• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2010

Мерейімізді асырып, рухымызды асқақтатады

658 рет
көрсетілді

Үлкен іс ешқашан қиындықсыз болмайды. Мемлекетті құтқару үшін бір ұлы адам жеткілікті. Мари Франда Вольтер. * * * Жарқылдаған жасындай, Алдаспаным Нұраға! Айдай әлем алдында Мақтанып бір көрсетер Алға асқаным Нұраға. Бекболат Тілеуханов. * * * Жұлдызды сәт! Жұлдызды жыл! Мерейіңді асырып, рухыңды ас­қақ­тататын сөз ғой бұл. Осы сөз жеке адамға қа­тыс­ты болса да аз қуаныш емес. Ал, бүкіл бір қоғам, бүтін бір мем­лекетке қатысы болса, оның мән-мағынасы мың, миллион есе сал­мақты болмақ. Иә, ай маңдайлы алып еліміз Қазақстан тәуелсіздік ал­ған он тоғыз жылда талай тамаша табыстарға жетіп, айдай әлем ал­дын­да сан мәрте абырой биі­гінен көрін­ді. Тәуелсіздік алғаннан бергі жыл­дарымыз – жұлдызды жылдар. Ал, биылғы ЕҚЫҰ-ға төр­аға бол­ған жылымыз – жұлдызды сәт. Жұл­­дызды сәтте қалғымау керек. Қар­­ны тойса қалғып сала бе­ретін пен­делік тәуелсіз Қазақ­станның азат ойлы азаматымен ауыл үй қо­на алма­са керек. Не нәр­сеге де сүлесоқ қара­майтын, елі үшін алаң­да­мас кезі жоқ Қазақ­станның қатардағы бір азаматы ретінде Ас­тана Саммиті бар­лық отан­дастарым сияқ­ты менің де ме­рейім­ді асырып, рухымды асқақтатады. Елі еңбеккер, ері кемеңгер бол­са, аңыздың өзі ақиқатқа айналады. Соның айқын бір айғағы – кешегі қы­зыл империя құрсауынан бо­са­нып, бостандық алған, бүгінде бү­кіл әлем таныған, танып қана қой­май, мойындаған, мойындап қана қой­май, тарихи қысқа мерзімдегі таң­ғажайып табыстарына таң­ға­лып, тамсанған, ертегінің батыр­ла­рын­дай тез ержетіп, тез есейген ер­кін Қазақстан. Оның балама аты – ғажапстан. Ері кемеңгер, елі еңбеккер бол­са аңыздың өзі ақиқатқа айналады дей­тін сөзімізге көп дәлелдің бір па­расын ғана айтайық. Қазақстан хал­қы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев күл-тал­қаны шығып қираған, эко­но­ми­ка­сы қиюы кетіп, қисайған елде жа­ңадан мемлекет құрды. Басқару жү­йесі баяғыдан жолға қойылған бар мемлекетті басқару да оңай емес. Жаңадан тәуелсіз қазақ мем­ле­кетін құру – шөл даланы гүл­ден­ді­ріп, тақыр жерден тау тұр­ғыз­ған­мен бірдей. Олай болса, Н.Ә.На­зар­­баев мемлекет құрушы кемең­гер Ер, оны қолдап, оған қуат берген, қа­нат бітірген Қазақ елі – ең­бек­кер Ер! Бұл – бір. Екінші – бар бол­­ған он жылда құл­пыр­ған жаңа астана салып, әлем­де­гі ең озық елу елдің қатарына қо­сы­луға ұмтылу да ақиқатқа ай­нал­ған аңыз. Ертегінің де ауқымына сый­майтын, аңыздан да асып түс­кен ең үлкен ақиқат – Қа­зақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға – Еуро­па­дағы қауіп­сіздік және ынтымақ­тас­тық ұйы­мына төраға болуы. Байыр­ғы, бай мемлекеттер сап түзеген, ас­қақ­та­ған ақ жағалы, менмен Еу­ропа мемлекеттеріне төраға болып, төрге озып, төбеби болып, билік айтпақ тұр­мақ, қазақ қашан оның боса­ға­сы­нан сығалай алып еді?! Осы­дан жиырма жыл бұрын біз осындай биік­ке көтері­ле­міз деп ар­мандай да алмаушы едік, мұндай биік мәртебе өңі­міз түгіл түсімізге де кірген жоқ. Оны айтасыз, оған, тіп­тен, аңыз­дың да ауқымы жетпе­ген еді. Енді, міне, түске кірмеген, қиял­дың да құ­шағы жетпеген биікке өңімізде шық­тық. Тәубе, тәубе делік, Алла Та­ғала тіл-көзден сақтай гөр. Ал, осы