• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
04 Желтоқсан, 2010

Төрағалықтың тамаша табысы – жасампаздықтың жарқын жеңісі

514 рет
көрсетілді

Қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын,  Ұйымның Астана Саммитінің қорытындыларын осылай бағалауда

Хельсинки рухы астана рухымен астасты

Тәуелсіздігін алған жиырма жылға таяу уақыт ішінде Қазақ елі балапандай түлеп, қырандай қанат қағып, іргелі жұрт екенін танытты. Бейбіт істің талай-талай ерліктерін көрсетті. Төрт құбыласын түгендеп, барымен көзге ұрып, тек-тамыры бүтін екенін дәйектеді. Соның ішінде ХХІ ғасырдың айтулы оқиғасына айналған Астана Саммитінің шоқтығы биік. Бұл алқалы басқосу шоқ жұлдыздай алыс-жақынды сүйсіндіріп қана қоймады, сүбелі істің арқауын ширатып, ширыққан жерін мүмкіндігіне қарай шешіп, бәрекелдіге ден қойғызды. Келелі кеңесті өткізу қолға алынғаннан бері осы істің басы-қасында жүрген сенатор, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының мүшесі, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Мұсылмандарды кемсіту-шеттетумен күрес жөніндегі жеке уәкілі Әділ АХМЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік. –  Әділ Құрманжанұлы, екі күн бойы алуан пікірлер айтыла келіп, қабыл­дан­ған Астана Саммитінің басты құ­жаты Декларация туралы оқырман­дарға таратып айта кетсеңіз. – Отанымыздың елордасында төрткүл дүние құлақ түрген Саммит өтіп, оның басты құжаты түнгі сағат он екіде қа­был­данды. Бұл биіктен табылу оңай болған жоқ. Ал оның басты тармақтарына тоқ­та­лар болсам, 56 ел көшбасшылары Аста­наға не үшін жиналғаны туралы айтылып, 35 жыл бұрын өмірге келген Хельсинки Қорытынды актісі, Париж Хартиясы, БҰҰ-ның құжаттары негізінде жұмыс істеу көрініс тапқан. Ол бойынша Декла­рацияның басты қағидаттары, алға қойған міндеттері, оны бұзбай орындау нақ­тыланған. Сол секілді ұйым қауіпсіздігі мемлекеттер қауіпсіздігімен тікелей бай­ланысты екендігі, ешқандай ел өз қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін екінші елге нұқсан келтірмеуі керектігі де айқын­далған. Кез келген ұйымға кірген мем­лекеттің бейтараптығы құқығы өзара сыйластығы сақталады. Өздерінің қауіп­сіз­дігін күшейту үшін басқа мемлекеттің қауіпсіздігін әлсіретпеуі тиіс. Ұйымның ішінде, не ұйымға кіретін мемлекеттер осы ұйымның қауіпсіздігіне, бейбіт тірлігіне ұйытқы болуы қажет. Әскери күшті пай­далану керек болса, заң аясында жа­сал­ған шарттарға сәйкес болып күш көрсету мақсатында қаруды ала жүгіруге жол берілмейді. Бәрі де БҰҰ-ның жарғы­сына, ЕҚЫҰ-ның ұстанымдарына сәйкес келуі, қалай десек те, барлық мәселе үнқатысумен, бейбіт жолмен шешілуі тиіс. Ең бастысы – адам құқығы, адам бос­тандығы, демократиялық құндылықтар, ер­кін сайлау, заңның үстемдігін қатаң сақтау. Осы арада мен демократия туралы ой өрбіткенде,  Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Саммитті ашқан тұстағы мына бір сөзін дәйекке келтіре кетуді парыз санаймын. «Біз әлемнің демократия ешқашан болмаған бөлігінде оны қалыптастырып отырмыз. Қазақстандағы тұрақтылық – бұл, ең алдымен, сенімді экономикалық өсу. Біз кедейшілік өзіміздің жас демо­кратиямызды кемсітпеуі үшін алдымен экономиканы дамыттық. Бар­лық 140 эт­нос­тың және 46 конфессияның төзім­ділігі, та­тулығы мен келісімі Қазақ­станның берік іргетасы бол­ды», деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Шынында, Елбасының осындай озық идеясы бү­гінгідей бедел биігіне көтерді. Кейде