• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2010

Хиросима қасіреті

601 рет
көрсетілді

Семей полигоны жабылуының адамзат үшін қаншалықты маңызды екендігін ашып көрсетті Өткен жексенбі күні кешке Қазақстан Республикасы Парла­менті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған парла­мент­тік делегация Жапония Өкіл­дер палатасының Төрағасы Т.Йо­ко­мичидің шақыруымен осы елге ресми сапармен келді. Астанадан көтерілген “Боинг” ұшағының доң­ғалағы араға алты жарым сағат уа­қыт өткенде барып Жапо­ния­ның атақты Хиросима қаласының әуежайына келіп тигенде сағат тілі Астана уақыты бойынша 15.30-дан, ал Токио уақыты бойынша 18.30-дан асып жығылған еді. Жапония – Қазақстан тәуел­сіздігін алғашқылардың қатарында таныған елдердің бірі. Содан бергі тәуелсіздіктің он тоғыз жылы ішінде Қазақстанның әлемдік сая­сат дидарында қол жеткізген же­тістіктері мен ішкі экономикалық өрлеуі нәтижесінде екі ел ара­сындағы қарым-қаты­нас­тар одан әрі бекіп, ынтымақтастық арнасы сан қырлы жолдар арқылы дамып келе жатыр. Қазақстан мен Жапония ара­сындағы саяси қатынастар 1992 жылдың мамыр айында Жапония Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Ва­танабэнің Қазақстанға жасаған сапарынан бастау алады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың 1994 жылдың 6-7 сәуіріндегі және 1999 жылдың 5-8 желтоқ­санындағы Жапонияға жасаған са­парлары екіжақты қатынастардың негізін қалады. Елбасының Жапо­нияға жасаған бірінші сапары барысында Кеңес Одағы мен Жапония арасындағы келісімдерді мойындау туралы ноталар алма­сы­лып, Бірлескен мәлімдеме қабыл­данса, екінші сапар барысында Достастық, серіктестік және ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. 1997 жылы Жапония Премьер-министрі Р.Хашимото Қазақстан және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты тереңдету мақсатында “Жібек жолы дипломатиясы” атты Жапонияның сыртқы саясат тұжырымдамасын қабылдады. Ал егер екі ел арасындағы пар­ламентаралық байланыстар та­рихы­на назар аударатын болсақ, Жапонияда осыдан он жыл бұрын Қазақстанмен парламенттік дос­тық лигасы құрылып, жұмыс істеп келеді. Бұл қоғам қос палатаның 37 депутатынан тұрады. Осыған сәйкес 2004 жылы Қазақстан Парламенті Сенатында Жапониямен ынтымақтастықты дамыту тобы құрылса, 2005 жылы осындай топ Парламент Мәжілі­сін­де де құрылды. Оның құрамы 26 депутаттан тұрады. Жетекшісі – Сәт Тоқпақбаев. Бұл Қазақстан Парламенті Мә­жілісінің Төрағасы Орал Мұхамед­жановтың Жапонияға жасап отырған осымен екінші ресми са­па­ры екен. 2006 жылы Орал Бай­ғонысұлы  парламентшілердің жыл сайын өтетін Токиодағы 28-інші жаһандық іс-қимыл форумына қатысу үшін Қазақстан парламент­тік делегациясын бастап келген-тін. Осы жылы Қазақстан Парла­менті Сенатының сол кездегі төр­ағасы Нұртай Әбіқаев та Жапо­нияда арнайы шақыртумен болып қайтқан еді. Егер екі ел арасында қалып­тасып отырған қарым-қатынастың өзекті қырларына назар аударатын болсақ, Қазақстан мен Жапония­ның халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша ұстанымдары ортақ және жақын. Жапония Қа­зақстанның ядролық қарудан бас тартқанын және Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосыл­ға­нын  қолдады және Астананың ха­лықаралық және аймақтық ұйым­дар­ға кіруге бағытталған инте­гра­циялық ынтасын оң бағалады. Сон­дай-ақ, Жапония Қазақстан­ның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) сияқты өзара келісім мен бейбітшілікті сақтауға бағытталған бастамаларын жоғары бағалайды. Ал Қазақстан өзі та­ра­пынан Жапонияның БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесіне тұрақты мүше болуына қолдау білдіруде. Еліміздің Сыртқы істер ми­нистрлігінен және басқа да мем­ле­кеттік органдардан алынған осы қасаң ресми деректердің астарын­да үлкен мән бар екендігін айтуы­мыз керек. Жапония – атом қа­руы­нан әлемде бірінші болып зар­дап шеккен ел.  1945 жылдың та­мы­­зында осы елдің Хиросима және Нагасаки қалаларында жа­рыл­ған атом бомбасы адамзат қауы­мын қатты түршіктірген бо­латын. Бұл қасіреттің ешуақытта ұмытылмайтындығы