тарихи ұлы жеңіске қа­лай жеттік деген­де, ең алдымен қай­­талап айтар, қа­дап айтар шы­ғар күн­дей бір шын­дықты ешқа­шан, еш­кім де ай­­налып өте ал­ма­са керек. Ол шын­дық – Ер мен Елдің та­ри­хи ұлы жеңісі – көрегендік пен көл-кө­сір еңбек жемісі. Елін сүймегенді еш­кім де сүймейді. Тау­дың биік­ті­гін, те­ңіздің тереңдігін жанында, жаға­лауда тұрып тани бермейсің. Асқар тау алыстаған сайын биіктей бе­реді, теңіз тереңіне бойлаған сай­ын құдірет-күшін танытып, құ­пия­сын ашады. Сол сияқты уа­қыт­тың өзі тудырған тарихи тұл­ға­лар­ды ол жер басып, көз алдыңда жүр­ген­де ан­ық та­нып, тарихи оқи­ға­лар­ды толық тү­сініп, баға­лай да бер­мей­сің. Та­рихи тұлға алдағыны кө­­ріп, асқар биіктерге бас­тайды. Оның ойы мен ісі ға­рыш­тық жыл­­дам­дықпен жүйткіген уақыттың ал­дын орап жүреді. Қазақстан Рес­пуб­лика­сының бүкіл халық сай­ла­ған тұң­ғыш және қазіргі Прези­ден­ті Н.Ә. Назарбаев қай өлшемнен, қай биіктен қарасаң да асқары ешқа­шан аласармайтын тарихи ұлы тұлға! Сегіз емес, сексен, бәлкім, се­гіз жүз қырлы Нұрекеңнің та­ла­йы­мызды тамсандырған тамаша бір қы­ры – оның арманы ешқашан аласарған емес. Бір биіктен кейін тағы бір биікке ұмтылу, ұмтылып қа­на қоймай, сәтті секіру тән оған. Ел мүддесі, халық бақыты үшін қиял­дағы арманды іске асырып, аңызды ақиқатқа айналдыру – бас­ты мұраты. Алыс жолды жа­қын­да­тып, асыл мұратқа жеткізетін кемел ой­лы кемеңгерлікті де Табиғат-Ана оған жомарттықпен сыйлаған. Ан­дрей Белыйдың бір сөзі бар: “Ақыл­ды адамдар ықпалды бо­ла­ды”, деген. ЕҚЫҰ-ға төраға болу, ең алдымен, Н.Ә.Назарбаевтың ар­қа­сында жүзеге асқаны шығар күн­дей шындық. Төраға болуға тал­пы­нып, ұсыныс беру – биікке ұм­ты­лу, арманның биіктігі болса, оны жү­зеге асыру – кемел ойлы, кең ты­нысты кемеңгер саясаттың жемісі. Төраға болу да тарихи ұлы же­ңіс, әрине. Ал, енді төраға­лық­пен шек­теліп қалмай, он бір жыл бойы өтпеген саммитті Астанада өткізу, оған елу алты мемлекеттің бас­шы­ла­рын шақырып, саммитке қаты­на­су­ға келісім алу – алғырлық қана емес, саясаттағы данышпандық, та­ри­хи ерлік. Назарбаевтың осынау тарихи ерлігінің құпиясына “Мудрость луч­ше воинских орудий” (Ехкле­сиаст, гл. 9, ст. 18) деген анықтама ай­қын жауап береді. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлы бастап, оның талантты, қанатты шәкірті Қанат Саудабаев қостаған Қазақ­стан дипломатиясының да ұлы же­ңі­сі! Халел Досмұхамедұлы бүй деп­ті: “Өз жұртына жұмыс қылып, ең­бек сіңірген адамдарды қадірлеу – ел­діктің белгісі”. Елдік пен ерлік егіз. Ол ешқашан ұмтылмақ емес. “Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лы­ғын жемісті атқарып келеді” деген сая­саттың сорпасын сарқып ішкен шет­елдік аса беделді сая­саткер­лер­дің пікірі де тегін айтылып жүрген жоқ. Оның терең сырын Қазақ­стан­ның Іс басындағы төрағалық кезін­дегі жемісті де жеңісті істе­рі­­нен айқын аңғаруға болады. Қыр­ғыз халқының басына күн туған қысыл­таяң кезде Н.