біз демократия дегенде оны шексіз еркіндік деп тү­сінетініміз бар. Байыптап қа­ра­сақ, демократия деген сөз  заңды сақтау, еліңді құр­мет­теу, мемлекетіңді әспеттеу болып табылады. Мұндай қадамдардан тыс қалғандардың жағдайы қалай дамып отырғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. – Саммитті Астанада өткізу жө­ніндегі байлам туралы ойыңызды орта­ға сала кетсеңіз. – Бірден айтайын, бұл Қазақ елінің береке-бірлігі мен Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың дана саясатының негізінде жүзеге асып, жоғары дәрежеде орын­дал­ды. Саммит қағидасы бойынша кез келген шешім консенсуспен қабылданады. Бұған дейін Саммит өткізу жөнінде басқа елдерде ұсыныс берген болар. Бірақ олар мұндай форумның қажеттілігіне ұйымға қатысушылардың көзін жеткізе алмаған болулары керек. Тіпті осы кезге дейін Астана Саммитін қалай өткізер екен деген күдіктің болғанын жасыра алмаймыз. Мысалы, 2009 жылдың желтоқсанында Ұйымның сол кездегі төрағасы – Грекияға ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлері жиналған еді. Оған  Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қатысып, Ұйымның Іс басындағы келесі төрағасы ретінде сөз сөйледі. Қазақстанның Көшбасшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның кезекті Саммитін өткізу туралы бастамасын жариялады. Бұл бай­ламды кеңеске қатысқандар 100 пайыз қолдау керек болатын. Бірақ ұйымға мүше кейбір мемлекеттердің белгісіз себептермен іркілуі, қалыс қалуы, тіпті іштей қарсылық білдіруі байқалды. Әйтсе де, біздің азаматтардың біліктілігі мен жан-жақтылығы жоғарыдағыдай екіұшты пи­ғылдарға тосқауыл қоя алды. Бұған Қа­зақстан дипломатиясының пісіп-жетілгені, Отанымыздың ішкі, көп векторлы сыртқы саясатының мықтылығы да үлкен септігін тигізді. Сөйтіп, күмәнданған­дардың көңі­ліне сәуле кірді. Сенімдеріне түскен селкеу ашық күндей жадырады. Сол секілді ТМД мемлекеттерінің ішінде бірінші бо­лып тізгінін ұстаған түркі тілдес, мұ­сылман, азиялық ел Астана Саммитін қа­лай өткізер екен, бұра тартып кетпей ме деген ниетпен әлем елдерінен Отаны­мызға сарапшылар аз келген жоқ. Әсіресе, АҚШ пен Еуропадан зерттеп, зерделей келе күмән сейіліп, елдеріне үлкен үмітпен қайтып жатты. Одан бергі кезең ішінде, яғни төрде отырып төрелік айтқан тұстарда әлемнің төрт бұрышында қиын-түй­ін мәселелер талқы­ланған, ЕҚЫҰ-ның беделін артты­рып, мәртебесін ке­ңей­ту жолында қыруар жұмыстар атқарылды. Соның біреуіне тоқталар болсам, еліміздің өз сөзіне берік, уәдесіне мығым екенін дәйектеген 55 мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің Алматы тү­біндегі Ақбұлақта өткен бей­ресми басқосуы дер едім. Осы алқалы отырыста министрлер ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін өткізу туралы Президент Нұр­сұлтан Назарбаев­тың бастама­сын бірауыз­дан қолдады. Бұл тарихи шешім еді. Тағы бір айтарым, Астана Саммитін өткізуде ұйымның негізгі үш өлшемі бойынша қыруар іс-шаралардың атқары­луы, оның басты бағыттаушысы Елба­сының өзі болғандығы. Ұйым мүше­лерінің сеніміне ие болудағы тағы бір нәрсе Қазақ елінің қандай істе болсын бұра тартпайтын турашылдығы, яғни халықтық ұғымға қарай бейімдесек, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегенге саяды. Соның арқасында беделіміз биіктеді. Осындай игілікті іске бүкіл Қазақстан жұртшылығы, зиялы қауым өкіл­дері, ғалымдар, басылымдардағы қалам қайраткерлері аз үлес қосқан жоқ. Олардың ерекше еңбегін атай кетуді парыз санаймын. – Президент еуропалық немесе азиялық қауіпсіздікті бөлек-бөлек сақ­тау бүгінгі таңда мүмкін емес деген сара байламын алға тартқан еді. – Елбасының бұл ойы бейбітшілікті қалайтын бүкіл жұртшылықтың көңілінен шыққаны сөзсіз. Бұрын қауіпсіздік мәсе­лесі тек Еуропамен шектелетін еді. Астана Саммиті бұл шеңберді Еуразияның шекарасынан шығарып, тіпті төрт мұхиттың арасын түгендеуге жол сілтеді. Еуропалық не болмаса азиялық қауіп­сіздік деп бөліп-жармай, мәселені еуроат­лантикалық және еуразиялық қауымдас­тық қағидаты бойынша қарастырды. Бұл уақыт талабынан туындап отыр. Елба­сының бұл идеясы дер кезінде қанат қақты. Шынында, құрлықтың бір жағында қауіпсіздік сақталып, екінші жағында алауыздық өршіп жатса, ондай қауіпсіздік кімге керек? Ұйымға біріккеннен кейін тілек те, ниет те бір болуы тиіс. Астана Декларациясын қабылдау кезінде ұйымға қатысушылар «Жол картасын» белгілеген де жөн болар еді. Дегенмен ол бұрын арман болып келсе, енді мына құжат негізінде қолға алынады. Бұл – Астана Саммитінің бір ұтқан жері. – Елбасы Саммиті ашқан сөзінде «Ал­ғашқы қадам ретінде ЕҚЫҰ-ның қауіп­сіздік институтын белгілеуді ұсы­намын, ол Астанада орналаса алар еді», деді... – Сұрағыңның төркінін түсіндім. Бұл – ең қажет құрылым. Осыған дейін ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің мұндай қауіпсіздік институты болмаған. Егер бұл бастама жүзеге асып жатса, ұйымның атқарар жұмысы, алдағы міндеттері ғы­лыми тұрғыдан сараптаулардан өтіп, алдын ала болжамдар жасауға негіз қалар еді. Тіпті, ұйымға мүше елдер аумағын­дағы қиын-түйін мәселелердің ауқымы алдын ала  анықталып, аяқ астынан бұрқ ете түсетін қауіпті оқиғаларға тосқауыл қойылар еді. Қалай десек те, ұйымның барлық жұмысын ғылыми тұрғыдан та­разы басында тең өлшеп, ой негізінде қорытынды жасап, болашақта мына өңірдегі мына мәселенің алдын алып, былайша шешуге болады деген тұжырым қабылдауға негіз қалайды. – Әділ Құрманжанұлы, ЕҚЫҰ-ның 2011 жылы төрағалығын атқаратын Литва Республикасының өкілі сізге ұйымның Мұсылмандарды кемсіту-шет­тетумен күрес жөніндегі уәкілі ретіндегі қызметіңізді алда да жалғас­тыра беруіңізді сұраған екен. Сіз бұған келісіміңізді бердіңіз бе? – Маған бұл уәкілдікті Грекия төраға болып тұрған кезде тапсырған еді. Биыл да ол жұмысты жалғастырдым. Алдағы жылға да келісім беріп отырмын. Себебі, мемлекеттердің мәселелерін жақсы білетінімді айта кетсем деймін. Оның үстіне біздің ел келесі жылы да Ұйымға төрағалық ететін үштіктің бірі болып қала береді. Бір сөзбен айтқанда, бұл Саммит мемлекетіміздің айтқан сөзінде тұратын іргелі ел екенін дәйектеді. Оның үстіне тек саясатта ғана емес, рухани әлемде де салмағымыздың басымдығын Саммит алдындағы өнер шеберлерінің концертінде де көрсете алдық. Онда мәмі­легершілігіміз саясатта да жан-жақты көрініс тапты. Менің ойыма осы арада Эйнштейннің қуат жөніндегі формуласы оралып отыр. 16 миллион халықтың қуаты, салмағы, санасындағы тазалығы, елдік істегі тілектестігі Саммиттің жоғары дәрежеде өтіп, нәтижелі аяқталуына септігін тигізді. Мұны атам қазақтан қалған даналықпен ұштастырар болсақ, «Көп тілесе, көл болады», «Жақсы сөз – жарым ырыс» екендігін дәйектеді. Сөйтіп, Батыс пен Шығысты жақындастырған, тұтас еуразиялық идеяны биікке көтерген жоғары деңгейдегі саммит жұмысы Қазақ елінің әлем алдындағы абырой-беделін, бекем тыныс-тіршілігін тағы да танытты. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.