• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Қараша, 2010

Бюджет кірісі көбеймей, жұмыссыздық азаймайды

639 рет
көрсетілді

Қазақ тарихының қалың ізі қалған Отырар алқабында қызу жұмыстар қолға алынып жа­тыр. Суармалы жерлер игерілу үшін арналардың табанын тазалап, су сорғылар сатып алу әре­кеттері жасалуда. Аудан әкімі Бейбіт Сыздықов өзі де тыным алмайтын, өзгеге де тыным бермейтін жан. Отырарды жүгерінің отанына айналдырсам деген аппақ арманы бар. Ауданның жері тұзды, шөлейт болып келеді. Дәнді дақыл­дардан мол өнім алу үшін суармалы жерлерді игеру, тамшылатып суару жұмыстарын бір ізге қою керек. Ал, ол айтуға ғана оңай. Қазір аудан әкімін зәуіде болмаса орнынан таппайсыз. Тұз татыған сордың ындынын басып, жантақты далаға ағыл-тегілі су шығарған әкім мәшинесі салдырлап қырман басында жүреді. Ауыл әкімдері таң қалады. “Ойламаған жерден таң азанымен сыдыртып келіп қалады, енді осымен болған шығар десең түстен кейін жаңа тапсыр­маларын тағы да нықтап кетеді” деп. Өйтпесе, жұмыс жүре ме?! Отырарға барған сапарда Бейбіт Сыз­ды­ҚовҚа жолығып, атқарылып жатқан жұмыс­тардың жай-күйін білдік. – Ауданның әлеуметтік экономикалық жағ­дай­ы­на талдау жасау арқылы өзекті деген мәсе­ле­­­лерді шешу жолдарын нақтылау және аудан экономикасының нақты секторын, өнеркәсіп жә­не ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін дамыту бағдарламаның негізгі мақсатына айналды. Сол арқылы суармалы жерлерді игеруге халықтың әл-ауқатын арттырудың негізі ретінде қарадық. Өйткені ауданда ауыл шаруашылығы мақсатын­да­ғы жерлер 762556 гектар болса, жайлымдық жер­лер 715717, егіндік суармалы жерлер 30430 гектар еді. Осы егіншілік саласындағы шешімін таппай қордаланып қалған өзекті мәселелерді шешуді мамандар­мен, тұрғын­дармен ақылдаса отырып, өз бағыт-бағдарымызды айқындай түстік. Бұл салада айтылған ұсыныс-пікірлер ескерусіз қал­мады. Мәселен бұрынғы жүгерішілер бригада­сы­ның бригадирі, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ор­дендерінің иегері, ауданның құрметті азаматы Бекен Төребековтің “Осы жү­геріге күллі өмірімді арнағанмын. Не қиын­шы­лық­тарды да көрдік. Дегенмен “Краснодар-149” атты жүгерінің сор­тынан жұрт 15-20 центнерге жете алмай жүргенде алғашқыда 46, кейіннен 70 цент­нерден өнім алдық. Ол кезде жүгері зауыты күні-түні істеп тұратын. Диқандар өнімім өтпей қа­лады-ау деп уайымдамайтын. Сондықтан ең бі­рі­­н­ші зауыт салып алу керек. Ертеңгі өнімнің тағ­ды­рына сенбесе ешқандай диқан тәуекелге бара қой­майды”, деген сөзі біздерге үлкен ой салған еді. Қазіргі таңда “Контекс” ЖШС-нің 3 қойма­сын жалға алып, жөндеп, жүгері сақтауды ұйым­дас­тырдық. 