Баспасөз-2011
Жуықта баспасөзге жазылу барысын байқау үшін Шығыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында болып қайттық. Алдымен атбасын тірегеніміз Зайсан ауданы болды.
Зайсандағы жайсаң іс
Еліміздің шығыстағы қақпасы атанған аудан халқының тұрмыс-тіршілігі жақсы. Аудан Қытаймен арадағы “Майқапшағай” халықаралық кеден жолының бойында орналасқандықтан, мұнда сауда саласы жақсы дамып келеді. Зайсан қаласында жаңадан бірнеше үлкен-үлкен сауда дүкендері, қонақ үйлер, кафе-ресторандар ашылып, жұмыс істеп тұр. Онымен қоса осыдан бірнеше жыл бұрын Кендірлік көмір кені ашылған болатын. Қазір осы кеніштен алынған көмір Зайсан ауданының өзіне жетіп артылады.
Жалпы, ел тәуелсіздігінің жақсы жетістіктері мен жарқын болашағын осы ауданның бет-бейнесінен айқын аңғардық. Мұнда көмірмен қоса мұнай мен газдың, халық коңыр көмір деп атайтын сланецтің үлкен қоры табылған. Алдағы екі-үш жылдың барысында осының барлығы өндіріле бастамақ.
Ауданды осының алдында Қатонқарағай ауданында табысты жұмыс істеп, көзге түскен Зайсанның өз түлегі Серік Зайнулдин басқарып отыр. Серік Зинабекұлының мұнда әкім қызметіне тағайындалғанына көп өте қоймапты. Бірақ соған қарамастан, үлкен шаруаларды қолға алып жатқандығы бірден сезіледі. Үкіметпен, облыс басшылығымен ақылдаса отырып, ауданның қарқынды даму бағыттарын айқындап, Елбасының саясатын жергілікті жерде жүзеге асыру үшін құлшына еңбек етіп жатқандығы әрбір істен айқын аңғарылып тұрды.
– Жуықта ғана ауданымызда облыс басшысы Бердібек Сапарбаев болып, ауданның тыныс-тіршілігімен жете танысып, алдағы атқарылатын үлкен шаруаларды жобалап кетті. Жалпы ауданымызға Елбасының, Үкіметтің, облыс басшылығының көмегі үлкен болып отыр. Өткен қыстағы тасқынға ұрынып, көп зардап шеккен Тасбастау ауылы қысқа мерзімнің ішінде осындай көмектің нәтижесінде қайтадан салынды, – деді бізбен әңгімесінде аудан әкімі.
Ауданның біраз ауылдарында, мектептерінде болып, баспасөзге жазылу жағдайымен таныстық. Солардың бірі Кеңсай ауылындағы орта мектепте 210 шәкірт білім алуда екен. Оларға 30 мұғалім сабақ береді. 20 мұғалім “Егемен Қазақстан” газетіне, 20 мұғалім облыстық “Дидар” газетіне, сондай-ақ ұстаздардың барлығы түгелге жуық аудандық “Достық” газетіне жазылыпты. Мектеп директоры Ринат Тауасаров баспасөзге жазылуда аудан басшылығы тарапынан өздеріне көмек-қолдаудың бар екендігін, осы іске мөлшерлі қаржы бөлінетіндігін айта кетті.
Осында өткен кездесуде сөз алған Кеңсай ауылының әкімі Жетпісбай Абдрахманов, орыс тілі пәнінің мұғалімі Бауыржан Шабалов және басқалар Елбасының саясатын халыққа жеткізудегі “Егемен Қазақстан” газетінің рөлін ерекше атап көрсетті. “Әлемге әйгілі” деген айдармен берілетін танымдық мақалаларды және елдің тұрмыс-тіршілігінен хабардар ететін экономикалық тақырыптағы мақалаларды, спорт жаңалықтарын сүйсіне оқитындықтарын жеткізді.
Мұнан кейін Қарабұлақ ауылындағы Абай атындағы орта мектепте болдық. Мектеп директоры, аудандағы білім беру ісін ұйымдастырудағы белді мамандардың бірі Гүлнәр Ахтанова бастаған мұғалімдер ұжымы мектепті дамыту мәселесінде көп істер тындыруда.
– Аудан басшылығы мектеп мәселесіне үлкен көңіл бөледі. Былтырғы жылы “Жол картасының” аясында мектебімізге 2,9 миллион теңге қаражат бөлініп, оған мектеп едені мен терезелерін ауыстырдық. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Қазірдің өзінде қажетті көмірдің жартысын түсіріп алдық. Қосалқы шаруашылық жұмыс істеп тұр. Онда өндірілген түрлі азық-түлік өнімдері мектеп оқушыларына ыстық тамақ беруге жұмсалады. Осы іске биыл мемлекет тарапынан да едәуір қаржы бөлінді, биыл 204 оқушы осы қаржыға, тағы 30 оқушы мектептің өз есебінен ыстық тамақпен қамтылатын болды, – деді мектеп директоры. Осындағы кездесу барысында сөз алған ауылдағы өнер ұйытқысы Бағдолда Тұрғанбаев, мектеп мұғалімдері Гүлжанат Молдашева, Айбек Бақытұлы және басқалар “Егемен Қазақстан” газеті туралы өздерінің жағымды пікірлерін білдіріп, оған белсене жазылатындықтарын айтты.
