Азиадаға 53 күн қалды
«Егемен Қазақстанның» VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті
* * *
БІЗДІҢ БАСТАМА
Бүгінде спорт бір жағынан ел намысы үшін жан алысып, жан берісетін жарыс болса, екінші жағынан елдің иесі кім екенін, жарыс өтетін елдің салт-дәстүрі мен мәдениетін, өнері мен тарихын көрсететін шара. Осы орайда келесі жылы елімізде тұңғыш рет өтетін Азия ойындарында сан ғасырлар бойы Ұлы дала елінің қалыптасқан мәдениеті пен өнерін, оның тарихын жер-жүзіне насихаттау мақсатында «Мәдени Азиада» жобасының жасалып отырғанын атап өткен жөн. Жақында біз 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарына дайындалу жөніндегі Астана қалалық дирекциясы директорының орынбасары Сәрсен ҚҰРАНБЕКПЕН кездескенімізде, ол бізге «Мәдени Азиада» аясында өтетін шаралар туралы толық мәлімет берген еді. – Жобаның мән-маңызы, оның мақсаты жөнінде айтсаңыз. – Бұл мерекелік іс-шара қазақ халқының тарам-тарам ұрпақ арқылы ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан бай мәдениеті, ұлттық тұрмысы, салт-дәстүрі мен өнерін кеңінен насихаттауға арналған. Азия олимпиялық кеңесінің ережесі мен «2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ арасындағы келісім-шартқа сәйкес жасалған бұл шараның бағдарламасына бірнеше жоба кіреді. Оған кіретін іс-шаралар Азия ойындары өтетін Астана мен Алматы қаласында ұйымдастырылады. Жалпы, бұл жоба бұрын Азия ойындарында болмаған тың жоба. Оның бізге берері көп. Мәселен, алау эстафетасы халықты отансүйгіштікке тәрбиелеу, Азиада идеясын жеткізу болса, «Мәдени Азиада» халқымыздың көнеден бері келе жатқан ерекше бай мұралары мен жәдігерлерін өзімізге де өзгеге де көрсетуге арналған. Жарыс кезінде жоба аясында көптеген іс-шаралар өткізіледі. Осыларды келген қонақтар, 45 елдің Ұлттық олимпиялық комитетінің президенті мен президиум мүшелері, Халықаралық олимпиялық комитеттің өкілдері тамашалай алады. – Жобаға қандай іс-шаралар кіріп отыр? Онда не көрсетіледі? – Біріншіден, біздің ХХ ғасырда салынған бейнелеу өнердің бәрі көрсетіледі. Оларда қазақы дүниеге қатысты суреттердің бәрі болады. Мәселен, онда атқа мінген, көшіп бара жатқан қазақты, көшпенді өмірді бейнелейтін, ұлттық ойындар салынған суреттер жеткілікті болады деп ойлаймын. Екіншіден, фотокөрме ұйымдастырылады. Оған Азия құрлығының үздік фототілшілерінің суреттері қойылады. Көрмеге қазақ спортына да ерекше орын бөлінеді. Оның ішінде фотоөнерге бейімделіп, мамандандырылған адамдардың жұмыстары жеке көрсетіледі. Мысалы, оған ұлттық ойындар мен спорт түсірілген суреттер қатыстырылады. «Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей көрменің халықаралық екендігіне қарамай, қазақ спортына қатысты дүниелерге ерекше назар аударылады. Біз Бауыржан Омаров ағамыздың жас кезінен фотоөнер саласында жалқы мергені болғанын білеміз. Сол сияқты Дендербай Егізовті де жарнамалау қажет етпейді. Бұл кісі 1950 жылдардан бері бүкіл өмірін фотосуретке арнаған адам. Ол