анық. Ал Қа­зақстан – әлемде өз еркімен ядро­лық қарудан бас тартқан бірінші ел. Осы жағдайдың өзі бұл екі елді бір-біріне жақындастыра түсуде. Жапония 47 әкімшілік-аумақ­тық бірліктен тұрады. Оларды префектура деп атайды. Солардың бірі – Хиросима. Оның орталығы Хиросима қаласы болып табы­ла­ды. Парламент Мәжілісі Төраға­сының Жапонияға ресми сапары осы префектураның басшысы Масао Хаяшидің қабылдауынан бас­талды. Кездесу барысында Ма­сао Хаяши Қазақстанның аз жыл­да жеткен жетістіктеріне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп келе жатқан саясатына, соның ішінде, әсіресе, әлемде бірінші бо­лып, ядролық полигонды жауып, атом қаруынан бас тартқандығына тәнті екендігін жеткізді. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті жасаған дәл осы қадамның адам­зат қоғамы үшін қаншалықты маңызды екендігін басқалардан гөрі оның ауыр зардаптарын бастан кешірген хиросималықтар жақсы түсінеді. Шамасы, осы жағдайға байла­нысты болар, Хиросима қаласы­ның халқы Қазақстанды жақсы біледі екен. Бұл қалада сөзін қа­зақ­тың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулетов жазған сазгер Төлеген Мұхамеджановтың Семей поли­го­ны­ның трагедиясын ашына жет­кізетін “Заман-ай” әні жапонның танымал әншісі Томоконың жапон және ағылшын тілдеріндегі орын­дауында сан мәрте шырқалып, ха­лықтың құлағына сіңісті болып кетіпті. Қазақстандық делегация Бей­бітшілік мемориалдық паркін ара­лап, осындағы мұражайдың экс­понат­тарымен танысты. Мұнда осыдан 65 жыл бұрын болған атом қаруының жарылысынан зардап шеккен қала мен оның халқының сол кездегі бейнесі адам жанын түршіктіреді екен. Бүкіл бір үлкен қала жер бетінен түгелдей жойылып кеткен. Жарылыстың қызуы адам­дарды қойып қара тас пен құрыш темірдің өзін балқытып жіберген. Осыған қарап, Қазақстандағы Семей полигонының жабылуы адамзат қауымының алдында қан­шалықты батыл саяси шешім бол­ғандығын айқын сезіне түстік. Атом қаруы құрбандарына арна­лып тұрғызылған ескерткішке гүл шоқтарын қойдық. Қазақстандық делегация басшысы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына шағын сұхбат берді. Еліміздің халықаралық дең­гей­де асқақтай түскен беделінің дә­лелі болар, Хиросима жеріндегі Ха­лықаралық конференциялар ор­талығында қазақстандық парла­мент­шілер делегациясына ерекше құрмет көрсетілді. Парламент Мә­жі­лісінің Төрағасы Орал Мұхамед­жановқа әлемге әйгілі білім ордаларының бірі – Хиросима университетінің Құрметті докторы атағы мен мантиясы салтанатты жағдайда тапсырылды. Осы атақты тапсыру салтанатында университет ректоры Орал Байғонысұлының Парламент Мәжілісінің Төрағасы ретінде екі ел арасындағы парла­ментаралық қатынастар мен Хи­росима және Семей универси­теттері арасында қалыптасқан ын­тымақтастықты дамыту ісіне қос­қан үлесін де атап көрсетті. Осы құрметке байланысты жауап сө­зінде Орал Мұхамеджанов универ­ситет басшылығына алғысын біл­ді­ре келе, негізін Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев қалаған екі ел ара­сын­дағы ынтымақтастықты да­мыту­дың кең мүмкіндіктеріне тоқ­тала кетті. Өзіне Құрметті доктор атағы берілуін ең алдымен Қазақ­стан халқына, оның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатына көрсетілген құрмет деп түсінетіндігін айтты. “Біздің халықтарымыздың тағдырында ұқсастықтар бар. Бұл екі мемлекет ядролық қарулану мен оның сынағынан ең көп зар­дап шеккен ел болып табылады. Қазақстандағы Семей полигоны жабылғанға дейін онда атом қа­руын сынау мақсатында 500 жа­ры­лыс жасалды. Бұдан сан мыңдаған адам зардап шекті”, деді Орал Мұхамеджанов. Осы оқиғадан кейін Орал Мұ­хамеджанов Хиросима универ­си­теті студенттерінің алдында лекция оқыды. Сонымен, Қазақстан Парла­менті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақ­стан­дық парламенттік делега­цияның ресми сапарының бірінші күні Хиросима қаласынан баста­луы­ның өзіндік нышандық мәні болды. Бұл сапар бүгін Жапо­ния­ның тағы бір үлкен қаласы – Кио­тода одан әрі жалғасады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, “Егемен Қазақстан” ­– Хиросимадан.