2010 жылы шаруаларды қолдау мақса­тында 15 мың тонналық 3 қойманы коммуналдық меншікке жалға алып, шаруаның қолындағы жүгеріні кім-көрінгенге арзан бағамен саттырмау үшін 19-20 теңгеден сатып алып, сақтап қойдық. “Максимум” аумақтық инвестициялық орталы­ғынан несие алып, кептіру цехын іске қостық. Осындай жұмыстардың арқасында шаруаның көңіл-күйін көтеріп, әл-ауқатын жақсарту мақсатында жұмыстар жүгізілуде. Бұл нысандарды жөндеу жұмыстарына “Макси­мум” аумақтық инвестициялық орта­лығынан 50 млн. теңге қаражат бөлінді. Жүгеріні сұрыптап, кептіріп өңдейтін зауытта бүгінгі таңда 100-ден аса жұмысшы еңбек етуде. – Жүгері – еккен жұрттың бүйірін шығаратын дақылдардың бірі. Сөз ыңғайыңызға қарағанда оты­рар­лықтар ауыл шаруашылығын көтерудің ал­ғы­­шар­ты ретінде осы дақылды қолай көретін секілді. – Оныңыз рас. Соңғы жылдарда жұртшылық “дала аруы” деп атап кеткен жүгері дақылын егуге үлкен бетбұрыстар жасалуда. Жасыратыны жоқ, кезінде ауданымыз жүгері егісінің көлемін 22 мың гектарға дейін жеткізіп, орта есеппен гектарына 65-70 центнерге дейін өнім алып, аудан есімі респуб­ли­каның “Құрмет кітабына” да енген. Тіпті, 1981-1983 жылдары Бүкілодақтық жарыста ауданымыз жеңімпаз да атанған. Кейінгі жылдары түрлі жағдай­ларға байланысты саябырсыңқырап қалған жүгері дақылын қайта қолға алып жатуымыздың бірнеше себептері бар. Бір өзінен 17 түрлі өнім алынатын жүгерінің пайдасы түсінген жанға көл-көсір. Жүгері мал азығы үшін дайындалатын ең құнар­лы, күшті дақылдардың бірегейі. Ол әсіресе, мал бордақылауда, құс шаруашылығын дамытуда таптыр­майтын жем. Оның бойында 65-70 пайыз көмірсутек, 7-12 пайыз ақуыз, 3-6 пайыз май бар. Биолог-зоо­лог­­­тардың айтуына қарағанда құс жемінің 65-70 пайызы жүгеріден тұрмаса оның жұмыртқасы да, еті де сапасыз болатын көрінеді. Міне, жүгерінің құнды қа­сиеттерін ескере отырып, алдымызға нақты мақ­сат­­­тар қою арқылы бірқатар жұмыстарды қолға алдық. Алғашқы кезекте ұсақталып кеткен агроқұры­лымдарды ірілендіруге күш салдық. Мәселен, өткен жылы 987 ұсақ шаруашылықты 18 агро­құрылымға біріктірсек, биыл 797 шаруашылықты 13 агроқұры­лым­ға ірілендірдік. Ірілендірудің негізгі мақсаты – жер айдаудан бастап жанар-жағармай, тыңайтқыш, суб­си­­дия, су, өнімді жинап алу мен сатуға дейінгі жұ­мыстарды орталықтандырылған жүйемен жұмыс жүргізу. – Өзіңіз айтқандай, жүгері суды сүйеді. Одан мол өнім алу үшін суармалы жерлерді түгендеп, арналарды ретке келтіру керек болар. Бұл бағытта қандай шаруалар атқарып жатырсыздар? – Жүгері дақылынан мол өнім алудың бір ұшы суландыру жүйесінде жатыр. Аудан бойынша 30430 га суармалы жерді суаруға қажетті ұзындығы 506,5 км. 77 арна болған. Соның ішінде біз ең қажеттісі деп ұзын­­дығы 400,7 км. 66 арнаны ком­му­налдық мен­шік­­ке алып бюджет есебінен 650,0 млн. теңгеге жуық қаражат бөлгізіп жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілді. 40 сор­ғы қондырғысы ор­на­тылды. Ұзындығы 71,5 ша­қы­рым арна тазаланып, 37 тоспа салынды. Бүгінде су­ар­малы жерлерді тү­ген­деу бойынша 30430 га жердің 19597 гектары пайдаланбай жатқаны анықталды. Негізінде суармалы жердің игерілмеуінің басты себебі жер асты ыза