Ә. Назарбаев мұхит­тың ар жағында жүріп, АҚШ Пре­зиденті Обамамен, Ресей Прези­денті Медведевпен ақыл қоса отырып, көрші елде азамат соғы­сын бол­дырмаудың алдын алды. Төр­­аға­лық кезіндегі осындай он­да­ған оң­ды істер Астана Саммитінде Ауған­стан, Қарабақ секілді сан­да­ған күр­ме­уі қатты күрделі түйін­дер­ді тар­қа­туға септеседі деген сенімді кү­шей­те түседі. Астана Саммиті аса үлкен абырой ғана емес, асқан жауап­кершілік екенін еңбеккер ел – Қазақстан да, кемеңгер Ер Нұрсұл­тан да, оның үзеңгілес се­рік­тері де терең түсініп отыр. Бұған Сам­мит қарсаңында жүзеге асырылып жатқан сан алуан саяси жемісті жұмыстар да, ұлы жиынды же­ңісті өткізу үшін Астананың жан-жақты, тиянақты әзірленіп жат­қаны да дәлел. Осыған орай бүгінде аңызды ақи­қатқа айналдырып, абыройы ас­қақ­тап тұрған Қазақстан жайлы үш кезең, үш дәуірде айтылған үш пікірді алға тарту аса қажет. Олар мыналар: “Қызыл империя құрамында бол­ған мұсылман елдердің бірінде ХХІ ғасырдың басында Әділет патшасы салтанат құрады”. Ностра­да­мус. XVІ ғ. “Жо-жоқ! Имандай сырым! Тә­ңі­рім бойына осыншама қабілет да­рытқан халықтың өркениетке жат бо­лып қалуы мүмкін емес. Оның ру­хы қазақ даласында күндей жар­қы­рап сәуле шашатын болады!”. А.Янушкевич. 1973 ж. “Қазақстан – Жер бетінде туып ке­ле жатқан жаңа рухани өрке­ниет­тің бесігі. ХХІ ғасырда қазақ да­ла­сы бүкіл адамзатты таңқалдырып, дү­ние жүзіне үлгі болады!”. В.А.Запредельный. 1996 ж. Тегін айтылмаған бұл сөздерде те­рең сыр, жүрек толқытып, жан те­бірентер жыр бар. Ол сыр, ол жыр – елі еңбеккер, Ері кемең­гер, бү­гіні бекем, келешегі бұдан да ке­мел Қазақстан жайлы тарихи та­быс­тармен сабақтасып, ақиқатқа ай­налған аңызбен астасып жатқан шы­ғар күндей шындық. Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің өтуі, оған 55 мемлекеттің басшы­ла­ры келуі – тарихи ұлы оқиға. Бұл бұқаралық ақпарат құрал­да­рын­да әділ айтылғандай: “Қазақ­стан­ның халықаралық беделі мен Мемлекет басшысының бейбітші­лік­ті нығайту жолындағы ерен ең­бегін мойындау”. Осыдан біраз жыл бұрын төкпе ақын Ғафу Қайыр­беков Елбасы жайлы былай деп төгілдіріп еді: Мен баққұмар емеспін, Маған енді Бақыт, Тақыт – билейтін тамам елді Арман емес Сондықтан да ақ сөйлеймін – Халық қазақ кезегің жаңа келді. Дабырламай, Шуламай, Даналықпен Дауысыңды естіп баяғы дала­лық кең. Көтер көкке ұлыңды Бір сен үшін Мына күнде  маңдайға дара біткен! Сынға түскен екіұдай тұста мына Қарамайды ол бақытқа, Бас қамына Лайық ол байқасаң қазақ түгіл Әлемді де әдемі басқаруға. Алланың жердегі елшісіндей ғой нағыз ақын. Айдарынан жел ес­кен айтулы ақынның аузына бұл сөздерді Алла Тағаланың өзі салды ма екен, қалай десек те, бұдан бір­не­ше жыл бұрын жазылған осы жұл­дызды жыр бүгінгі күнге дәл ке­ліп тұр. Әсіресе, “Халық қазақ ке­зегің жаңа келді” деген сөздері Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лы­ғы сәтін тамыршыдай басып, та­ма­ша айтып тұрған жоқ па? Сосын төр­аға болуымыздың терең сыры – Қазақ­станның айдай әлем ал­дын­дағы талассыз табыстары мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халық­ара­лық аренадағы биік беделі емес пе? Шығар күндей бұл шындықты өзі­міз ғана емес, өзге мемлекеттер де мойындап, бағалап отыр ғой. Қолымда жарқылдаған алтын қалам, Кезім жоқ шежіре жазбай салқындаған. Жұлдызың жана берсін, Қазақстан, Бақыт боп келе берсін әр күн саған, деп ақындық ақ жүрекпен тілек айтамын Тәуелсіз Еліме. Лайым, Астана Саммиті мерейі­міз­ді тағы бір асырып, рухымызды және бір асқақтатқан жұдызды сәт болғай! Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.