НАТО – Ресей: тіл табысу жолында
Лиссабонда өткен Солтүстік Атлантикалық одақтың саммитін сарапшылар тарихи деп бағалап отыр. Онда бұл ұйымның алдағы он жылдық стратегиялық бағыты айқындалды. Онда ауған мәселесі бойынша нақты шаралар белгіленсе, НАТО мен Ресей арасындағы қарым-қатынаста жаңа бетбұрыс жасалды.
Ауғанстан мәселесіне байланысты біздің еліміздің ұстанған бағыты Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінде жан-жақты баяндалып, ол баспасөзде кеңінен жазылды. Бүгін біз осынау басқосуда үнемі әлем жұртшылығының назарын аударып келе жатқан НАТО мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
“28+1” формуласының өзі көп жайды аңғартады. Оны қазақшаласақ, “қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ” дегенге саяды. Рас, кезінде Ресей жағында, нақтырақ айтсақ, КСРО жағында, біраз елдер болған. Заман өзгеріп, олар НАТО-ға қосылуды жөн көрді. Мұны ешкім де сатқындық санамайды. Парасаттылық қай жағында екенін аңғарып, таңдау жасады. Ресей басқалар біздің дегенімізбен жүрсін, НАТО-ға кірмесін дегенді де айтты. Ал Шығыс Еуропаның елдері, мұндай ұстанымға көнбей, тәуелсіз де егеменді елміз, өз тағдырымызды өзіміз шешеміз деп, көпшілігі НАТО-ны барып паналады. “28+1” формуласы солай пайда болды.
Жалғыз қалғанмен, Ресейдің әскери әлеуеті үлкен. Ол НАТО-ны жау санап тұрғанда, онымен есептеспесе болмайды. Содан да екі жақ бір-бірімен аңдысып, бірінің ісіне екінші жақ жауап беріп, қорғаныс дегеннен гөрі қарулану деген жөн болар, иә сол қарулану жарысы жүріп жатты. Қандай да бір шабуылдан, ең алдымен, лаңкестік шабуылдан қорғаныс мақсатында НАТО елдері зымыранға қарсы қорғаныс (ЗҚҚ) шараларын жүргізсе, оны Мәскеу өзіне қарсы әрекет деп бағалады. НАТО жағы сендіре алмады. Екі жақтың арасында сенім болмаған соң, жақындасуға жол жабылады.
Көп нәрсе ниет, ықыласқа байланысты. Жақындасудың орнына бір-бірін жау санап, қалай да бір-бірінен жаулық іздегенде, достасу қиын. “Елдестірмек – елшіден” дейміз. Ресейдің НАТО-дағы елшісі Дмитрий Рогозинді жұрт жақсы біледі. Орыс шовинизмінің туын көтерген осынау қайраткер Ресей мен НАТО арасына достық дәнекер болады дегенге көп адам сене де қоймас. Лиссабондағы саммит басталған күні “Известия” газетінде оның сұхбаты жарияланды. НАТО жөнінде оның аузынан жылы лебіз шықпайды. Тек қаралау, сенімсіздік білдіру. Ниет түзу болса, елдестіруді ойламайтын адамды елшілікке қоя ма дейсің еріксіз.
Жақсылыққа орай, Лиссабонда басқаша ахуал қалыптасты. Саммиттің негізгі құжаты Лиссабон декларациясында” Ресей мен НАТО арасындағы жағдайға байланысты көңіл көншітер жақсы пікір айтылған. Онда “НАТО Ресейге ешқандай қауіп төндірмейді, керісінше, бұл елмен шынайы стратегиялық серіктестік орнатқысы келеді” делінген. Бұған сенбесе, Мәскеуге басқаша айтудың жөні жоқ-ау. Президент Дмитрий Медведевтің Ресей мен НАТО арасында өте маңызды жемісті қарым-қатынас басталып келеді деген сөзі, кейбір қыңыр тартқандарды болмаса, ақ ниетті жұрттың көңілін өсірері анық. Мұны жаңа кезеңнің басталғаны деп қабылдасақ, жөн шығар.
Екі жақтың арасындағы қарым-қатынастағы жаңа кезең дегенде, оны АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Дмитрий Медведевтің аттарымен байланыстыру орынды болар. Олар ерте ме, кеш пе, әйтеуір түсіністікке жетудің қажеттігін аңғарып, шешімді қадамға барып отыр. Бір-бірін жау санамай, қауіп төндіріп отырған апаттарға қарсы бірігіп күресу қажет. Мұны қолдамайтындар екі жақтан да табылады. Парасатты ойды жүзеге асыру да оңайға соқпайды.
ҮШІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСҚА ҰЛАСПАСА КЕРЕК
Газетіміздің сәрсенбі күнгі нөмірінде елді елең еткізген оқиға – қос Кореяның бір-біріне оқ атқанын жазғанбыз. Шынында, бұл әлемді дүрліктірген оқиға болды. Осынау қақтығыс үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласып кетпей ме деген сұрақ көп адамды ойландырып отыр.
Жоқ, ұласпайды деп шешіп айтуға болғандай. Бұл басқаның пікірін мойындамау да емес, өз пікіріңді басқаларға таңу да емес, парасатты ойға жүгіну ғана. Үлкен соғыстың басталуы үшін оған негіз қажет. Бүгінде үлкен саясаттың тізгінін ұстап отырған, әлемнің астан-кестеңін шығаратын қаруы бар алып державаларға бұл соғыстың қажеті шамалы. Отар іздеудің де заманы өткен. Тек бір ашкөз елдер болмаса, біреудің жері біреуге керек емес қазір. Өркениетті, дамыған елдер әлсіз елдерді отарлап, одан пайда таппайды. Сол отар елдерді асырау тауқыметін ешкім қаламайды.
Қақтығысқан екі елдің де жақтастары, одақтастары бар. Нағыз қажеттілік туған кезде көмекке келері де анық. Бұл жерде Солтүстік Кореяның сүйенері деп Қытайды айтуға болады. Бұрынғы досы Ресей еді. Бірақ соңғы кезде ол КХДР-дың жосықсыз саясатын ашық қолдауға бара алмай жүр. Сөйтсе де, АҚШ-қа қарсы әрекетті қолдай кететін әдетіне басып, Пхеньянға іш тартуы мүмкін. Ал Оңтүстік Кореяның тірегі АҚШ екені даусыз. Тіпті басқаны айтпағанның өзінде, сол алып одақтасының бұл елде айтарлықтай қарулы күштері де бар.
Бірақ сол одақтастары бүгін қақтығысқан екі елдің жағына шығып, қақтығысқа араласып кетуі екіталай. Қайта, керісінше, олар бұл шиеленісті өршітпеуге, тоқтатуға күш салуы әбден мүмкін. Мүмкін ғана емес, солай болатыны анықтай. Өйткені, бұл соғыстың, қай тұрғыдан алғанда да, оларға мүлдем қажеті жоқ.
Ой сабақтау үшін осы қақтығыстың қалай басталғанына келейікші. Оңтүстік Корея өзінің КХДР-ға жақын аймақта әскери оқу-жаттығуларын өткізіп, теңізге қарай зымырандар ұшырған. Олар өз жағына бағытталды дегенді алға тосып, Пхеньян Оңтүстік Кореяның Енпхондо аралын атқылайды. Соның салдарынан үйлер қирайды, қаза болғандар бар. Жараланғандар айтарлықтай. Бұған жауап ретінде Оңтүстік жақ та қарсыластарын оқ астына алды.
Екі ел арасындағы қақтығыстың ұшығуына желеу жетерлік. Бірақ әлемдік ауқымда оның одан әрі өршуіне негіз жоқ. Оған одақтас елдер, алып елдер әсте де мүдделі емес. Бұрындары сондай мүдделілік болған кезде бұл аймақ алапат соғыстың от-жалынына оранған. Оны да еске алған артық болмас.
1945 жылға дейін олар бір ел болды. Жапонияның отары болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында бұл түбектің солтүстігін – кеңес әскері, оңтүстігін АҚШ әскері босатты да, соған сәйкес КХДР және Корея Республикасы дейтін екі мемлекет пайда болды. 1950 жылы КСРО мен Қытайға арқа сүйеген Ким Ир Сен оңтүстікті қосып алу соғысын бастады. Оңтүстікті АҚШ қолдап, тіпті БҰҰ арқылы “Халықаралық күшті” де оған қосты. Тек 1953 жылы ұрысты тоқтату жөнінде уақытша келісім жасалды. Бірақ бітім шарты жасалмағандықтан, бұл елдер әлі күнге соғыс жағдайында деп есептеледі.
Бүгінгі қақтығыс, ары кеткенде, тек екі Кореяға ғана керек. Онда да бір-біріне жау екенін, ымырасыз саясат ұстанатынын дәлелдеу үшін ғана керек. Ешқайсысы да бірін-бірі басып алуды көздеп отырған жоқ. Біріншіден, КХДР-дың оған шамасы келмейді, ал Оңтүстік Кореяға өз мойнына ауыртпалық ілудің түкке де қажеті жоқ.
Күндердің бір күнінде корей дейтін халықтың екі мемлекеті қайта бірігетіні күмәнсіздей. Бірақ оған дейін біраз қақтығысары да анық. Өйткені, олардың жолдары әр түрлі. Өмір оларды парасатты жолға түсірер, сонда ғана қақтығыстарын қояды. Оған дейін олар қақтығысады, соғысады. Бірақ бұл олардың өз соғысы. Әлемдік соғыс емес.
Мамадияр ЖАҚЫП