“Қазақконцерт” өнер бірлестігіне 50 жыл. Жарты ғасыр бойы әнімен сусындатып, күйімен төгілдіріп, биімен желпіндіріп ұлттық өнерімізді кәсіби сатыға көтеріп, әлемге танытқан үлкен ұжымның бүгінде абыройы асқақ.
Сол күні киелі өнер шаңырағының “аузы-мұрнынан” толып, ине шаншар орын болмай, көрерменнің үш сағатқа жуық аяғынан тік тұрып, мерекелік концертті тамашалауы – ол ең алдымен өнерге деген құрмет, ықылас еді...
Иә, өткенді еске алмай бүгінгінің бағасын беру қиын. Әне, сахна төрінде жүздері таныс, есімдері белгілі Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Шара Жиенқұлова, Қали Жантілеуов, Жамал Омарова, Мүсілім Абдуллин, Рабиға Есімжанова, Мағауия Хамзин, Мәдениет Ешекеев, Ләззат Сүйіндікова, Нұрсұлу Тапалова, т.б. суреттері ілулі тұр. Бұлар – “Қазақконцерттің” осыдан елу жыл бұрынғы тәй-тәй басқан сәби шағында, оның тұсауын кесіп, негізін қалап, алғашқы қадамына өз үлесін қосқан ұлттық өнеріміздің інжу-маржандары, ұжымның даңқын да, абыройын да асырған өнер өкілдері.
Өткенді еске алып, ыстық ықылас білдірген көрнекті қоғам қайраткері, бүгінде өнердегі ақсақалымыз Жексенбек Еркінбеков жиналған қауымды өнер тойымен құттықтап, арғы-бергіден әңгіме шертті.
– 1960 жылдың басында Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы болып Д.Қонаев сайланды. Мен сол кезде Орталық комитеттің мәдениет секторында қызмет істеуші едім. Димаш Ахметұлы өзіне шақырып алып: “Шырағым, қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясын бөліп, “Қазақконцерт” деген мекеме құрғалы жатырмыз. Сол үшін арнайы қаулы даярлаңыз”, – деді. Дайындадым. Ол кезде филармония қазіргі қуыршақ театры болатын, соған “Қазақконцерт” мекемесі орналасты. Оның негізгі әртістері болып бекітіліп, іргетасын қалағандар суреттері сахнада ілулі тұрған өнер тарландары. Солардың ішінен бүгінде біздің ортамызда Халық Қаһарманы Роза Бағланова отыр. Сол кездері “Қазақконцерт” жылына 12 мың концерт беріп, оны 8 млн. халық көретін. Содан бері елу жыл ішінде “Қазақконцерт” Қазақстандағы іргелі мекемеге айналды. Олардың ерекшелігі – республиканың түкпір-түкпірін аралап, малшы, егіншілердің арасында халыққа қызмет етті. Бұрынғы құрамында 19 облыстық филармония, “Дос-Мұқасан”, “Серпер”, “Жазира” сияқты ұжымдар болса, бүгінде өнер жұлдыздары Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Бағдат Сәмединова, Мақпал Жүнісова, Сембек Жұмағалиев, т.б. еңбек етуде, – деді ол.
Заман өзгергенмен “Қазақконцерт” өз жұмысын жалғастырып келеді. Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан. 50 жылдың ішінде гүлденген, жасарған өнер бірлестігі бүгінде “Қазақ әуендерінің” құрамында.
Салтанатты кеште бүгінгі мерекенің тек өнер ұжымының ғана емес, бүкіл мәдениетіміздің тойы екенін атап өткен Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ілияс Қозыбаев Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, министрлік тарапынан ұжымға сыйақы бөлінгенін, Тәуелсіздік күніне орай бірлестік өкілдерінің бірнешеуі мемлекеттік наградаға ұсынылғанын айтты. Сондай-ақ 10 қызметкерді министрліктің “Мәдениет қайраткері” төс белгісімен марапаттады.
Бір риза болғанымыз, осыншама уақыт ауанында осы шаңырақта өмірге келген қаншама өнер жұлдыздары, небір күміс көмей әншілері бар бірнеше ансамбльдер қазақ өнерінің эстрада саласын биіктерге жетуіне үлкен үлестерін қосты. Міне, осы кеште сол ардагерлердің есімі мақтанышпен аталып, оларды түгел сахнаға шығарып, сый-сияпаттарын жасады.
Мерейлі мерекеге арналған концерттік бағдарламаның беташарын бүгінде осы ұжымның тізгінін ұстап отырған белгілі әнші, көрнекті сазгер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алтынбек Қоразбаев “Әлқиса” ансамблімен ашпас бұрын, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп отырған кеш қонақтарына рахметін білдіріп, “Қазақконцерт” ұжымына шығармашылық табыс тілеп, Шәмші Қалдаяқовтың “Тамды ауылы” әнін шырқады. Одан әрі күміс көмей әншілер Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Бағдат Сәмединова, Мақпал Жүнісова, Майра Дәулетбақова, Айжан Нұрмағанбетова, Нұржан Жанпейісов, Бибігүл Күлімхан, Қорланбек Әлімғазы, биші Перизат Омарбекова, “Мұзарт” тобы және басқалар тойға әннен шашу шашып, көрерменнің ықыласына бөленді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.