• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Қараша, 2010

Азиада жаршысы

378 рет
көрсетілді

“Егемен Қазақстанның” VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті Азиадаға 67 күн қалды ЖІГЕРЛІ ЖАСТАРЫМЫЗ ЖЕТКІЛІКТІ Жуырда Астанада Азия ойындарына арналып жаңадан салынған республикалық велотректе ерлер мен әйелдер арасында шорт-тректен Қазақстанның ашық чемпионаты өтті. Сонда біз спорттың осы түрінен ұлттық құраманың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбековпен кездесіп, спортшылардың Азиадаға дайындығы жөнінде пікірін білген едік. – Алдымен Қазақстан чемпио­наты жөнінде айтсаңыз. Сіздің пікі­ріңізше жарыс қалай өтті? Коман­даның дайындығы көңіліңізден шықты ма? – Бұл жарыс жаңадан салынған велотректің сапасын тексеру үшін сынақ ретінде өтті. Чемпионатты өткізудегі басты мақсатымыз осы болды. Содан кейін біз жарысты төрешілердің, спортшылардың Азиадаға дайындығына баға беру үшін де өткізген жайымыз бар. – Ескертулеріңіз бар ма? Мұз айдыны еріп жатыр дейді. – Иә. Бір-екі көңілге түйген нәр­се бар. Біз оны Азиаданы ұйым­дастыру комитетіне, спорт басшы­ларына, велотректің құрылысын жүр­гізіп жатқан австриялық компанияға айтатын боламыз. Бірақ ол әттеген-айлар өте көп те емес. Велотрек әлі толығымен біткен жоқ қой. Осы жа­ғын ескере отырып, мұз айды­нының кемшін тұстарына түсіністікпен қарауға болады. Оның бәрі уақы­тында түзеледі деп ойлаймын. – Төрешілердің дайындығына көңіліңіз толды ма? – Жақында елімізге халықаралық коньки одағының төрешісі, Олимпия ойындары мен әлем кубогы жарыс­тарының білгірі Янош Карнади деген азамат келіп кетті. Осы кісі бізге төрешілерді дайындауда қандай жұмыс­тың істелінуі керектігі жөнінде ойларымен бөлісті. Соларды іске асыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Я. Карнадидің айтқан кеңесін біз бейнетаспаға жазып алдық. Енді оны ұйымдастыру комитеті мен вело­тректі салған компанияға көрсетеміз. – Өзіміздің ұлттық құрама туралы айтып берсеңіз. Спортшылар­дың дайындығы қалай? – Біздің ұлттық құраманың денін Батыс Қазақстан облысының спорт­шылары құрап отыр. Олар Азиадаға жаздан бері дайындалып жатыр. Сол кезде Болгария мен Түркияның тау­лы жерлерінде оқу-жаттығу жиын­дарын өткіздік. Енді желтоқсан айында Қытайдың Чаньчунь қала­сына бары­п, әлем кубогының 3-4 кезеңіне қаты­сатын боламыз. Осы жарыс Азиадаға ең соңғы басты дайынды­ғымыз болады. Одан кейін дүбірлі оқиғаға бір ай қалғанда Астанада жасөспірімдер арасында ел чемпио­натын өткізіп, дайындықты пысықтаймыз. Қазір ұлттық құрама жарыстарға бұрынғыдан гөрі жақсы дайындалып жүр. Жақында біз Канадада өткен әлем кубогының 1-2 кезеңіне қатысып келдік. Осы бәсекеде төрт спортшымыз 50-60 адамның ішінде ең үздік 20 спортшының қатарына кірді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, шорт-тректен бір медальға 50-80 адам таласады. 