9 және 10 желтоқсанда Венада «Дін мен ұждан бостандығы» тақырыбында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының гуманитарлық өлшемі бойынша Үшінші қосымша кеңесі өтеді. Қазақстан аталған тақырыпты Батыс пен Шығыс мәдениеттерін жақындастыруға және төзімділікті насихаттауға бағытталған еліміздің Ұйымға төрағалық етуіндегі маңызды басымдықтардың бірі ретінде ұсынған болатын, деді дәстүрлі брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов.
Үшінші қосымша кеңес 2010 жыл барысындағы Ұйымның гуманитарлық өлшеміндегі Қазақстанның алдын ала жоспарланған іс-шараларын аяқтайды. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан төрағалығы гуманитарлық өлшемде адам құқықтарын қорғау саласындағы Ұйым қызметінің тиімділігі мен мәртебесін көтеруге арнаған мағыналы бастамаларды іске асырумен ерекшеленді.
Ресми өкіл сондай-ақ алдағы кеңестің шеңберінде дін саласында білім беру, символика, пікір білдіру, сонымен қатар, дін тұту еркіндігі саласындағы Ұйымның міндеттемелері жөніндегі мәселелерді қарастыру жоспарланғанын атап өтті.
10 желтоқсанда Мәскеуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ең жоғары деңгейде өтетін бірқатар көпжақты кездесулерге қатысады. Солардың ішінде – Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшыларының кеңесі, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесі және Кеден одағы жоғары органының жиналыстары өтеді деп күтілуде. А.Абдрахмановтың айтуынша, жоспарланған іс-шаралар аясында мемлекет басшылары көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуді көздейтін бірқатар құжаттарға қол қойып, бұрын қабылданған шешімдердің жүзеге асырылу барысын қарастырады және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады.
Сондай-ақ, 9 желтоқсанда келесі күні өтетін жоғары деңгейдегі кездесулерге дайындық жұмыстары аясында бірқатар кездесулер жоспарланып отыр екен. Оларға ТМД-ға мүше елдер сыртқы істер министрлері, ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттер сыртқы істер министрлері, қорғаныс министрлері және қауіпсіздік кеңесінің хатшылары қатыспақ.
«Егемен-ақпарат».