кісінің баласымен сөйлесіп, суреттерін көрмеге қою жөнінде келісімін алдық. Жалпы, фотокөрмеде көкпар, қыз қуу сияқты ұлттық ойындарымыздың бәрі ерекше орынға ие болады. Келесі, Азиада кезінде «Астана даусы» музыка және би фестивалі ұйымдастырылады. Бұл да еліміздің өнерін өзге елдерге танытуға, Астананы көрсетіп, дәріптеуге арналған іс-шара. Фестивальға шетелдік қонақтарды да шақыру жоспарлануда. Олар Азияның ең үздік билерін билеп, әндерін орындайтын болады. Ал жергілікті өнерпаздар қазақ халқының дәстүрлі әндерін орындап, билерін билейді. Қысқасы, Азиада спорттық жарыс болғанымен, оны мәдени шараларсыз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені, осындай ірі халықаралық доданы өткізгенде біз халқымыздың мәдениеті мен өнерін ескеруіміз керек. Қазақ алдымен қазақты ән мен күймен сезінетін халық. Кезінде Затаевич «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» дегеніндей, әу демейтін қазақ жоқ екені белгілі. Сол әу демейтін қазақтың ортасынан шыққан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар осы «Астана дауысы» фестиваліне қатысатын болады. Төртінші жоба – қазақтың қазақтығын, дарқандығын танытатын, өткен тарихынан сыр шертетін «Көшпенділер әлемі» этно-мәдени шарасы. Мұнда қазаққа тән дүниелердің бәрі көрсетіледі. Оның ішінде киіз үйлер тігіліп, тұрмыстық заттар мен қажетті құрал-жабдықтар қойылады. Сонымен бірге қазақы тағамдар әзірленіп, салт-дәстүрлеріміздің бәрі қонақтарға ұсынылады. Мұнда қазақтың еті, қазы-қарта, жал-жаясы, қымыз бен шұбаты, бауырсақтары мен басқа да тағамдары болады. Бесіншісі, таза Азиадаға арналып отыр. Ол – балалардың халықаралық конкурсы. Конкурс 1 желтоқсан күні аяқталды. Оған Азияның түкпір-түкпірінен балалар қатысты. Баланың қиялы ұшқыр ғой. Егер біз Азиадаға баланың көзімен қарайтын болсақ, олардың жарысты қабылдауы, түсінігі мен түйсігін осы суреттер арқылы көре аламыз. Бұл іс-шара Қазақстан туралы мағлұматтарды жер-жерге таратуға, елімізді көбірек білу үшін ұйымдастырылған болатын. Келесі жоба – спорт тауарлары мен кәдесыйлар өнімдерінің жәрмеңкесі. Азиадаға келген адам үнемі жарысты тамашалап, мейрамхана мен дәмханаға барып қана қоймайды, ол Қазақстанды біліп, Астана мен Алматының барлық жерін аралағысы келеді. Сондықтан біз қонақтардың уақыттарын үнемдеу үшін қонақ үй мен жарыс өтетін жерлердің арасына отандық спорт тауарлары мен кәдесый өнімдері жәрмеңкесін жасауды мақсат еттік. Астанада мұндай орталық «Сарыарқа» сауда ойын-сауық орнында болады. Мұнда қонақтардың тынығып, кинофильмдер көріп, киім-кешектер мен кәдесыйлар алуларына болады. Ол үшін қонақ үй мен сауда орталығының арасында шетелдіктер үшін арнайы автобустар қатынайды. Жетінші жоба – бұл мұз қалашығы. Ол Астанада жасалады. Біз Азиада кезінде қонақтарға өзіміздің тек үздік, ерекше дүниелерімізді ғана көрсетуіміз керек. Мұз қалашығы сондай дүниенің бірі болады деп ойлаймын. Бұл қалашықты Қытайдың Харбин қаласының «Хунтенда» фирмасы