80 адамның ішінде жүлде алу оңай емес. Сондықтан біздің төрт спортшымыздың 20 адамның қатарына қосылуы жақсы нәтиже деп ойлаймын. Оның үстіне әлем кубогына 30-40 елдің құрамалары қатысады. – Біздің спортшылар арасында жүлдеге үміттілер бар ма? – Біздің министр алдымызға жүлде алу туралы міндет қойып отырған жоқ. Өйткені, ол кісі Азия елдерінің шорт-тректен мықты екенін біледі. Қазір Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония елдері Азия құрлығында ғана емес, бүкіл әлемде үстемдік етіп жүр. Одан кейін Канада, АҚШ, Еуропаның бір-екі мемлекеті жақсы өнер көрсетуде. Сондықтан жүлде туралы айту қиын. Дегенмен, Азиада өз елімізде, өз жерімізде өтетіндіктен намысқа тырысамыз. Спортшы­лары­мыздың ішінен мына қыз-жігіттерге үміт артуға болады. Олар Канадада өткен әлем кубогының 1-2 кезеңінде 11-ші орын алған Айдар Бекжанов, 14-ші орынға ие болған Нұрберген Жұмағазиев пен Артур Сұлтанға­лиев, қыздар арасынан 17-ші орын алған Инна Симонова. Айтпақшы, осы жарыста біздің құрама эстафетада 9-шы орынға ие болды. артымызда Жапония қалды. Жалпы, бүгінде Қазақстан шорт-тректен Азияның үздік 8 елінің қатарына еніп отыр. – Шорт-трек қай облыстарда жақсы дамып келеді? – Батыс Қазақстан, Қостанай, Алматы облыстары мен Астана қала­сында жақсы жолға қойылып отыр. Соңғы кездері Оңтүстік Қазақ­стан, Шығыс Қазақстан мен Ақмола облы­сы да көштен қалмауға тырысуда. – Ұлттық құрамаға іріктеу қашан жүргізіледі? Азиадаға 10 күн қалғанда. * * * БАСТЫ МАҚСАТ – БАС ЖҮЛДЕ Допты хоккейден ұлттық құраманың негізін құрайтын “Ақжайық” (Орал) командасы Қысқы Азия ойындарына дайындалуда. Жуырда команда Оралдағы жабық мұз айдыны сарайында жат­тығып, Ресейдің Киров қала­сында допты хоккей федерациясының кубогына сынға түсу үшін аттанып кетті. Содан кейін “Ақжайық” хоккейшілерінен құралған ел құрамасы желтоқсанның басында Ресей Үкіметінің кубогы үшін турнирге қатысады. Осы кезде Ресей чемпионатының бірінші лигасында өнер көрсететін “Ақжайық” коман­дасы “Волга-2” (Ульяновск), “Че­рем­шан” (Дмитровград), “Уни­версал” (Саратов), ЦСК ВВС (Са­ма­ра) командаларымен екі топқа бөлінген бірінші лигада күш сына­са­ды. Екі топтан үш үздік команда анықталған соң, олар жүлделі орындарға таласады. Содан кейін финалға шыққан қос команда чемпиондық атақ үшін кездеседі. Қазір “Ақжайықты” елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Алексей Никишов жаттықтырады. Команданың бастығы ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Сәулет Рафиков. Осы азаматтардың ай­туынша, ел құрамасының негізін қалайтын команданың басты мақ­саты – Азиадада тек қана бас жүлдені жеңіп алу. Ол үшін облыс­тық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов барлық жағдай­ды жасап отыр. * * * Осы күндері мәнерлеп сырғанаудан Ресейдің бірнеше дүр­кін чемпионы Виктор Адоньев пен Виктория Кучеренко елі­міз құрамасы сапында Қысқы Азиадаға дайындалып жатыр. Виктор 1988 жылы, Виктория 1991 жылы туған. Бүгінде олар белгілі ресейлік бапкер, РФ еңбек сіңірген жаттықтырушысы Светлана Алексееваның қол астында жат­тығуда. Бапкердің өзі атақты жат­тықтырушы Татьяна Тарасовамен бірге 10 жыл жұмыс істеп, Олим­пиада чемпиондары Сергей Поно­маренко мен Марина Климованы тәрбиелеген. Қазір ол Батыс Қазақстан облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасымен келісім-шартқа отырып, жоғарыдағы жұпты Мәскеуде Азиадаға дайындауда. Оның айтуынша, бұлар Ресей спортшылары болғанымен, Қазақ­стан үшін өнер көрсетеді. Бұл әлемде бар тәжірибе. Алдағы кезде олардың Қазақстан азаматтығын алулары мүмкін. Бүгінде Ресейде көрші елдің азаматтығын алғысы келетіндер өте көп. Ал жалпы Қа­зақ­станда Карина Узурова мен Әли Ілияс деген болашағынан үміт күттіретін жұп өсіп келеді. Жақында олар екі жарысқа қатысып, өздерін жақсы қырынан көрсетті. * * * № Елдер Спортшылар Ресми лауазым Экстра лауазым Барлығы иелері иелері 1. Қазақстан 167 84 - 251 2. Жапония 110 52 5 178 3. Кувейт 23 12 - 35 4. Таиланд 26 7 - 33 5. Түркіменстан 14 5 - 19 6. Иордания 5 3 - 8 7. Малайзия 27 10 - 37 8. Моңғолия 110 38 - 148 9. Гонконг 35 14 - 49 10. Филиппин 6 3 2 11 11. Корея 140 32 - 172 12. Үндістан 46 11 - 57 13. Непал 5 2 - 7 14. Қытай 148 89 - 237 15. Ливан 6 3 - 9 16. Тәжікстан 4 2 1 7 17. Сингапур 2 2 - 4 18. Катар 25 8 - 33 19. Өзбекстан 19 12 - 31 20. Солтүстік 45 11 - 56 Корея 21. Тайвань 43 16 - 59 22. Индонезия 4 3 2 9 23, Қырғызстан 33 14 - 47 24. БАӘ 23 12 3 38 Барлығы 1066 445 13 1524 * * * ОЛАР ОСЫНДА ОРНАЛАСАДЫ (АЛМАТЫ) АЛМАТЫ Қабанбай батыр к-сі, 85 akіmzhanova@lіst.ru Үш жұлдызды, 251 нөмірлі қонақ үй Биатлон, шаңғы жарысы, шаң­ғымен қысқы спорттық бағдарлау бәйгелеріне қаты­сатын командалар орнала­сады * * * АЛАТАУ Достық д-лы, 105 alatauhotel@maіl.ru Үш жұлдызды, 53 нөмірлі қонақ үй Шетел БАҚ өкілдеріне ар­налған * * * МЕДЕУ Горная к-сі, 465 Gіm.leka05@maіl.ru 45 нөмірлі қонақ үй Халықаралық және ұлт­тық дәрежедегі төреші­лер орналасады * * * ТАБАҒАН Саин к-сі, 1/6 іnfo@tabagan.kz 93 нөмірлі қонақ үй Халықаралық және ұлттық дә­режедегі төрешілер мен ше­тел БАҚ өкілдеріне ар­налған * * * ТАРТУ Таяуда Ұлттық банк Азия ойындарына арналған асыл металдан жасалған 100, 500 және 5 000 теңгелерді шығарды. 100 теңгенің салмағы 1,24 грамм, диаметрі – 13,92 мм. Ол 8 000 дана болып алтыннан шығарылып отыр. Теңгенің төменгі бөлігінде – шаңғы ізінің бейнесі мен теңгенің жасалған жылын білдіретін “2010” деген сан бар. Сол жақ бөлігінде Тянь-Шань шыршасы бей­неленген. Тең­генің екінші жа­ғының (ревер­сінде) орталық бөлігінде Азиа­­даның логотипі суреттелген. Су­рет қысқы спорт түрінің идео­грам­­маларымен қоршалған. Екінші, 500 теңге 13 000 да­на­мен күмістен шығарылып отыр. Оның бір ерекшелігі – күміс тиындар он екі қырлы пі­шінде орын­дал­ған. Теңгенің сал­мағы 31,1 грамм. Оның бет жағындағы сол жақ бөлігінде қар