Ұлттық мектептің ұлы мұраты
Қарап отырсақ, Ұлттық бірыңғай тестілеу тақырыбын БАҚ та, ата-ана да оның тықыры таянғанда қозғайды. Ал оны күн сайын ойлайтын, осы мақсат жолында спортшылар секілді жаттығатын мектеп болса, бұл О.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған физика-математика білім ұясы дер едік. 2009-2010 оқу жылында 74 Алтын белгі алған мектептің табысы – бір өңірлердің көрсеткішіне пара-пар, кейбір облыстардың көрсеткішінен басым. Аталмыш мектеп-интернаттың директоры, тәуелсіз “Тарлан” сыйлығының иегері Қайрош МАҚЫШОВ осы жетістік жайында әңгімелейді.
– Қайрош Бексейітұлы, мектеп жыл сайын рекорд жаңартуда. Өткен жылы мұндағы 39 оқушының Алтын белгі алғанын үлкен жаңалық көріп елге жар салсақ, биыл үздік бітіргендер бірден екі есеге көбейіпті. Бұл табыстың құпиясы неде?
– Соңғы 2 жыл емес, 7 жыл қатарынан біздің мектептің түлектері осындай жетістіктен жетістікке жетуде. Академиялық көрсеткіштер бойынша Қазақстанда қазір бізге тең келетін мектеп жоқ. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, біз республикалық дәрежедегі білім ордасымыз. Қазақстанның барлық түкпірінен ең дарынды балаларды таңдап, тауып, оқытуға мүмкіндігіміз бар. Алайда, оқушылар өз беттерінше мектепке қабылдана салмайды. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен төрт жыл қатарынан физика және математика конкурсын өткізіп келеміз. Бұл барлық тестілеу орталықтарында бір мезгілде, сәуір айында өтеді. Оған жыл сайын 12-15 мыңға тарта оқушы қатысады. Осылардың ішінен ең үздіктерін 20-26 маусым аралығында іріктеп аламыз. Мектеп әкімшілігі еліміздегі дарынды балаларды өздеріне тарту үшін басқа да ірі жобалар жасаған. Оған қоса БАҚ арқылы да осындай мектеп-интернаттың бар екенін насихаттап, ауылдағы балаларды шақыруға тырысамыз. Бұл нәтижесіз де емес. Жеткіншектер қалаға келгенде біреуге кіріптар болмайды. 350 оқушыға арналған жатын орнымыз бар. Сырттан келетін балалар тегін жатақханамен және тамақпен қамтамасыз етіледі. Екіншіден, біздің мектепте соңғы жылдары жоғары білікті ұстаздар ұжымы құрылды. Жалпы, жақсы мұғалім мен дарынды балалар жиналған жерде үлкен көрсеткіштердің болуы соншама қиын емес.
– Ұстаздар жағына өзіңіз ойысып қалдыңыз. Сіздің: “Егер оқушы дарынды болса, мұғалімі екі есе талантты болуы керек” деген қағидаңыз бар. Заманауи ақпараттық технологиялар оқушыларды мұғалімнен де оздырып тұрған жоқ па?
– Әрине, қазір ақпарат та, ақпараттық технологиялар да жеткілікті. Бірақ, айналып келгенде негізгі білім беру, білім алу процесі – тікелей мұғалім мен оқушыға байланысты. Қалай айтсам екен?.. Математика пәнін бәрібір мұғалімнен артық ешкім біле алмайды. Дегенмен, біздің оқушылар өте мықты, дарынды екенін ұмытпау керек, тосын сұрақ қоюы мүмкін. Соған сәйкес мұғалімдер де ізденгіш. Жақсы оқытушыларды өзімізге тартамыз деген мақсатпен “Егемен Қазақстан”, “Казахстанская правда” газеттеріне ашық конкурс жарияладық. Екінші жағынан, біздің мұғалімдер де әртүрлі конкурстарға қатысады. Демеушілердің көмегімен ағылшын тілін терең оқып жатыр. Ұстаздар заман талабына сай болу үшін ізденеді, әрекеттенеді. Бұл – өмір талабы.
– Математика мен физикаға бейім балалар барлық пәндерді алып жүру үшін арнайы бір оқытудың әдістемелері бар ма?
– Біз мемлекеттік стандартты сақтаймыз. Соншама құпия әдістер жоқ. Әрине, негізгі пәндерді тереңдетіп оқытуға басымдық беріледі. Және балалар өте еңбекқор. Алтын белгі алу үшін бес пәннен де сәйкес бес алу керек. Ол бес пәннің үшеуі гуманитарлық пән. Соған қарамай қаншама еңбектің арқасында біздің балаларымыз үлкен жетістіктерге жетіп жатыр десеңізші. Мектебімізде “физматтық рух” қалыптасқан.
– Оқушыларыңыз таңертеңнен қара кешке дейін есеп шығарып, “милары ашып” кетпей ме? Олар қай кезде бала болып ойнайды, күледі??
– Шәкірттер таңертеңнен кешке дейін сабақ оқи бермейді. Интернаттың балалары кешкі уақытта спортпен айналысады. Өнерлі оқушылар да бар. Екі спортзал жасақталған. Серуендейді. Концерт қояды.