суларының деңгейі тым жоғары болуы­нан (мәселен барлық суармалы 30430 гектар жердің шамалы тұзданғаны 9896,1 – 34 пайыз, орта тұзданғаны 4955,4 – 17 пайыз, күшті тұздан­ғаны 3419 – 8 пайыз, өте күшті тұзданғаны 3285,2 – 11 пай­ызды құрап отыр) және ағын судың жетіспеуінен, су арналарының жарамсыздығынан, жерді игеруге қажетті техникалар мен су сорғыла­рының тапшылығынан, шаруалардың айналым қаража­тының болмауынан орын алып отыр. Соның нәтижесінде аудандағы 30430 га суармалы жердің 2009 жылы 30 пайызы игерілсе, жоғары­дағы аталған проблемаларды шешу арқылы егіс көлемін 70-80 пайызға жеткізіп, 2015 жылы 24 мың гектар жерді игеру межеленуде. Бұл дегеніміз қосымша 1500 жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Әрине ауыл шаруашылығы техникаларынсыз шаруаның тірлігі алға баспайды. Ауыл диқан­да­ры­ның тех­ни­каларынан 30-40 пайызының тозығы жеткен­дігін ескеріп, аудан­нан өткен жылы шаруаларды қолдау мақсатында “Отырар” сервистік дайындау орталығын аштық. Ондағы мақсатымыз ұсақ ша­руа қожалықтарды бі­ріктіріп, іріленген агроқұ­ры­лымға айналдыру. Екін­шіден іріленген агро­құ­рылымдарға несие көздерін қарастырып, оларды жанар-жағармай, тұқым, тыңайт­қыш, гербицидтер­мен қамтамасыз ету. Үшіншіден жер айдау, егу, тасымалдау, тағы да басқа агротехни­калық қыз­меттер көрсету. Төртін­шіден өнімдерін біріккен агроқұрылымда­ры­мен бірге сату көздерін, сақтау көздерін іздестіру. Бесіншіден консалтингтік, маркетингтік және заңгерлік қызметтер көрсету болды. Осы қыз­меттерді көрсету мақсатында 2009 жылы алғаш­­­қыда 17 млн. теңге қаржы көзін тауып, 64 шаруа қожалығы қаржыланды. Сондай-ақ, әлемдік өлшеммен өнім алу үшін АҚШ-тағы ең озық ауыл шаруашылығы техникаларын шы­ғаратын “Джон-Дир” компаниясы мен “Оңтүстік” қаржы компа­ния­сы” акционерлік қоғамы арқылы 7 жылға лизингтік жолмен техникалар алуға келісім-шарт­­қа қол жеткіздік.2009 жылы “Оңтүс­тік” ӘКК ар­қылы 42 млн. теңгеге әртүрлі 12 тех­ника алсақ, биыл 298 млн. теңгеден аса қаржыға 24 түрлі жаңа техника алдық. Сон­дай-ақ, “Агро­финанс” АҚ арқылы аудан диқан­дарына жоға­рыда айтылған лизингтік жолмен 340,1 млн. теңгеге техникалар алу көзделуде. – Оңтүстікке келген сапарында Елбасымыз “Жұмыс істеген адам кедей болмайды. Орта және шағын кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерге Үкімет тарапынан арнаулы бағдарламалар қабылданды. Пайызы төмен несиелер беріліп жатыр” деді. Үкі­меттік көмекті тиімді пайдаланып отырсыздар ма? – Әрине, мұның бәрі Елбасымыз бен Үкіме­тіміздің ерекше қамқорлығы мен қолдаудың арқа­сында жүзеге асып отырған шаруалар. Бұдан бөлек шаруаларға сапалы тұқым алу мәселесін де оңтайлы шеше алдық. Мәселен, биыл Алматы облысындағы “Будан” өндірістік кооперативінен 86 тонна “ЗПСК-704” жүгері тұқымын 259 тең­геден ауданға әкеліп, оны шаруалар жеңілдікпен тиісті құжаттарын дайындап 105 теңгеден қай­тарыммен алды. Сонымен қатар аудан