жасайды. Жақында олар Сан-Франциско қаласына барып, өз өнерлерін көрсетіп қайтыпты. Бізде әрине, жыл сайын мұз қалашықтар жасалады. «Күнде жей берсең, палаудың да дәмі кетеді» дегендей биылғы мұз қалашықты біз жылдағыдай, көзге үйренгендей емес, ерекше жасаумыз керек деп ойлаймын. Сол үшін Харбин мамандарын шақырып жатырмыз. Олардың жасаған мұз қалашығы қытайлық мұз мүсіндеріне ұқсамайтын болады. Ол қазақы үлгіде, өзіндік ерекшеліктерімен жасалады. Біз дегі мұз мүсіндері түнде көзге түспейтіндей, көмескі болатын болса, бұл мүсіндерді күндіз де, түнде де тамашалауға болады. Сонымен бірге Азиада кезінде Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Салбұрын» аңшылық кәсіп пен қазақ халқының дәстүрлі 1000 күйі ұсынылатынын атап өткен жөн. ________________ Азиада айшықтары «Бал-Бала7» компаниясы Қысқы Азия ойындарына арнап Bal-Bala атты қар барысының ойыншығын шығарды. Қазақстандық алғашқы интерактивтік қуыршақтың тұсаукесер рәсімінде продюсер Қыдырәлі Болманов бұл сыйкәденің бірнеше түрі жасалғанын, олардың біреуі киім киіп, скейт-бордтың үстінде тұрып сөйлей алатындай жасалғанын айтты. «Қуыршақтың үш түрі бар, – деді ол. – Біріншісі, Қазақстан әнұранын ойнайтын болса, екіншісі Азия ойындарына қатысушыларды қарсы алып тұрады. Ал үшіншісі «Сарыарқа» күйін орындайды». Ал жалпы, Қ.Болманов Азиада қарсаңында 11 жұмсақ, 4 авторлық және жарысқа арналған қуыршақтардың жасалатынын айтты. Сонымен бірге болашақта бес уақыт намаз оқитын қуыршақтың да болатыны белгілі болды. Осындай ойыншықтарды жасау үшін Астанада арнайы зауыт ашу жоспарда бар екен. *** Алматы облысындағы Талғар ауданының Солдат шатқалындағы «Ақбұлақ»тау курорты маңындағы шаңғы спорты мен Бесқайнар ауылындағы «Табаған» кешеніне ресми адамдар жұмыс сапарымен келеді деп күтілуде. Осы жерде олар Азия ойындарына арналып салынып жатқан құрылыс нысандарымен танысатын болады. Бұл спорт кешендерінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. «Табаған» спорттық-сауықтыру кешені жобасының сметалық құны – 185,3 млн. теңге. Тапсырыс беруші – Туризм және спорт министрлігі. *** 4-6 желтоқсан күндері Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында шайбалы хоккейден сынақ жарыстар өтті. Оған 3 әйелдер және 2 ерлер құрамасы қатысты. Жарыс кезінде сарайдың техникалық жабдықталуы, оның қызмет түрлеріне, төрешілер алқасы, еріктілер мен Азиадаға қатысы бар басқа да мамандардың жұмысы сыннан өтіп, соңынан олардың бәріне тиісті баға берілді. Хоккейден «Айсұлу» әйелдер командасының бас бапкері Александр Мальцевтің айтуынша, Балуан Шолақ атындағы сарайда жүргізілген күрделі жөндеу жұмысы хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанаудан ірі жарыстар өткізуге болатынын дәлелдеді. Азиада кезінде Қазақстан құрамасы Қытай, Оңтүстік Корея, Солтүстік Корея мен Жапония құрамаларымен күш сынасады. * * * ОЛАР ОСЫНДА ОРНАЛАСАДЫ (Алматы) ШЫМБҰЛАҚ Іле Алатауы шатқалы nbozhko@lіst.ru Төрт жұлдызды, 68 нөмірлі