• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2010

“Самұрық-Қазына”: Даму институттары

513 рет
көрсетілді

Отандық бизнес өркендейді, экономиканың жаңа тынысы ашылады Жақында Алматыдан Кеген­ге кетіп бара жатқан жол үстін­де, Ша­рын өзенінің шатқалды сая­сын­да аялдағанбыз. Өзеннің жо­ғар­ғы жағында Мойнақ гидро-электр стансасының құ­ры­лысы қолға алынып жатқа­нын білеміз. Ал мына шоқы-шоқы таулардың арасында, соған жалғас ен далада, сай-салада қаншама халық, қан­ша­ма ауыл тіршілік етіп, өмір ты­нысын өрістетуде. Кешінде Ке­ген­де тойда болғанбыз. “Ақ ниет” де­ген аты да, заты да жақ­сы тойхана екен. Тек үлкен люс­тралардан түс­кен жарық көмес­кілеу. Жарықты жарқыратып төгуге электр қуаты жетпейді екен. Жергілікті азамат­тар: “Құ­дай қаласа, Мойнақ ГЭС-і іске қосылса, көзіміз сонда ашы­лады” деп жымия күлімсіреп қоя­­­ды. Иә, Қазақстан Даму Банкі­нің бір ғана Мойнақ ГЭС-і Нарын­қол, Кеген, Шелек және басқа­ларын қамтыған жобасы осы­лай­ша тұтас бір өңірдегі қанша­ма мыңдаған адамдардың үміт оттарын мазда­тып отыр дес­еңізші! “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қорының басты даму инс­титуты саналатын Қазақстан Даму Банкінің тағы бір игілікті ісі – “Шымбұлақ” тау шаңғысы курор­тын кешенді дамыту жо­басы бой­ынша атқарылып жатқан ұлан-ғайыр жұмыстарды да алдағы Азиа­даға дайындықты жазу мақса­тының аясында осы таяуда ғана өз көзімізбен көріп қайтқанбыз. Шым­бұлақ келбеті де танымастай өз­геруде. Банктің нақ осындай не­ғұрлым мәнді жобалары қатарында Ақтау теңіз айлағын кеңейтуді, Павлодар облысында хлор-сілтілі өндіріс ұйымдастыруды, Тараз ме­таллургия зауытының жаңала­ну­­ын, Қызылорда облысы мен Орал­дағы ГТЭС құрылыстарын, сон­дай-ақ экономикамыз үшін стра­те­гиялық маңызы зор басқа да жо­баларды атап айтуға болады. Мысалға алар болсақ, ҚДБ ин­вестициясының қатысуымен 2009 жылы бес жаңа нысан қатарға қосылды. Осы ретте өні­мін Түркия және Иран сияқты елдерге экс­порттайтын Ақтау ме­талл прокаты зауытында жы­лына 160 мың тонна прокат өндірілуде. Келешекте өн­діріс көлемі 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылмақшы. Екінші жоба – Алматы облысындағы балық өнім­­дерін өңдеу зауыты да тек өңірді ғана емес, барлық көр­шілес об­лыс­тарды да қажетті тамақ өнім­де­рімен қамтамасыз етумен бірге, өнімді шетелге шығаруды жоспар­лауда. Осы облыстағы өндірістік кешен түрлі сусындар мен шы­рын­дар, шай шығарумен айналы­суда. Бұл жобада Елбасы әркез на­зарда ұстайтын энергия үнемдеу жайы да мұқият ескерілген. Ал, Астанада жүзеге асқан тағы бір жоба бойынша өмірге келген кәсіпорын тозған көлік дөңге­лек­терінен резеңке қиқымдарын жа­сап, шет елдерге экспорттап жа­тыр. Ақтөбе қаласында темір-бе­­тон бұйымдары зауытының негі­зінде қуаттылығына сай жы­лы­на 170 мың текше метр сапа­лы бетон өндіру жолға қойылды. Бұларға қоса, 2010 жылдың ба­сы­нан бері Банк қаржылан­ды­рылуын мақұл­да­ған 4 жаңа инвестициялық жо­ба­ның ішінде құны 1 миллион дол­лар тұратын Атырау мұнай өң­деу зауытын жаңалау жөніндегі стра­тегиялық жоба өзінің ау­қым­дылығымен көзге түсіп, жұртты сүйсіндіруде дей алсақ керек. Қайта өңдеу өнеркәсібі бой­ынша Оңтүстік Қазақстан облы­сын­да ғана 5 жоба қаржылан­ды­рыл­ды. Солардың ішінде “Юте­кс” АҚ жылына 4 мың тон­на жіп иі­реді, 720 мың дана төсе­ніш жаб­дық­тарын шығарады. “Меланж” АҚ 5,2 млн. метр мақ­та жібі мен 1800 тонна тоқы­ма бұйымын өн­ді­реді. “Фараб” комбинаты” ЖШС жыл сайын 540 мың тон­на­ға дейін медици­налық, мақта һәм гигиеналық өнімдерін шығарады. Ал енді “SDTC Group” ЖШС жо­басын пайдалануға берерде бірден 2571 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Жалпы, Банктің Оңтүстік Қа­зақстан облысында тоқыма клас­терін ұйымдастыруда әмбе бү­кіл еліміз бойынша тоқыма өнер­кә­сібін дамытуда аса ма­ңыз­ды рөл атқарып отырған­дығын айтпай тұра алмаймыз. Иә, бүгін таңда Банк Қазақстан Үкіметінің Дағда­рысқа қарсы бағдарламасын іске асыруға зор үлесін қосқан һәм қо­сып жүрген негізгі даму институт­та­рының бірі екендігі күмәнсіз. Өзі ашыл­ғаннан бергі он жыл аясында Қазақстанның даму банкі жалпы құны 13,8 млрд. доллар бо­латын 181 жобаны мақұлдап, олар­ды өмір ақиқатына айналдыру үш­ін 4,1 млрд. доллар соманың не­сие­сі берілуін қуаттады. Ең бір та­машасы, жобалардың жарты­сы­на жуығы, яғни 83 нысан қа­зір­дің өз­інде қатарға қосылған. Және бір айтарлығы, бұл жо­балар ел эко­но­микасының ме­тал­лургия, энерге­ти­ка, тоқыма, мәшине жасау, кө­лік және бай­ланыс сияқты маңыз­ды сектор­ла­рында жүзеге асуда. Ал енді банктің бірден-бір құрылтай­шы­лық тізгінін “Самұрық-Қазы­на” қоры 2008 жылы өз қолына ал­са, тек соңғы 3 жылда ғана пай­да­­лануға берілген кәсіпорындар 1,9 млрд. доллардың өнімін өн­ді­ріп, 314 млн. доллардың өні­мін экспортқа шығарғанын, со­нымен бірге бюджет қоржынына 112 млн. доллар салық қаржы­сын құйғанын айтқанымыз абзал. Нақ осы арада бір жайды тара­тыңқырап айтайық. Қазір елімізде сегіз даму институты болса, соның бесеуі “Самұрық-Қазына” қоры­ның құрамына кіреді. Жаңа бір­қы­­дыру ілкімді жұмыстарын сөз ет­кен ҚДБ-дан басқа, “Даму” кә­сіп­керлікті да­мыту қоры, Қазақ­стан инвести­циялық қоры, Kazyna Ca­pіtal Managtent және Экспортты сақтандыру жөніндегі мемле­кет­тік корпорация осылардың қа­та­рын­да. Бүгін таңда бұл компа­ниялар­дың 146 инвестициялық жобаны қар­жы­ландырып отыр­ға­нын, оның ішінде 96 нысан пайдалану­ға бе­ріл­генін, осы өн­ді­ріс орын­да­рында 20 мың жаңа жұмыс ор­ны ашыл­ғанын айтсақ та, өркен­деудің өрелі биігін айқын көреміз. Отандық орта және шағын бизнесті қолдауда “Даму” қоры елеулі істер тындыруда. Осы рет­те 8500 субъектіге көмек көр­сетіліп, соның арқасында 26 мың­нан астам адам жұмыспен қамтылды. Жалпы, ел эконо­ми­ка­сын тұрақ­тан­дыру мақсатында орта және шағын кәсіпкерлікті қолдауға 120 млрд. теңге бағыт­тал­ған болатын. Соның нәти­же­сі де көп күттірмей, 2009 жыл­дың шілдесіне дейін-ақ 4760 жұмыс орны құрылып әрі қол­дау тауып, 2550 ОШБ субьек­ті­лері несиеленген-ді. Бұл орайда қамтылған экономика салалары – сауда, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және байла­ныс, тағы басқалары. Мысалы, “Да­му” қоры арқылы осы ретте Алматы облысында ғана 17 млрд. тең­геден астам со­маға 574 жоба қаржыландыры­лып, 1400-ден аса жұмыс орны ашылды. Нақ осы облыста “Биз­нестің жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерден ставканы субси­дия­­лау мен кепілдік алуға 43 өті­нім келіп түскен. “Самұрық-Қазына” өзінің даму инс­титуттары арқылы ел эко­­но­микасын әртараптандыру мен жа­ңа­ландыруға, отандық кең ау­қым­ды бизнесті көтеруге көңіл бөліп, айтарлықтай үлес қосуда. Қордың бір топ компа­ниясы иннова­ция­лық, индус­триал­дық және инфра­құ­­рылым­дық даму аясындағы 13 жобаны іске асыруға қатысуда. Бол­жамдарға жүгінсек, жоғарыда атал­ған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 5500-ге жуық тұ­рақ­ты жұмыс орындары құрыл­мақ. 26 млрд. доллар көлемінде Қордың ин­вестициялық порт­фелі жасақта­луы да көңілге тоқ жағдайдың бірі. Қор құрамына кіретін даму инс­титуттары 212 жо­баны мақұлдап, қазір солар­дың ішіндегі 160 жоба қаржы­лану сатысына көшті. Алдағы уақытта ел экономи­касын тұрақтандыруды, әртарап­тан­дыруды және модерниза­ция­лау­ды жеделдете жақсартудағы да­му институттарының рөлі арта түс­пек. Әсіресе, экономиканың ба­сым бағыттары, ірі бизнес пен шағын және орта кәсіпкерлік назарда болмақ. Индустриалдық даму және инфрақұрылымды ны­ғайту ел экономикасын көтеру­дің негізіне алынбақ. Олай болса, “Сам­ұрық-Қа­зынаның” бірінші кезектегі міндеті отандық бизнес­пен біріге отырып, өзінің Даму институттары арқылы Ин­дустрия­ландыру карта­сына кір­ген инвес­тициялық жоба­ларды іске асыру болып табылады. Бұл ретте Қор құзырына жататын ауқымды 19 жобаның жиынтық құны 14,16 млрд. долларды құ­рай­­ды. Бұдан басқа, республика­лық деңгейдегі 2 жоба бойынша қордың қатысуы­мен ұзындығы 1510 ша­қы­­рым­дық Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ газ құбыры және газ-химия кешені салынуда. Сонымен қатар өңір­лер­дің бақы­лауымен ҚДБ қаржы­лан­ды­­ру­ын­дағы 21 жоба жүзеге асуда. Осы­лай­ша, жалпы алғанда, “Са­мұр­ық-Қазына” қоры 2010 жылы жалпы құны 20 млрд. доллардан астам 40-тан аса жобаны іске асырумен шұғылдануда. “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ бас­қар­ма төрағасы Қайрат Келімбе­товтің айтуына жүгінсек: “Елдің Ұлттық әл-ауқат қоры алдағы 5 жыл ішінде 24,4 млрд. АҚШ дол­ларына теңесетін 40-қа жуық ин­вес­тициялық және инфра­құры­лым­дық жобаларға инвестиция сал­мақ. Сөйтіп, соның барысында 45 мың адамға жұмыс беріп, жо­балар жүзеге асырылғаннан кейін 10 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек”. Отандық биз­нестің өркендеуі, отандық эко­но­ми­к­аның жаңа тынысы ашылуы осы емес пе. Ендеше, “Самұрық-Қа­зынаның” самғатуы арқасында еліміз Орта Азиядағы өнеркәсіп көшбасшысына айналатын уақыт та, әлбетте, алыс емес деп білеміз. Қорғанбек АМАНЖОЛ.