шаруалары 23 тонна жоңышқа тұқымын және ұрықтық мақта шитін егіп, бүгінгі таңда еккен өнімдерін жинап алуда. Жеңілдетілген жанармай мәселесі де толық өз шешімін тапқан. Отырар ауданы бұрын тек мал, егін шаруа­шы­лығына иек артып келсе, қазіргі кезеңде аудан кө­ле­міндегі ыстық су ұңғымаларын пайдалана отырып, жы­лыжай шаруашылығын және емдеу, демалу орын­дарын дамытуды қолға алып жатырмыз. Ауданы­мыз­дағы 8 елді мекенде ыстық су көздері бар. Сол табиғи байлықты тиімді пайдалана отырып, оған кәсіп­кер­лердің назарын аударып жаңа жұмыс көздерін ашуды жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыстар атқарудамыз. Кәсіпкерлерге түрлі қаржы институттары арқылы жеңілдетілген несиелер алып беру үшін біраз істі қолға алдық. Мысалы, “Ырыс” МКО арқылы өткен жылы 61 азаматқа 59,0 млн. теңге несие алынса, 2010 жылдың 6 айында 102 азаматқа 88,3 млн. теңгеге жоба өткізілді, 39 азаматқа 32,0 млн. теңге несие алу­ға көмек беріліп отыр. Сондай-ақ, “Максимум” ҚО-ға 3 инвестициялық жоба өткізіліп, 77,0 млн. теңгеге қаражат алынып, ол кө­кө­­ніс өңдеу, ет, қымыран цехтарына берілді. Сонымен қатар “Оңтүстік” қаржы компа­ния­сы­нан 14 СТК-ға ауыл шаруашылығы өнімін өнді­руге 43,0 млн. теңге, “Казмикрофинанс” МКО-дан 6,9 млн. теңге, “Арнұр-Кредит” МКО-дан 9,3 млн. теңгеге несиелер алынып берілді. Сондай-ақ, суармалы жерді игеру мақсатында арналарды жөндеуге, су сорғыларын алуға облыстық бюджеттен 2009 жылы 546,0 млн., 2010 жылы 700 млн. теңге қаражат бөлінді. Суармалы жерді игеру алдағы уақытта 8 мың гектардан 15,0 мың гектарға жеткізіледі. Әсіресе жүгері дақылын егу қолға алынуда. 2009 жылы 1,5 мың га болса, 2010 жылы 5 мың гектарға жеткіздік.2011 жылға 800 млн. теңге қаралып отыр, ол өз кезінде егіс көлемін ұлғайтуға мол мүмкіндік береді. Биылғы жылы аудандағы ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 1246,8 млн. тең­гені құрап отыр. Соның нәтижесінде әртарап­тан­ды­рылған егіс көлемін 16293 гектарға жеткіздік. Оның жоғарыда аталған 5 мың гектарға жуығына жүгері дақылы егілді.Қазір жүгерінің әр гектарынан 71,5 центнерден өнім алынуда.Оған 121-ден астам техника қатысуда. Тамшылатып суару әдісін енгізуде де өңірімізде бірқатар жұмыс­тар жасалды. Бұл ба­ғыт­та бүгінгі таңда 750 га жерге арнайы қондырғылар ор­нату жоспарланып отыр. Әңгіменің басында жү­герінің қасиеті мен пайдасы жөнінде аздап тоқталған болатынмын. Дәл қазіргі уақытта отырарлық диқандар дақылды ұйымшылдықпен төкпей шашпай жинап алудың қамына шындап кіріскен. – Пайда түсетін жерлерде майлы қасықтай жылпылдап делдалдар пайда бола кетуші еді. Шаруалар бұл проблемадан қалай қорғалған. Темір стансасында жүгері сақтайтын қойманы көріп едік. Тағы да қоймалар бар шығар? – Әрине бар. Ауданымыздағы өзіміз ұйымдас­тырған қоймаларға шаруалардан жүгеріні собық­тай 19 теңгеден қабылдауда. Алайда, кейбір пысы­қай алыпсатарлар жүгері бағасын төмен­детуге