­лық ақпарат құралдарын Ақмол ауылына бастап келіп, Президент тапсыр­масының орындалу бары­сы­­мен таныстырғанда айқын байқадық. Биылғы 1 қазанда, белгіленген мерзімінен бір ай бұрын Ақмол тұрғындары тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Қа­зір мұнда тәулігіне 1,5 мың текше метр су келіп тұрады. Бұған дейін ол 700 текше метр көлемінде бо­лып, әр аулаға кезегімен боса­ты­латын. Көшеде кездескен ардагер ұстаз Людмила Шишконы сөзге тартқанымызда ол су тапшылығы 1990 жылдары басталғанын, әсіре­се, өткен жаз айларында суды дү­кен­нен сатып алуға мәжбүр бол­ға­нын айта келіп, төртінші қабаттағы үйіне шақырды. Жуырда жөндеуден өткізілген көп қабатты 12 үй сияқ­ты, Людмила апайымыздың жылы пәтерінде де су молынан ағып тұр. Жалпы, “Жол картасы” бағдар­ла­масы аясында Ақмол ауылының су жүйелерін күрделі жөндеуге 120 миллион теңге бөлініп, ол түгел игерілді. Сондай-ақ, құбырлар, су жиынтығы мен тарату жүйелері дезинфекциядан өткізіліп, жоғары қысыммен сыналған. Төрт сорғы бе­кеті жөнделіп, тағы біреуі жаңа­дан орнатылды. Іргелес Оразақ ауы­лы тұсындағы 3,5 шақырымдық ма­гистральдық су құбыры жаңар­ты­лыпты. Өңір басшысы Сергей Дьяченко журналистерге 6 тамыздан бастап бюджеттен тыс қаржылар есебінен 40 көшеге шамдар орнатылғанын, 7,5 мың шаршыметрлік аулааралық жолдар жөнделгенін, Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға ескерт­кіш пен орталық алаң, АЛЖИР лагерінде зардап шеккендер кешені аббаттандырылып, көгалдандырыл­ға­нын, орталық саяжолда 6 бил­борд пен 2 баннер орнатылғанын, қазан­­дық күрделі жөндеуден өткі­зіл­генін жеткізді. Облыс және ау­дан әкім­де­рінің айтуынан, Ақмол­дың бола­шағы жарқын екеніне көзіміз жетті. Елбасы тапсырма­сы­на сәйкес 250 орындық аурухана, ем­хана, жаңа орталық қазандық салу жоспар­лан­ған. Сондай-ақ, 33 ша­қы­рымдық су құбырлары тарты­лып, 60 орындық қоғамдық монша және спорттық-сау­ықтыру кешені пайдалануға қосылады. Бұл жұ­мыстарды атқару үшін алдағы үш жылда 12 миллиард 410 миллион теңге қаржы босату көзделген. Жаңа нысандар демекші, Ақ­мол­да биыл әлемдік талаптар дең­гей­­індегі аудандық сот, проку­ра­ту­ра, “Қазақтелеком” АҚ ғимаратта­ры қатарға қосылса, бүгін 320 ор­ын­дық “Жұлдыз” балалар бақшасы сал­танатты жағдайда ашылды. Мем­­лекеттік “Балапан” бағдар­ла­масы шеңберіндегі бұл балабақша аудан орталығы тұрғындарының сұраны­мын толық қамтамасыз етеді. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы,  Целиноград ауданы. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.