• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2010

Индустриялық жобалар тұсаукесері

458 рет
көрсетілді

Еліміздің қуатты мемлекетке айналғандығының жарқын көрінісі болуы тиіс Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен кеше онлайн режімінде өткен селекторлық кеңесте 21 желтоқсанда Елбасының қатысуымен тұсаукесері өтетін индустриялық жобалардың жай-жапсары тағы бір пысықталды. Осы мәселе бойынша Пре­мьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа техноло­гия­­лар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, үстіміздегі жылдың екін­ші жартыжылдығында жал­пы құны 400 миллиард теңгені қамтитын 80 инвестициялық жо­ба­ның іске қосылуы көзделеді. Ал биылғы жылы пайдалануға бе­рілетін 150-ден астам инвес­ти­циялық жобаларға салынған ин­вестициялық қаржы 805 миллиард теңгені құрап отыр. Селекторлық кеңесте осы жо­ба­лардың орындалу барысы жай­ында Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орын­ба­сары Альберт Рау баяндады. Оның айтуынша, 21 желтоқсан күні еліміздің индустрияландыру картасына енгізілген 80 жоба Ел­басының қатысуымен таныс­ты­рылатын болады. Сондай-ақ, осы күні «Қазақстан» концерт за­лын­да «Алтын сапа» аталымы бой­ынша Қазақстанның үздік тауа­рына арналған Президенттің ар­найы сыйлығын және әлеуметтік жауапкершілік бойынша берілетін «Парыз» сыйлығын тағайын­дау шаралары өтеді. Жоғарыдағы 80 жоба іске қо­сылған жағдайда елімізде 11,5 мың тұрақты жұмыс орны ашы­лады. Ал үстіміздегі жылы іске қосылатын жалпы жобалар негізінде 24 мың жұмыс орны құры­луы тиіс. Мұнан кейін Үкімет басшысы әрбір сала және өңір бойынша іске қосылатын индустриялық жо­ба­лардың орындалу барысымен танысты. Осы ретте Мұнай және газ вице-министрі Ләззат Қиы­нов Атырауда газ-химия кешенін салу жұмыстары барысымен және «Бейнеу-Бозой» газ құбы­ры­ның құрылысын бастау ша­ра­ларымен таныстырып өтті. Оның айтуы бойынша, «Бейнеу-Бозой» газ құбырының алғашқы тасын қалау 21 желтоқсанға жоспар­ла­нып отыр. Селекторлық кеңесте сөз ал­ған салалар мен өңірлер басшы­ла­ры іске қосылатын индус­трия­лық жобаларға қатысты әзірлік­тің ойдағыдай екендігін жеткізді. Аталған мәселені қорытын­ды­лаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов 21 желтоқсанда өтетін жобаларды таныстыру шарала­ры Елбасының қатысуымен өте­тін­діктен бұл шараға әзірлікке өте мұқият жағдайда зор жауапкершілікпен келуі қажеттігін тағы бір ескертті. Премьер-Министр осы мәселелерді үй­лес­тіруді Әсет Исекешевке жүктеді. Кәрім Мәсімовтің айтуынша, мұндай жобаларды іске қосу келесі жылы тағы да жалғас­ты­ры­латын болады. Ел тарихында келер жылдың маңызы ерекше. Өйт­кені, дәл осы жылы тәуел­сіз­діктің 20 жылдығы атап өтілмек. Осыған орай аталған жылдың еншісіндегі жобалардың жайын қа­зірден бастап мұқият қолға алған жөн. Күн тәртібіндегі екінші мә­селе бойынша еліміздегі иннова­ция­лық үдерістерді дамытуды не­гіздейтін арнайы бағдарлама­ның жобасы қаралды. Бұл бағ­дар­ламаның жалпы құны 59,5 мил­лиард теңгені қамтиды. Бағ­дарламада негізінен отандық ғы­лымды өндірісті өркендету жо­лына терең тарта отырып, әлем­дік