мүдделілік танытып, диқандардың ала жаздай еткен еңбек несібесіне көз алартып жатқан жайы бар. Біз алайда, ондай келеңсіздікке жол бермей шаруалардың өз өні­мін лайықты бағаға сатуына, ешкімге жем болмауына бар күш-жігерімізді са­лып жатырмыз. Жасыратыны жоқ, кезінде Қы­зыл­құм ауданында дәндік жүгеріні өндіруді арттыру жөніндегі қаулы қабылдаған кезде “шөл далаға жүгері өсуші ме еді?”, деп оған күдік­те­не қарау­шылар көп болған екен. Алайда, өмір өзі дә­лел­де­гендей, отырарлық диқандар сыннан сүрін­бей өтіп, 1984 жылы Бүкілодақтық ауыспалы Қызыл туды жеңіп алған болатын. Сол кезеңдерде еңбек майданында жарқырай көрінген Социалис­­тік Еңбек Ері Қожамұрат Нарымбетов, Қызбала Жақсылықова, Бекен Төребеков, Ұнакүл Қанаева, Роза Есенәлиева, Әсілхан Әуелбеков, Мырзалы Жүсіпәлиев сынды аға-әпкелеріміз ауданымыздың абыройы жолында жан­қиярлықпен тер төгіп алдыңғы шептен көріне білді. Әрине одан бері де ширек ғасырдан астам уа­қыт өтіпті. Көптеген өзгерістер, қиыншылықтар бол­ды. Еліміз өз тәуелсіздігін алып, көк байра­ғы­мызды көк­ке шалқытып, егеменді ел атандық. Талай қиын­шы­лық­тарды артқа тастаған еліміз дамудың жаңа кезе­ңі­не аяқ басты. Заман өзгерді. Соған байланысты көз­қарастар да өзгеріп әлгіндей қиын уақыттарда қожырап қалған жүгері өндірісін қайта қалпына келтіру жолында аянбай тер төгіп жатырмыз. Кезінде аудан даңқын аспандатқан жү­гері дақылын ауданның “брендіне” айнал­ды­руды алдымызға үлкен мақсат етіп қойып отырмыз. Келешекте Отырарды жүгерінің отанына айнал­дыр­сақ деген ізгі ниетіміз бар. Жоғарыда жүгерінің қа­сиеті, маңыздылығы жөнінде тілге тиек еттік. 2012 жы­­лы ауданымызда жүгері дақы­лын егуді 15 мың гек­тарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұған аудан ша­руа­ларының тәжірибесі де, мүмкіндігі де толық жетеді. Ау­дан­дағы суармалы жерлерді толық игерсек 20 мың­нан аса адам жұмыспен қамтылмақ. Сөз ора­йы кел­генде өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласы өсіп-өркендеуіне шынайы қолдау көрсетіп, әрдайым қамқор пейілін білдіріп келе жатқан облыс әкімі Ас­­­қар Мыр­захметовке отырарлықтардың айтар алғысы шексіз. Негізінде біз жүгері дақылының көлемін ғы­лыми негіздерге сүйене отырып арттыруды көздеп отыр­мыз. Сол арқылы мал азығын шешіп, ауыл­дағы жұ­мыс­сыздық мәселесін барынша төмендетуді басты на­зарға алдық. Әрине диқандармен ақ­ыл­даса, ынты­мақтаса тізе қосып сауатты жұмыстар жүргізу арқылы аудан экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын арттыру Елбасымыз алға қойып отырған негізгі мін­дет­терінің бірі екендігін айқын сезінетін аудан жұрт­­шылығы әлі де көптеген істерді қолға алып, жүзеге асыра бермек. Өңірімізде көп жылдардан бері шеші­мін таппаған ағын су, ауыз су проблемалары өз ше­ші­мін тапса, ауыл диқандарына кезең-кезеңімен заманауи ауыл шаруашылығы техникалары алынып берілуде. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы.