Табиғаттың тосын құбылыстары мен адамның іс-әрекетінен болатын апаттық төтенше жағдайлардың алдын алу – қашанда жауапты іс. Міне, осындай қысылшаң шақта адамдарды және олардың мүлкін құтқаруға, апаттық жағдайды жоюға қаншалықты дайын екендігімізді тағы бір елеп-екшеп алу үшін өткізіліп жатқан “Қыс-2010” республикалық-штабтық оқу-жаттығуының маңыздылығы да сондықтан. Астанадан оқу-жаттығудың басталғандығы жөнінде хабар алынысымен төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаменттің жеке құрамы, оның құрылымдық бөлімшелері және облыстық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметі шұғыл әскери дайындық жағдайына келтірілді. Облыстық әкімдікте облыстық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтер басшыларымен өткізілген облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында әртүрлі қызмет салаларының қысқы кезеңде болуы мүмкін төтенше жағдайларға дайындығы таразыға тартылды.
“Қыс-2010” республикалық штабтық оқу-жаттығу жиынының екінші күні Ақтөбе –Хромтау тас жолының 5 шақырымында Ақтөбе облысы төтенше жағдайда шұғыл әрекет ету отрядының дайындығының байқауынан басталды. Оған 15 қызмет, 63 техника және 150 адам қатысты. Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко байланыс, инженерлік, жанар-жағар маймен қамтамасыз ету, тамақтандыру буындары, жедел медициналық көмек және қоғамдық тәртіпті қорғау бөлімдері сияқты 15 қызметтің әрқайсысының қысқы төтенше жағдайға қаншалықты дайындығын өз көзімен көріп, олардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағдайымен танысты.
“Ақтөбе ЖЭО” АҚ-тың №6 стансаның су қайнату қазанында бас газ бекіткіштің бұзылуы салдарынан болған апаттық жағдайды жою оқу-жатығуында кәсіпорынның және облыс орталығындағы апаттық-құтқару, өрт сөндіру және жедел медициналық көмек, апаттық медицина қызметтерінің үйлесімді қимылдауы нәтижесінде тез арада апаттық жағдай жойылып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Қала көшелерінің бірінде “КамАЗ” автокөлігі газ құбырының компенсаторын қағып кетуден болған апаттық жағдайда газ шаруашылығы, өрт сөндірушілер, апаттық медицина және қоғамдық тәртіпті қорғау қызметтері сауатты қимылдады.
Жаттығулардан кейін төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Ол өткен қыстың төтенше жағдай саласы қызметкерлеріне сын болғанын, оның зардаптарының сабақ болғанын жеткізді. Осындай қиын сәтте министрлікке бағынысты қызметтер ғана емес, облыстық және аудандық әкімдіктердің қынулы қимыл көрсеткенін айтты. Кемшіліктерден сабақ ала отырып, алдағы уақытта апаттық жағдайдың алдын алудың барлық мүмкіндіктері қарастырылып жатқанына осы оқу-жаттығуды нақты мысал ретінде тілге тиек етті. Министрдің айтынша, саланы қаржыландыру алдағы жылы 70 пайызға артады. Сондай-ақ, ол 1200 елді мекенде өрт қорғау қызметі жоқ екенін алға тарта келіп, ерікті өрт сөндірушілерді енгізу де күн тәртібіндегі мәселе екенін айтты.
Министр облыстық әкімдіктің “Қыс-2010” республикалық штабтық оқу-жаттығуын өткізуге тиянақты әзірленгенін атап өтті, әкімдіктің өңірдегі жағдаймен жете таныстығын жоғары бағалады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.