Осындай басқосуларда аудан әкімінің орынбасары Қазыбек Биқадамов, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрбек Бейсенов бізбен бірге болып, ұстаздар алдында ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы, Елбасының денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы жүргізіліп жатқан саясаты туралы, оның жергілікті жерде орындалу барысы туралы айтып, әрбір кездесудің өзін үгіт-насихаттық мағынада өте тиімді пайдаланып отырды.
Ауданнан көрген тағы бір өнегелі ісіміз ауданмен бірге жасасып келе жатқан жергілікті басылым “Достық” газетінің 80 жылдығының лайықты түрде аталып өтілуі болды. Осы оқиғаға орай аудан басшылығының және оқырмандардың қатысуымен аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара ұйымдастырылып, онда осы газетте және оның қасындағы баспаханада ұзақ жылдар қызмет атқарған еңбек ардагерлері лайықты марапаттарға ие болды.
Қасым аға еліне келді
Биылғы қоңыр күз Кенді Алтай жұртшылығына жайлы тиіп тұр. Ауа-райының жайма-шуақ мінез танытуы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің оң жамбасынан келгендей. Облыс бойынша астық, жем-шөптің мол қоры жасалды. Ұлан ауданы үстіміздегі жылдың тоғыз айында 8 миллиард 486 миллион теңгенің жалпы өнімін шығарды. Аудандағы 1160 ауыл шаруашылығы құрылымдары да ет, сүт өндіруде тамаша көрсеткіштерге қол жеткізді. 43860 тонна астық орып, картоп, көкөніс жинау жөніндегі тапсырмаларын да асыра орындаған ұландықтар қазір қыс маусымына әзірленуде. Осы деректер жайлы цифрларды көлденең тартқан Ұлан ауданының әкімі Жомарт Хайдарұлы Мұратов аудан активі мен тұрғындардың қазақ баспасөзінің қарашаңырағы “Егемен Қазақстан”, облыстық “Дидар” және аудандық “Ұлан таңы” газеттеріне белсенділікпен жазылып жатқаны жайлы айта кетті.
Биыл ауданда жаңадан бес жүзге тарта жұмыс орны ашылған. Әсіресе, мал тұқымын асылдандыруда мұнда көп істер тындырылып жатыр. Аудандық ауыл шаруашылығы, ветеринария бөлімінің бастығы Амангелді Серғазин мынадай деректерді келтірді. Қазіргі таңда ауданда 21 асыл тұқымды шаруашылық бар көрінеді. Тек биыл асыл тұқымды шаруашылық деген атқа бес құрылым ие болыпты. Қазақтың қызыл қасқа, асыл тұқымды “Жебе” жылқысының саны алты мыңға таяпты. Сонымен бірге, омарта шаруашылығы да дамып келеді.
– Күні кеше аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Онда мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға байланысты бірқатар маңызды мәселелер талқыға салынды, – дейді аудан әкімі Жомарт Хайдарұлы. – Жерлесіміз, даңқты партизан жазушы Қасым Қайсеновтің есімі Ұлан ауданының орталығы Молодежное кентіне берілді. Сөйтіп, Батыр ағамыз арамызға оралғандай әсердеміз. Өскемендегі Қасым ағаның бюстін Таврия ауылына көшіріп, бұрынғы жерінен үлкен ескерткіш ашсақ жөн болар дегенді айтады жерлестері. Таврияның Октябрь көшесіне Қасым ағаның, ал Советская көшесіне Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың есімі берілді.
Аудан әкімі, жас та іскер басшы Жомарт Хайдарұлының тоз-тозы шығып, берекесі кете бастаған шағын ауылдарды назарына алып, оларға көмек беріп жатқанынан хабардармыз. Бозымбай, Манат, басқа да ауылдарда жұмыс орындарын ашып жатыр. Шағын және орта кәсіпкерлік те алға жылжып келеді.
Мергүл Құсайынова – Аблакетка ауылдық округінің әкімі. Ауылдық округте өткізілген жиында ауыл әкімі округ бойынша тұрғындардың газетке қызу жазылып жатқанын айта кетті. Газеттің байырғы оқырманы, беделді азамат Ерқайрат Сейітқамзин газетте алдағы уақытта ауыл адамдары, спорт жайлы жиірек жазылса деген тілек білдірді. Ал Бозамбай ауылдық округінің әкімі Айдар Сембаев келер жылға 65 отбасының “Егеменге” жазылып қойғаны жайлы деректер келтірді. Спорт шебері, кезінде самбо күресінен облыс құрамасының мүшесі болған Айдар ініміз ұлттық ойындар жайлы және Алматы мен Астанада өтетін Азиададан толымды мақалалар берілуі жайында өтінді. Ұлан ауданындағы оқырмандармен кездесу ойдағыдай өтіп, талай сауалдарға жауап қайтарылды. Келер жылға ұландықтар “Егемен Қазақстанның” 500 данасын жаздырып алмақ. Бұл өткен жылға қарағанда жүз данаға артық.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Шығыс Қазақстан облысы.