Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық парламенттік делегацияның Жапонияға жасаған бір апталық ресми сапары табыспен өтті. Делегация құрамы осы сапар барысында Күншығыс еліндегі нақты биліктің барлық өкілдерімен, соның ішінде мемлекеттік және заң шығарушы, атқарушы, саяси билік басшыларымен кездесіп, Қазақстандағы Елбасы жүргізіп жатқан жұмыстармен, ел экономикасының өрлеу жағдайымен, ашылып отырған инвестициялық әлеуетімен, соларға негіз қалап жатқан заңдардың қабылдану барысымен жақын таныстырып қайтты.
Әлемде экономикалық жетістіктермен таңғалдыру мүмкін емес екі-үш ел болса, шамасы соның бірі Жапония болар. Өйткені, бұл ел өзінің екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жоғары технологиялық жетістіктерімен әлем көшін бастаған елдердің бірі. Даму дегеннің қандай болатындығын, соның ішінде секірісті даму дегеннің қандай екендігін бастан өткеріп, енді бәрін былай қойып, қолдан робот-адам жасауға кіріскен ел. Жапонияның ең беделді кәсіпорны “Тойота” компаниясының негізгі сауда үйі болып табылатын “Тойота цуши” корпорациясының көрсетілім залында осындай роботтардың бірі Орал Мұхамеджанов бастаған делегация құрметіне үрлемелі аспаптан музыка ойнап беріп, қонақтарға басын игенде жапон жетістігіне еріксіз сүйсінгендейсіз.
Міне, осындай елдің басшылығы Орал Мұхамеджановтың әрбір кездесу сайын әңгімелеген Қазақстанның қазіргі жетістіктері мен болашақ даму мүмкіндігіне аса бір ықылас танытып отырды. Себебі оларда жоқ кейбір дүниелер бізде бар. Мәселен, Қазақстанның қазіргі орналасқан орны мен табиғи шикізат ресурстары Күншығыс елін көп қызықтыратындығы мәлім болды. Осы ретте Елбасымыздың Жапониямен қарым-қатынастары туралы айтқанда: “Сіздердің қолдарыңызда бізге қажетті жоғары технологиялар бар, ал біздің қолымызда сіздерге қажет болатын табиғи ресурстар бар”, деген қағидалы сөзі екі ел қарым-қатынасын тереңдетуге барынша мүмкіндік беретін болашақтың кілті екендігін аңғардық.
Жапон жағы тәуелсіздіктің 19 жыл ішінде Қазақстанның қандай ел екендігін әбден аңғарып қалған секілді. Сондықтан Орал Мұхамеджанов бастаған парламенттік делегациямен кездесуге көп көңіл бөлгендігі, өздеріндегі барды байқатып, мүдделердің тоғысу нүктелерін іздестіре бастағандығы сезіліп тұрды. Осы ретте қазақстандық делегацияның ресми сапарының өзі атақты Хиросима қаласынан басталуының да мәні болған секілді. Хиросима – әлемде атом қаруынан алғашқы болып зардап шеккен қала. Ал Қазақстан болса, дүние жүзінде атом қаруынан бас тартқан әзірге жалғыз ел. Біз де Семей полигонынан көп зардап шектік. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың осы полигонды өз Жарлығымен жабуы халқымыздың болашағы үшін де, халықаралық қауымдастықтың қауіпсіздігі үшін де барынша қажетті көреген шешім болғандығын Хиросимадағы атом бомбасының зардаптарын әйгілейтін атақты мұражайды аралаған кезде айқын аңғардық.
Жапон елінің аса ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі болып табылатын Нагоя қаласындағы әлемнің 51 елінде филиалдары мен бөлімшелері жұмыс істейтін “Тойота цуши” компаниясының президенті Джунзо Шимизумен болған кездесу жапондық бизнес құрылымдардың Қазақстанмен әріптес болуға ұмтылатындығын көрсетіп берді. Ал мұның екі жаққа да пайдалы болатындығы анық. Мәселен “Тойота цуши” компаниясы шетелдерге жапон автокөліктерін сатумен қатар астық және металл өндірісі мен саудасына да үлкен мән беріп, осы іспен де белсене шұғылданады екен. Қазақстанның Нагоя префектурасындағы Құрметті консул қызметіне кіріскен компания президенті өздерінің Қазақстанда астықты өңдеу, құс фабрикасын салу, оларды қазіргі заманғы жапондық технологиялармен жабдықтау ісіне кірісуге әзір екендіктерін білдірді. Сонымен қатар “Тойотаның” өндірістік саладағы серіктестерімен бірлесе отырып Қазақстанда осы автокөліктерді басқа да техникаларды шығаратын зауыт салуды қарастыратындықтарын жеткізді.