деңгейде алдыңғы қатарлы жоғарғы технологияларды Қазақ­стан жағдайында қолдану мә­се­лесі қарастырылады. Жоба ғылымды көбірек қажет ете­тіндіктен оның орындау бары­сын­да шетелдік алдыңғы қатар­лы ғылыми-зерттеу институт­та­рын қатыстыру көзделіп отыр. Сон­дай-ақ, бұл жобаны әзірлеу ба­рысына да осындай ілгері істерді жүзеге асыру тәжірибесі бар білікті шетелдік ғалымдар тар­тылған екен. Жоба бойынша өндіріске қыз­мет ететін отандық кәсіпорын­дар­ды қолдау мақсатында инно­ва­циялық гранттар қарастыры­лып отыр. Елімізде қазірдің өзін­де бұл гранттарға деген ұмтылыс күшейіп, 400-ге тарта өтініштер келіп түскен екен. Осы бағдарлама жобасын тал­қылау барысында бірқатар ұсы­ныс-пікірлер де айтылды. Қара­ған­ды облысының әкімі Серік Ах­метов осыған дейінгі қалып­тас­қан тәжірибеге сүйене оты­рып, инновациялық гранттарға қаржы бөлу мәселесінде кешіктірушілікке жол бермеу қажеттігін еске салса, Шығыс Қазақстан об­лы­сының әкімі Бердібек Сапарбаев инновациялық бағдарла­ма­ны іске асыру барысында бәрін жаңадан, яғни құрғақ жерден бастамай елімізде осы уақытқа дейін қалыптасқан технопарктер мен ғылыми ұйымдардың әлеуе­тін мейлінше толық пайдалану жөн болатындығын атап көрсет­ті. Әкімнің айтуынша, Шығыс Қазақстанда осы уақытқа дейін жақсы жұмыс істеп көзге түскен «Алтай» технопаркі бар. Оны жаңа бағдарламаға енгізсе жөн болар еді. Сондай-ақ Өскеменде ор­наласқан «Металлургиялық ор­та­лықтың» әлеуетін осындай істерде неге дұрыс пайда­ланбасқа?! Осы мәселе бойынша пікірін білдірген Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бұл жаңа бағдар­ламаның, осы уақытқа дейін жұмыс істеп жатқан индустрия­лық-инновациялық даму бағдар­ла­масының жетістіктері мен мүм­кіндіктерін ескере отырып әзір­ленгендігін, онда кадр мәсе­лесіне де көп маңыз берілгендігін айтты. Осы ретте ол қазіргі уа­қытта қағидаға айналып отыр­ған «ғылымды құрып, ілгері жыл­жытқан ғана емес, сонымен қатар оны рыноктан тез тауып, тиісті мақсатқа пайдалана білген ұтады» деген сөзді еске салды. Бағдарлама жобасы бойынша сөз алған Халибертон компания­сының өкілі А.Алтаев Қазақ­стан­да кадр мәселесін шешу арқылы шетелдік мамандардың орнын ауыстыруға болатындығын айт­ты. Жобаға отандық ғалымдар мен мамандарды пайдаланудың бір артықшылығы сонда, әлемде мұнай өндіру мәселесі мен тех­нологиясы әр елдің өзіндік та­биғи ерекшеліктеріне байла­ныс­ты дамытылып та отырады. Мә­селен, әлемнің басқа жерлеріне қарағанда, Каспийде мұнай өн­дірудің өзіндік ерекшеліктері бар. Отандық кадрларды әзір­ле­ген тұста міне, осындай Қазақ­станның өзіндік табиғи ерекшеліктеріне мән берген орынды болып табылады. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жуықта елімізде «Ғылым туралы» заң қа­былданатындығын еске салды. Сондай-ақ, салалық ғылым бағ­дар­ламасы әзірленуде. Қазақ­стан­дық ғылыми кадрларды әзір­леу ісі осылардың аясында кең талқылаудан өткізілген болатын. Сонымен іске қосылатын жаңа бағдарлама жобасын тал­қылау барысында оның жағымды жақтары, еліміз үшін маңызы атап өтілді. Жоба негізінен мақұлданып, қабылданды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