ұшқындарымен қоршалған “Көк тәңірі” петро­гли­фінің бейнесі салынған. Төменгі бөлі­гінде 100 теңгелік сияқты шаң­ғын­ың ізі мен теңгенің жасалған жылын білдіретін “2010” деген сан бейне­лен­ген. Теңгенің периметрі бойымен күңгірт жалпақ жиек жүргізілген, онда айналдыра мемлекеттік тілде “Қазақстан Республикасы” және оның ағылшын тіліндегі жазуы ойып жазылған. Сырт жағында Азиаданың логотипі голографиялық орындаумен суреттелген. Сол жерде теңгенің периметрі бойымен күңгірт жалпақ жиек жүргізілген, онда айналдыра мемлекеттік тілде “7-ші Қысқы Азия ойындары” және оның ағылшын тіліндегі жазуы бар. Ал 5 000 теңге­лікке келер болсақ, оның салмағы 1 кг. диаметрі – 100 мм, таралымы небәрі 225 дана. Теңгенің бет жағының тө­мен­гі бөлігінде шаң­ғы ізінің стиль­дендірілген бейне­сімен жасалған жы­лын көрсететін “2010” деген сан бар. Сол жақ бөлі­гінде Тянь-Шань шыршасы бейне­ленген. Бұл шыр­ша Іле Алатауының нышан-айғағы, бей­несі. Ал Іле Ала­т­ауының бөктері Азиаданы қабыл­дайтыны белгілі. Теңгенің сырт жа­ғында орталық бөлігінде күңгірт­телген мұз үстінде Азиада логотипі орналастырылған. Сурет қысқы спорт түрінің идеограммаларымен қор­шалған. Ұлттық банктің деректеріне қара­ғанда 100 теңге 10 100 теңгеге, 500 теңге 6 600 теңгеге, ал 5 000 тең­ге 158 000 теңгеге бағаланып отыр. * * * Ақжолтай! Қазақтың ұлттық биі “Қаражорғаны” “Жезбұйда” қоғамдық бірлестігі мен “Қаражорға” өнер ұжымы Қысқы Азиаданың ашылу салтанатына ұсынып отыр. Өнер ұжымының жетекшісі Талапбек Тынысбектің айтуынша, олар ұлттық биімізді жеке таныстырып, оны кеңінен насихаттау мақсатында ұсынуда. “Біз Туризм және спорт министрлігі мен ұйымдастыру комитетіне ұсыныс-хат жібердік. Егер өтініші мақұлданып жатса, “Қаражорғаны” жоғары деңгейде ұйымдастыруға болады. Ал кәсіпқой бишілерді табу бізге қиын емес”, – дейді ол. Сонымен бірге оның айтуынша, қазір бұл биді Түркия, Австрияда медицина саласында, ал Қытайда оны орта мектептерде жаттығу ретінде қолданады. “Қаражорға” – буын биі. Оның денсаулыққа пайдасы өте көп”, – дейді ұжым жетекшісі. * * * Азиада айшықтары Жуырда Nokіa компаниясы Қыс­қы Азия ойындарының ресми серіктесі болуға әзір екендіктерін және тегін на­вигациялы Ovі кар­таларын Қазақ­станда іске қосатын­дарын хабарлады. ТМД-ның оңтүстік елдеріндегі Nokіa ком­паниясының бас менеджері Карел Голуб­тың айтуынша, компания Қазақстан Қысқы Азиаданы өткізу құқығына алғаш рет ие болып отырғандықтан, ауқымды шараны өткізуге қолдан келгенше көмектеседі. Ол үшін Nokіa алдымен Ovі карталарын Азиада кезінде іске қоспақшы. Қазір Қазақстанда әртүрлі ұялы байланыс қызметтері артып келеді. Енді Nokіa компаниясы жарыс кезінде Ovі желілік карталарын, кейбір смартфон­дардың жаңа модельдерінде кездесетін “Азиада” мобильді қосымшасын енгізетін болады. Соңғысы жарыстар мен Азиаданың басқа да жаңалық­тарын білуге, жарыстың кес­тесін алуға мүм­кінд­ік береді. Бұл қосымша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасалған. Қазір дүние жүзі бойынша күн сайын 1,3 млрд.-тан астам адам Nokіa компаниясының қондырғылары арқылы қарапайым ұялы телефоннан смартфондар мен жоғары өндірістік мобильді компьютерлер арқылы байланысқа шығып жүргенін атап өту жөн. Астанада “Азия ойындары бала­лар көзімен” атты респуб­ликалық шығар­машылық байқауының же­ңім­паздары марапатталды. Елордадағы М.Өтемісұлы атындағы Оқу­шылар сарайында өткен конкурсқа Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан келіп түскен 200-ден астам жұ­мыс ұсынылды. Осы жұмыстардың автор­ларының ішінен жеңімпаздар “Ең үздік сурет”, “Ең үздік коллаж” және “Ең үздік кәде­сый” аталымдары бойынша таңдап алынды. Соның нәтижесінде бірінші, екінші және үшінші орындар бойынша 24 жүлделі орын мен түрлі аталымдар бойынша 16 жеңім­паз анықталды. Мұнда “Ең үздік сурет” ата­лымында бірінші орынды Ясмина Иштаева (Тараз) мен Тамила Хамидова (Павлодар) бө­ліс­се, “Ең үздік коллаж” аталымында Қос­танай облысының ұжымы мен астаналық Әмина Разаева жеңімпаз атанды. Ал “Ең үздік кәдесый” аталымының бас жүлдесіне Бибіфатима Тасымова (Ақмола облысы) мен Михаил Лензинский (Астана) ие болды. Байқауға бисер, саз балшық, былғары, қағаз, мата, табиғи және басқа да материал­дардан жасалған шығармашылық жұмыстар келіп түскен. Осылардың ішіндегі ең үздік жұмыстар Азиада кезінде ұйымдастырылатын көрмеге қойылатын болады. Алматыда Қысқы Азия ойын­дарын халық арасында насихаттау аясында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде “Біз Азиаданы қолдаймыз” атты спорттық-мәдени іс-шаралар өтті. Онда арқан тартыс, бұқа тартыс, қол күрес, эстафета мен басқа да жарыстар өткізіліп, Азия ойындарының тарихы мен оның Қазақстанда өтетін кезегіне дайындық барысы туралы деректі фильм көрсетілді. Осындай спорттық шараның университет қабырғасында өтуі тегін емес. Өйткені, қазіргі күні оқу орны елімізде студенттер арасында спорт­ты дамытуға өзіндік үлесін қосып келе жат­қаны белгілі. Былтыр білім ордасы Қазақ­станның атынан Универсиада ойындарына қатысқан студенттердің ішінде 35 медаль алып, 70 жоғары оқу орындарының арасынан алғашқы ондыққа кірген болатын. Бұл жерде екі дүркін әлем чемпионы, жақында ғана Азия ойын­дары­н­ың жеңімпазы атанған Майя Манеза оқиды. Ол дене тәрбиесі және спорт маманды­ғының 1-курс студенті. “Кар-Тел” ЖШС ЕҚЫҰ Саммиті мен Қысқы Азия ойындарын өткізу кезінде үшінші және төртінші буын байланысын ұсынатын болады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады. ЖШС бас директоры Анатолий Поповтың айтуынша, ЕҚЫҰ Саммиті кезінде 3 G желілерімен Астана мен Алматының бірнеше аумағы, оның ішінде спорттық ны­сандары қамтылады. Сонымен бірге, үшін­ші буын байланысымен Астанада 25, ал Алматыда 40-қа жуық базалық станса іске қосылады. Бетті дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.