Қазақстандық делегацияның ең үлкен кездесулері ел астанасы Токио қаласында өтті. Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Орал Мұхамеджанов бастаған делегация бұл жерде өздерін ресми сапармен келіп қайтуға шақырған Жапония парламенті Өкілдер палатасының төрағасы Т.Йокомичимен, парламенттің Кеңесшілер палатасының төрағасы Т.Нишиокамен, елдің жетекші саяси партиясы – Жапония демократиялық партиясының бас хатшысы К.Окадамен, Экономика, сауда және индустрия министрі А.Охатамен, ақыр аяғында атқарушы биліктің жоғарғы өкілі – Премьер-Министр Н.Канмен кездесті. Осы кездесулерден кейін Орал Байғонысұлы қазақстандық журналистерге шағын сұхбат берді.
– Біздің бұл елге келуіміздің басты мақсаттарының бірі Жапония парламентімен бұрыннан басталған байланыстарды қайта бір бекіту болатын. Өйткені, осыдан біраз жыл бұрын екі елдің парламентінде де қарым-қатынастарды дамытуды жақтайтын депутаттық топтар құрылған-ды. Содан бері Жапония парламенті Өкілдер палатасындағы саяси күштер салмағында өзгерістер болып, басым орындарды демократиялық партияның мүшелері иеленді. Міне осы партияның өкілдерімен де толық тіл табысып, парламентаралық қарым-қатынастарды одан әрі дамытатын болдық. Осыған байланысты Жапония парламентінде ұйымдастырылатын жаңа топқа осы елдегі қазіргі жетекші партияның мүшелері ғана емес, басқа да партиялардың мүшелері кіретіндігі келісілді. Мұның өзі бір есептен елдегі саяси күштердің салмағы ауысқанымен парламентаралық ынтымақтастықтардың жүйелі жолға түсуіне қызмет ететіндігі анық. Осындай әңгіме Жапония парламентінің екі палатасының төрағасымен кездесулер барысында пысықталды.
Ал жаңа ғана Премьер-министр Наота Кан мырзамен кездесу барысында екі ел қарым-қатынасының бірқатар мәселелері бойынша әңгіме болды. Біз өз тарапымыздан қазіргі күні Қазақстан экономикасында әртараптандыру үдерісінің жүріп жатқандығын, елімізде үлкен индустриялық-инновациялық бағдарламаның қабылданып, осы бойынша көптеген жобалардың жүзеге асу үстінде екендігін, бұл жағдайдың өзі Қазақстанға шетелдіктердің жаңа инвестицияларымен келуге мүмкіндік беретіндігін жеткізді. Жапон тарабы осының бәріне ықылас танытты. Оларды әсіресе, уранды бейбіт мақсатта бірлесіп өндіру, Қазақстандағы сирек металдар өндірісін дамыту мәселелері көбірек қызықтырады екен.
Сондай-ақ осыдан біраз бұрын Қазақстан тарабы екі жақты инвестицияларды қорғау бағытындағы келісім-шартқа қатысты өз ұсыныстарын жасаған болатын. Премьер-министрмен әңгіме барысында осыған қатысты құжаттардың әзірленуі үстінде екендігін, көп уақыт өтпей әзір болатындығын білдік. Егер осы келісім-шарт әзір болып, оны екі елдің парламенті бекітіп жатса, мұның өзі қарым-қатынастардың одан әрі дамуына қолайлы жағдайлар туғызған болар еді, – деді Орал Байғонысұлы қазақстандық журналистерге берген шағын сұхбатында.
Біз сондай-ақ сапар барысында және жоғарыдағы кездесулерден кейін парламент делегациясының мүшелері – ҚР Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков, Экологиялық және табиғат қорғау мәселелері комитетінің төрағасы Ерлан Нығматулин, Жапон парламентімен ынтымақтастық жөніндегі топтың жетекшісі депутат Сәт Тоқпақбаев, депутаттар Бауыржан Смаилов, Шавхат Өтемісовті де сөзге тартқан едік. Олардың барлығы осы жолғы сапардың сәтті өткендігін, екі елдің арасын жақындастыра түскендігін, Жапонияның Қазақстанмен ынтымақтастыққа ынта танытып отырғандығын жеткізді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Суреттерді түсірген Сайлыбай МАЙЛЫБАЕВ.