Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада “Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік” атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті.
“Жаңа Қазақстан” сериясымен шыққан бұл кітап Президенттің Баспасөз қызметі мен еуропалық атақты ғалым-саясаттанушылардың бірлесіп іске асырған жобасы екен. Басылымда ЕҚЫҰ-дағы төрағалық – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңнің бірі болып табылатыны ашып көрсетілген.
Тұсаукесер рәсімін Ресей Ұлттық стратегиялар институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры, саясаттанушы Юрий Солозобов жүргізіп отырды. Бұл жоба ТМД елдері саясаттанушыларымен қатар, Германия, Франция сияқты елдер ғалымдарының, мәселен, профессор Жоффруа-Ириекс Блетонның, доктор Маттиас Дорнфельдтің және басқалардың қатысуымен іске асырылды, деді Ю.Солозобов. Әрине, біз бұл жобаны тек ресейлік ғалымдардың күшімен де іске асыра алатын едік, бірақ Ресей Қазақстанның стратегиялық әріптесі болған соң оның ғалымдарының пікірлері біржақты болып кетер деген оймен біз еуропалық ғалымдардың да пікірлерін келтіргенді жөн көрдік. Техникалық тұрғыдан алғанда, кітаптың шығарылымында мін жоқ, оны мен полиграфиялық өнердің жәдігері деп бағалар едім. Мазмұны да сыртқы көрінісінен кем болмасына кепілдік бере аламын. Президенттің Баспасөз қызметінің көмегі арқасында біз кітапқа Вашингтонда ядролық қаруға қарсы болған конференция және басқа да әлемдік форумдардағы фотосуреттерді қоса алдық. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “New Europe” журналы мен “Іnternatіonal Herald Trіbune” газетіне берген сұхбаттары да кітаптан орын алып, оның мазмұнын байыта түсті. Авторлар қазақстандық төрағалықтың мақсаттары мен міндеттерін терең ашуға тырысқан. Әлемдік лидерлер деген тарауда олардың Қазақстан төрағалығы туралы пікірлері келтірілген. Онда қазақстандық төрағалықтың жетістіктері, соның ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке еңбегі туралы молынан айтылған.
Осылай дей келіп, Ю.Солозобов саясаттанушылардың негізгі тұжырымдарына тоқталып өтті. Қазақстан туралы айтқанда қай кезде де барлық сарапшылар мен ғалымдар “алғашқы” немесе “тұңғыш” деген сөздерді жиі қолданады. Мәселен, “Орталық Азиядағы алғашқы лидер”, “әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет”, “ТМД-да алғашқы болып” деген сияқты. Соның ішінде он бір жылдан кейін алғаш рет, Орталық Азия мемлекеттері мен ТМД елдері арасында алғашқы болып Қазақстан ЕҚЫҰ Саммитін өткізгелі отыр. Қазақстан көпұлтты мемлекеттің бейбітшілік пен татулықта өмір сүруінің халықтар ассамблеясы сияқты жаңа моделін алғашқы болып ойлап тапты. Сөйтіп, Қазақстан қазір Еуразияның географиялық орталығы ғана емес, саяси орталығына да айналып келеді, деді ресейлік саясаттанушы.
Келесі кезекте ол Қазақстанның әлемдік саясатты айқындайтын ауыр салмақты елдердің қатарынан орын алып отырғанын атады. Бүгінгі күні Қазақстан адамзаттың шағын моделі сияқты. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп қана қоймай, оның саммитін өткізгелі отырғаны осындай жетістіктердің арқасы. Әрине, бұл істердің басында Нұрсұлтан Назарбаев сияқты дара тұлғаның тұрғандығы істің нәтижелігіне әкелгені даусыз. Біздің кітабымыз осы ойларды тереңдеп талдап шыққан, деді ол сөзінің соңында.
Соңынан Ю.Солозобов журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді.