• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Желтоқсан, 2010

Қос құлын

622 рет
көрсетілді

Өзіндік ерекшелігі көзге ұрып тұратын жерлер бар емес пе ?! Ежелден ән мен күйге әлдиленген Қарқаралының рухани әлемі бө­лектігі әмбеге аян. Иісі қазақ­тың баршасына  ыстық әуендерді дү­ниеге  келтіріп,  толқытқан қа­сиет­ті өлке әсте өнерпаздардан үзіл­ген емес. Мәди мен Жүсіп­бектің  кө­зіндей көрінер, үніндей естілер олардың жаңа , жас легі ортасында  сахнада да, өмірде де тел­қоңырдай жарасқан  екі өрен­нің өнеріне жерлестері  біраздан тәнті. Ойнақ­таған киіктей қа­ғы­лез Саянның  домбыраны күмбір­лете шырқатар әндері табиғи та­ланттың бұла құдіретін танытса, қазіргі әуен­дерді әуелетуге бейім   тобылғы жүзді  Кәмшаттың сың­ғыр дауысы жүректерді тер­­­бе­те­ді-ау, шіркін! Асықтай ғана бойына алапат  үн біткен   Саян « Тау ішінде» әні­­нен бастап,  «Сұрша қызға» дейін шырқауға іркілмейді. Ал оны іліп әкетер Кәмшат әдетте  Шәм­шінің өте назды, сазды  әндеріне баурай­ды-ай, тыңдарманын! Ел іші шүкір, дәйім өнер қонған өрендерге кенде емес қой. Бұларға да табиғат тамаша таза, сүйкімді дауысты бере сал­ған. Әттеген-айы  арнаулы музы­калық білімдері жоқ. Әйтсе де  өнерлі от­басыдан  түлеген қос үзенгі­лес­­тің өздіктерінен ізденіп, талап өріне ұмтылыстары  ұшқы­нының жалынға ұласуы қарқара­лылық­тар көз алдында өтуде. Кезінде Париж тұрғындарын тамсантқан әйгілі «Салтанат» ан­самблінің ендігі жұлдыздары осы Саян Бөдесов пен Кәмшат Ба­занова саналады. Қазір баяғы­сын­ша  ауыл арасынан табылып жү­ретін әншілер сирек. Қыр жұрты сол қалпы. Бір уақ көкіректі кернейтін, көңілді көріктендіретін әуендерді  жүзбе-жүз естуге құш­тар. Сондайда құдай айдағандай топ өнерпазбен  бірге орталарына тап бола қалатын Саян мен Кәмшатқа алдымен қуанады. Дегелеңнен Қызыларайға, Ащы­судан Қызылтасқа дейінгі кең бай­тақ  өлкенің  төскейіне шашырай қонған ауылдардың бұлар дауыс­тары жаң­ғыртпағандары жоқ. Жа­пандағы жал­ғыз үйлі қыстақ­тағы­ларға  да таныс. Айналадағы  дүние­ден жы­­рақ күн кешкен жандардың көңіл-күйін көтеру, бесіктен  құлақ­қа ыстық әуендерге сағыныш мау­қын басу  толқы­нысы бір бөлек. Қы­сы-жазғы сапар осы. – Ауыл адамдарын өнер нәрі­нен сусындату, әсемдік әлеміне бөлету бізге үлкен мерей. Дүбірлі ортаға шақырушылар бар. Бірақ неге екені белгісіз, ел ішін қи­маймыз, – дейді екеуі бірінің аузына бірі сөз салғандай. Иә, кейде жүрек әмірі жүр­мейтін себептер  болады.   «Сал­та­нат­тың» даңқын дүрілдетуші­лердің бірі, Әміре атасындай Париж тө­рінде ән салған, бүгінде  аудандық мәдениет үйінің көр­кемдік жетекшісі  Мейрам Әрі­нов­тың айтуын­ша,  Кәмшаттың дауыс ырғағы тор­ғайлық күміс көмей әнші Ғазиза Жұ­меке­нова­ға келеді екен. Ал Саян үні атақ­ты ағасы Қайрат Бай­босыновқа ұқсаңқырай­тындығы бай­­қалады. Қалай болғанда да ән­шілік жа­ратылыстың иелері. Демеп жіберсе үлкен үміт оты тұтанғалы тұр­ғандай. Бұлбұл дауысты қос құрбы-замандас  бұл күнде  Қарқаралы өнерінің көркі мен сәні. Қар­қаралыны  қимайды. Солай бола берген дұрыс та  шығар . Туған жерге перзенттік парызды өтеу­ден  артық не бар ! Айқын   НЕСІПБАЙ. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы.