• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2010

Тұрарлықтарда тың бастама көп

351 рет
көрсетілді

Бүгінде Тұрар Рысқұлов атын­дағы ауданда көптеген оң өзгерістер бар. Ол, әсіресе, әлеуметтік нысан­дар мен ауылшаруашылық жұмыс­та­рынан анық байқалады. Аудан орта­лығы –  Құлан ауылының орталық көшесімен әрі-бері өткен жолау­шы­лар жол бойындағы жаңа пайда бол­ған ғимараттарға, спорт алаңдарына, саябақтарға сүйсіне көз тастайды. Түн­гі жарықтары да ауыл келбетін ерекше нұрландыра түскен. Жақында облыс әкімі Қ. Бо­зым­ба­ев осы ауданға қарасты Әбжапар ауы­лындағы жаңадан салынған ме­ди­циналық бөлімше ғимаратын ба­рып көрді. Типтік жоба бойынша са­лын­ған бұл ғимараттың құрылысына 33 млн. теңге жұмсалыпты. Құрылыс жұ­мысын “Асыл-Найзатас” ЖШС ат­қар­ған. Сөздің тоқетері, ауыл дә­рі­ге­рінің қуанышында шек жоқ. Өйт­кені, ол бұған дейін көне заман­ның кө­зіндей көрінетін ескі үйде жұ­мыс істеп келген болатын. Ондай жер­де ау­ыл тұрғындарына сапалы медици­на­лық қызмет көрсету, әл­бетте, мүмкін емес. Облыс әкімі Жарлысу ауылын­да­ғы жаңа орта мектептің  ашылу рә­сіміне де қатысты. “Артстроймаркет” ЖШС құрылысшылары білім ұя­сы­ның бой көтеруіне 321 млн. теңге қа­ражат жұмсапты. Құрылыс жұмыс­та­р­ы өткен жылдың сәуір айында бас­талған. Жалпы саны 300 оқушыға ар­налған мектепте бүгінде 231 оқушы білім алуда екен. Құлан ауылындағы “Балауса” ба­лабақшасында бүгінде 150 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақша етіп ың­ғай­ластырылған ғимарат, негізі, 185 сә­биге арналған. Ата-аналар мен бө­бек­тер қажеті үшін осы ғимаратты са­тып алуға аудан бюджетінен 21,3 млн. теңге жұмсалған. Қазір бала­бақ­шада 29 адам еңбек етуде. Олардың 7-еуі жоғары білімді, 8-і арнаулы ор­та білімді мамандар.  Аудан орталы­ғын­дағы көп қабатты үйлердің ма­ңын­дағы балалар спорт алаңы, не­гі­зінен, кіші футбол ойнауға арналған. Аудан әкімі А. Нұралиевтің айтуына қарағанда, жас жеткіншектердің игілігіне арналған бұл құрылысқа 2,5 млн. теңге қаражат жұмсалған. Қар­­жы демеушілер есебінен жиналыпты. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов атындағы аудан.