Кеше астаналықтар көркем гимнастикадан Жазғы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Анна Алябьеваны қарсы алды. Олардың қатарында Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының өкілдері, Анна оқитын Жоғары спорт шеберлігі мектебі, №1 мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебі мен оның ізбасар сіңлілері болды.
Жазғы Азиадада Анна Алябьева алдымен Мәдина Мұқанова, Марина Петракова (екеуі де – Павлодар облысы) және Мизана Исмаиловамен (ОҚО) бірге команда құрамында, одан кейін жеке есепте 111,450 ұпай жинап, абсолютті чемпион атағына ие болды. А.Алябьева өзінің спорттық өмірінде жоғары санаттағы кешенді жарыстарға алғаш рет қатысты.
– Жоғары ұпайға ие болу, алтын жүлдені иелену кезіндегі сезімдерді сөзбен жеткізу қиын. Нәтижелерді естіген кезде сенер-сенбесімді білмедім, – дейді чемпион қыз. – Чемпион атанғанымды енді ғана сезгендей болып тұрмын. Қазақстанда мені қашанда қолдайтын адамдарға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Енді алда – әлем, Азия чемпионаттары мен Лондон Олимпиадасы бар. Соларға дайындаламын.
Енді А.Алябьева Астанада отбасымен бірер күн демалған соң, Мәскеудегі жаттығуларына қайта кірісетін болады.
«Егемен-ақпарат».