Глубокое ауданындағы Черемшанка құс фабрикасы қазір ауыр күндерді бастан кешуде. Бұдан екі жыл бұрын мұндағы құс ауруға ұшырап, мыңдаған басы қырылып қалған еді. Міне, бірер жылдың жүзі болды, кәсіпорындағы жағдай күрт ушықты. Қазір кәсіпорын 600 миллион теңге қарыздар, жұмысшылар алдындағы қарыз да 30 миллион теңгеге таяп қалды. Облыс басшылары кәсіпорынды небәрі бір теңгеге сатып алатын инвесторларды іздеуде.
Жақында облыс әкімінің орынбасары Григорий Пинчук фабрика жұмысшыларымен кездесіп, тұйықтан шығу жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Тауықтарға қажет жем қымбаттап кеткен, азықтың жетіспеуі салдарынан күн сайын бір мың тауық өлу үстінде. “Фабрика күніне 20-30 мың жұмыртқа өндіріп, 450 мың теңге табады делік. Ал кететін шығын күніне 1 миллион 700 мың теңгені құрайды. Осыдан-ақ жағдайдың қиын екенін аңғару қиын емес”, дейді Г.Пинчук.
Ондасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.