ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер саммит декларациясын қабылдап, жетістікке қол жеткізді, бірақ жаһандық қауіпсіздік қатерлері әлі де бар
/ПРАЙМ-ТАСС/. ЕҚЫҰ елдері Саммитте декларация қабылдады. Жетістікке қол жеткізгеніне қарамастан, жаһандық қауіпсіздік қатерлері әлі де бар. Бұл жөнінде Астана Саммитінің қорытынды құжаты «Жалпыға ортақ қауіпсіздік» декларациясында айтылды. «Әскери-саяси, экономика, қоршаған ортаны қорғау, адам құқы және сөз бостандығы ісінде қол жеткізілген маңызды келісімдер мен қағидаттарды орындау және сыйлау үшін оларды одан әрі алға жылжыту қажет» деп көрсетілген құжатта. 56 елдің әрқайсысы «Ванкуверден Владивостокқа дейін созылып жатқан еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістікте қауіпсіздік жөніндегі тең дәрежелік құқықты пайдаланады, олар басқа бір елдермен қауіпсіздік саласында одақ құру немесе бейтараптылықты сақтау құқына ие» делінген декларацияда. Онда ешбір ел өзінің жеке қауіпсіздігін басқа мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіре отырып қорғау құқына ие емес екендігі атап көрсетілген. Саммит ЕҚЫҰ кеңістігінде қалыптасқан кикілжіңдерді «БҰҰ Хартиясы мен Хельсинки Қорытынды актісінде қаланған халықаралық құқықтың қағидаттарын сақтай отырып, келіссөздер арқылы бейбіт жағдайда шешуге шақырады». «Жаңа кикілжіңдердің пайда болуының алдын алу қажет» деп көрсетілген құжатта. Саммит Ұйымға төрағалықтың 2011 жылы Литваға өтуін құптады. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі жылдың 6-7 желтоқсанында Вильнюс қаласында өтетін отырысында Астана Саммиті шешімдерінің орындалуына баға берілетін болады.Н.НАЗАРБАЕВ: «Еқыұ Саммитінің табысы Астана декларациясының қабылдануы болды»
/ПРАЙМ-ТАСС/. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитінің үлкен табысы Астана декларациясының қабылдануы болды. Бұл жайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Саммит қорытындысы жөнінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. «Менің жеке бағалауым бойынша, жиынның маңызы – біздің Астана Декларациясын қабылдай алуымыз болды», деп атап көрсетті Қазақстан мемлекетінің басшысы. Президенттің айтуы бойынша, Саммитке қатысушылардың халықаралық қатынастардың өткір де өте нәзік проблемаларына қатысты мәселелерді де түбегейлі шешуге деген ынтасы күшті болды. Бірақ оларды шешу – «Қай кезде де болмасын өте күрделі мәселе. Бұл – ескі аурулар, олар бір жылдың ішінде жазылмайды», деп көрсетті Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-ға Қазақстан төрағалығының маңызды жетістігі – шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті болашақта жақындастыруға мүмкіндік беретін Ұйымды дамытудың еуразиялық қырының қалануы болды» деп есептейді. Бұл жайында Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев декларация талқыланып болғаннан кейін былай деп атап көрсетті: «Біздің Ұйымның негізіне қаланған құндылықтар мен қағидаттарды, міндеттемелерді қайта бекіткен бұл декларация жоғары деңгейдегі осы кездесу қорытындысы бойынша маңызды алға басқан қадам болды».ЕҚЫҰ-ның басты проблемасы – ТМД өңірлеріндегі мәселелер болып шықты
/ПРАЙМ-ТАСС/. Астана қаласында 1-3 желтоқсан аралығында өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті посткеңестік кеңістіктегі жағдайдың шешіміне мүдделі екендігін көрсетіп берді. Осы елдер өкілдерінің сөйлеген сөздерінде ТМД-ның үлкен проблемалары көтерілді. Бұл жөнінде Достастық елдерінің басшылары да аз айтқан жоқ. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Орталық Азиядағы жүктердің тасымалына, тауарлар мен қызметтер рыногына қолжетімділік мәселесінде қалыптасып отырған жағдайға байланысты өз алаңдаушылығын жеткізді. Бұл ескерту негізінен алғанда Өзбекстанға қатысты болды. Оның үстіне тәжіктер, өзбектер және қырғыздар үш тараптан өз қатынастарын жиі айқындап отыратын су мәселесі де бар. Молдова өкілі ЕҚЫҰ-ға Приднестровьемен үнқатысуды қалыптастыруға көмектесу жөнінде өтініш жасады. Сонымен қатар, ол Кремльден ел аумағындағы өз әскерлерін тез алып кетулерін сұрады. Германияның Федералдық канцлері Ангела Меркель Молдова мәселесіне қатысты көзқарасын білдіре келе, Приднестровьедегі жағдайды реттеу жөніндегі келіссөздерді қайта бастауды қолдайтындығын білдірді. Оның айтуынша, АҚШ, Ресей, Украина, ЕО және ЕҚЫҰ арасында бір жақтан және Молдова мен Приднестровье арасында екінші жақтан келіссөздерді жүргізу мәселесі ЕҚЫҰ күн тәртібіне енгізілуі қажет. Германия үкіметінің басшысы сондай-ақ Таулы Қарабақ кикілжіңіне қатысты мәселелерді реттеуді жақтайтындығын білдірді. Ресей мен Грузия арасында 2008 жылы орын алған жанжалдың болашақта қайталануына жол бермеу қажеттігін де айтты. Осыған орай Михаил Саакашвили өзінің жауап сөзінде «Грузияның күш қолдануға бармайтынын, тек жаңа шабуылдар орын алған жағдайда ғана өзін қорғау құқығын пайдаланатындығын жеткізді». Басқосуда айтылған маңызды мәлімдемелердің бірі Хиллари Клинтонның сөзі болды. Ол Орталық Азия жөніндегі Вашингтон ұстанымын білдіре келіп, АҚШ-тың осы өңірдегі Қазақстанның көшбасшылық рөлін мойындайтындығын, бұл ұстаным, әсіресе, Қырғызстандағы оқиғадан кейінгі Бішкекте, одан Ташкентке барған сапар барысында одан әрі беки түскендігін мәлімдеді. АҚШ пен ЕО-ның Ресей ықпалы ғана емес, жауапкершілігіндегі өңірге деген ынтасының артуы түсінікті. Бірақ біз де бұл өңірлерді еш уақытта назарымыздан тысқары қалдыра алмайтындығымыз айқын. Ресей оның таяу көршілерінің бейбіт өмір сүруіне басқалардан да гөрі көбірек мүдделі.ЕҚЫҰ Саммитіне қатысушылар Астана декларациясын қабылдады
«Би-би-си». «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитіне қатысушылар Астанада қорытынды декларацияны қабылдады. Саммиттің бұл қорытынды құжатын қабылдау оңайға түскен жоқ. Оны талқылау алдын-ала жоспарланған бір жарым сағатқа емес, он сағатқа таяу уақытқа созылды». Ресейдің қорытынды құжатқа Грузиядағы әскери жанжалды білдіретін сілтемені енгізуді қолдамайтындығы белгілі болды. Ал ресми Тбилисидің ЕҚЫҰ Саммитінің қорытынды құжатына 2008 жылдың тамызында Оңтүстік Осетияда орын алған кикілжің енгізіледі деп үміт күтетіндігі хабарланған болатын. Ресей делегациясы бұл ұсынысқа барынша қарсылық танытты. Сондай-ақ, Армения мен Әзірбайжан арасында орын алған Таулы Қарабақ мәселесінің түйткілдері де үлкен әңгіме өзегіне айналды. Егер еске салатын болсақ, Таулы Қарабақ 1991 жылы өзінің Әзірбайжаннан тәуелсіз екенін жариялаған болатын. Алайда, Әзірбайжан оны өз құрамында сақтап қалғысы келді. Таулы Қарабақты Армения қолдады. Осыған орай орын алған жанжалдан екі жақ 30 мыңдай адамынан айырылды. Ақырында Әзірбайжан Таулы Қарабақ өңіріне бақылау жасау мүмкіндігін қолынан шығарып, Таулы Қарабақ республикасы құрылды. Бірақ оның тәуелсіздігін әлі күнге дейін бірде-бір мемлекет таныған емес. Әзірлеген Сұңғат ӘЛІПБАЙ.