– Сізге халықаралық Астрономия одағы арнаулы бір сертификат тапсырған екен. Жалпы, өзіңіздің осы одаққа қандай қатысыңыз бар? Бұл мәртебе сізге не үшін берілді?
– Қазақстанда үш адамды марапаттаған. Өткен жыл ЮНЕСКО бойынша Астрономия жылы деп аталды. Астрономия төңірегінде көптеген халықаралық олимпиада өткізілді. Осыдан үш жыл бұрын біздің оқушылар Қазақстаннан тұңғыш рет сол олимпиадада жеңімпаз бола бастады. Бүкіл Қазақстанның астрономиядан алған медальдардың жартысынан көбін біздің балалар алып келді. Шәкірттердің осы пәнге деген құштарлығын қолдап, олимпиадалардан қалмауын қарастырып келеміз. Меніңше, мені сол үшін марапаттаған шығар.
– Жыл сайын ҰБТ тапсырмай тұрып-ақ бірқатар балалар әртүрлі олимпиадалардың нәтижесі бойынша жоғары оқу орындарына қабылданып қояды. Шетелдік беделді оқу орындарында бағы жанған түлектер бар ма?
– О.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының ауыз толтырып айтарлық табыстылығы да осында. Алыстағы Гарвард, Оксфорд, Калифорния, Кембридж, іргедегі Ресей жоғары оқу орындарын айтпай-ақ қоялық. Биыл АҚШ-тың Иель университетіне Назерке Бақытжан деген қызымыз оқуға қабылданды. Ол осы университеттен білім алатын тұңғыш қазақстандық. Бұл Американың экс-президенттері Билл Клинтон мен Дж.Бушты оқытқан білім ордасы ғой. Астанада жаңадан ашылған Назарбаев университетіне 33 оқушымыз қабылданды. АҚШ-тағы тағы бір беделді Массачусетс университетінде екі түлегіміз мамандық алуда. Тізе берсең – тіпті көп.
Бүгінге дейін Қазақ-британ техникалық және басқа да ұлттық университеттердің көптеген гранттарын біздің балалар жеңіп алды. Сіз дұрыс айттыңыз, түлектеріміз еліміздің барлық аймағынан жиналған ең дарынды балалар болғандықтан, қалаған оқу орнына ешқандай қиындықсыз түсіп жатады. Сол бағытта ағылшын тілін меңгеріп, олимпиадаларға қатысуға тырысады. Тікелей өз беттерінше гранттар жеңіп алғандар бар.
Жыл сайын біздің мектепке дүние жүзіне белгілі оншақты университеттің өкілдері келіп, балаларды оқуға шақырады. Грант ұсынып жатады. Мысалы Шанхайдың Фудан университеті, Сингапур Ұлттық университеті, Харбин политехникалық университеті тікелей грант береді. Дұрыс процесс қой. Өйткені, дарынды балалар сол университеттің атын шығарады емес пе.
Қазіргі таңда біз өзімізді ТМД және алыс елдердегі ең үздік мектеп деп нық сеніммен айтуға болады. Жыл сайын М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі Колмогоров оқуларында жеңіп жатамыз. Қыздарымыз математикадан олардың өзінен озып кетуде. Ресейде өтетін Сахаров оқулары бар ғой. Физика пәнінен өтетін жарыс. Міне, сонда да жеңді. Қазылар алқасының төрағасы Нобель сыйлығының лауреаты Жорес Алферов Қазақстан балаларына қатты риза болыпты.
– Бір отбасында бірнеше бала болса, әрқайсысында әртүрлі мінез болады ғой. Оның бәрі 100 пайыз жақсы оқиды делік. Әлде сіздің мектептеріңізде балалар 100 пайыз тәртіпті ме? Қабілетті, дарынды оқушылардың амбициясы да бөлек сияқты?
– Біздің мектепте 750-дей оқушы бар. 750 бала болғаннан кейін анда-санда бір оқиғалар болатыны рас. Бала бойында “өтпелі кезең” деген бар емес пе? Түсіну керек. Жалпы біздегі оқушылар негізінен тәртіпті. Бәрі оқу үшін келеді. Жыл сайын 50-60 бала оқу барысында үлгере алмай, оқудан шығып қалып жатады. Өйткені, бізде талап жоғары.
– Халықаралық Жәутіков олимпиадасы қазір кәдімгідей брендке айналды. Басқа мемлекеттердің балалары Қазақстанда осындай олимпиада өтетінін біледі, қатысқылары келеді емес пе...
– Халықаралық Жәутіков олимпиадасы – мектептің үлкен жобасы. Өйткені мектеп академик Орынбек Жәутіков атында. Биыл ол олимпиаданы алтыншы рет өткіздік. Жыл сайын географиялық ауқымы да, деңгейі де өсіп келеді. Алғашқыда ұйымдастыру өте қиынға соққаны рас. Уақыт өте келе тәжірибе де жинақталды. Қазір брендке айналды. Балалар осы олимпиаданың жеңімпазы атануды абырой санайды, үлкен белесті еңсергендей болады.
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ,
Алматы.