Семейді былайғы жұрт ертеректе “үлкен деревня” десетін. Өйткені, қала еш жоспарсыз, жөн-жосықсыз Ертіс өзенін бойлап салына берген. Содан өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары көп қабатты үйлер көптеп салынып, қала көркі шырайланып қалғандай болған. Өкінішке қарай, ол қуаныш көпке созылмады. Яғни, тоқсаныншы жылдардан қаланың негізгі ұсқыны бұзыла бастаған.
Абырой болғанда, енді, қаланың бас жоспары қабылданғанын естіп, біліп отырмыз. Осы жоспар бойынша қаланың “казкрай, “таткрай” деп аталатын бөліктеріндегі әбден тозығы жеткен жеке меншік ескі үйлердің орнына көп қабатты жаңа үйлер бой көтермек.
Бас жоспар бойынша, сондай-ақ қала іргесіндегі кенттердің де жағдайы мықтап ескерілгенін естіп отырмыз. Ал мұнда ондай кенттер көптеп саналады. Және оларда негізінен өз қаракөз қандастарымыз тұрады. Сондықтан әлгі кенттер абаттандырылып, оларда жаңадан мектеп, балабақша, саябақ ашылып жатса, біздің ағайындарға одан артық қандай қамқорлық керек. Айталық, бас жоспар бойынша қала іргесіндегі Суықбастау кентінде екі мектеп, үш балабақша салынуы керек болса, соның бірі жуырда іске қосылды.
Сөз соңында қаланың қазіргі бас жоспары 2025 жылға дейінгі мерзімді қамтитындығын, ал осы аралықта қала халқының саны шамамен 300 мыңнан 400 мыңға дейін өсетіндігін айта кетсек дейміз. Солайша жуырда ғана барлық негізгі көрсеткіштер бойынша еліміздегі алдыңғы қалалар сапынан көріне білген Семей алда да халқының саны жөнінен республикамыздағы басты қалалар сапынан табылары сөзсіз.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.