қонақ үй Хосттаратушыларға арналған ГРАНД ОТЕЛЬ ТЯНЬ-ШАНЬ Бөгенбай батыр д-лы, 155 reservatіons@ts-hotel.kz Төрт жұлдызды, 60 нөмірлі қонақ үй Құқықиеленушілер орналасады АСТАНА ИНТЕРНЕЙШНЛ ОТЕЛЬ Байтұрсынов к-сі, 113 reservatіons@astana-hotel.kz Төрт жұлдызды, 70 нөмірлі қонақ үй Құқықиеленушілерге арналған * * * БИАТЛОННАН БАС БӘЙГЕ КҮТЕМІЗ Биыл Канаданың Ванкувер қаласында өткен Қысқы Олимпиадада биатлоннан ерлер және әйелдер құрамасының лайықты өнер көрсеткені белгілі. Диас Кеңесов бастаған ерлер құрамасы жүлде ала алмаса да намысқа тырысып, үздік спортшылардың қатарынан көрінді. Ал Елена Хрусталеваның елімізге алтын жүлде сыйлағанын білеміз. Бүгінде Қазақстанның азаматтығын алып, елімізге алтын медаль әкелген қызымыз бен ерлер құрамасы Азиадаға жан-жақты дайындалуда. Бұл жаттығу жиындары Алматы облысында өтіп жатқандықтан биатлоншылармен көзбе-көз кездесіп, әңгімелесе алмайтынымызды ескеріп, оқырмандар назарына «2011 жылғы Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ-тың баспасөз қызметінің биатлоншы Диас КЕҢЕСОВПЕН жүргізген сұхбатын ұсынуды жөн көрдік. – Азиадаға дайындық қалай жүріп жатыр? – Қазақстан құрамасына іріктелу үшін дайындық жасап жатырмыз. Ұлттық құрамаға іріктелу өте қиын. Биатлоншы үнемі өзін жақсы ұстап, жақсы жүруі керек. Сонда ғана ұлттық құрамаға іріктеуден өтуге болады. – Қазір қандай мақсатыңыз бар? – Мақсатым – құрама сапына қосылу. Сосын Азиадаға қатысу. – Құрамаға іріктеуден өте алмайтындай проблема бар ма? – Азиадаға құрама сапында екі спортшы ғана қатысады. Бұл өзінше бір проблема. Менің ойымша, биатлонды насихаттау үшін жарыста көп спортшыларды қатыстыру керек. Енді біз Азиадаға қатысу үшін бір-бірімізбен бәсекелесетін боламыз. – Бәсекелесің кімдер? – Ян Савицкий, Александр Червяков. – Біздің құрамада бірінші нөмірлі биатлоншылар бар ма? – Кез келген адам бірінші нөмірлі бола алады. Жарыста үнемі жақсы көрсеткіш көрсете бермейміз. Бірақ жақсы нәтиже көрсету үшін көп жұмыс істеу керек. Қазір құрамада бірінші нөмірлі болуға үміткерлер көп. Олардың ішінде өткен жылғы жарыстарда аутсайдер болғандар да бар. Бір жақсысы, біздің құрамаға шаңғы жарысынан келіп жатқан жастар көп. Олардың иығына мылтық ассаң, жарысқа қатыстыра беруге болады. – Азия ойындарында қандай мақсат қойылып отыр? Естуімізше, сіздер 18 алтын медаль жеңіп алуларыңыз керек екен. – Біз, спортшылар ол жағын көп ойламаймыз. Ол бапкерлердің мәселесі. Біздің жұмысымыз бапкердің айтқанынан шықпай, бір тәртіпте жүру. Егер күшіміз келіп жатса, алтын жүлде жеңіп алуға тырысамыз. Ол үшін алдымен ұлттық құрамаға ілігу керек. Бізге өз жерімізде, өз үйімізде жарысу қиын болып тұр. Өйткені, жанкүйерлердің бәрі бізден тек қана жеңісті күтеді. Ал жеңіс әрқашан бола бермейді. * * * Ақжолтай Қысқы Азия ойындарына әлі екі айға жуық уақыт бар болса да оның ашылу және жабылу салтанаты сағат нешеде басталатыны белгілі болды. Астанаға Азиада алауы 30 қаңтар күні сағат 10.00-ге таман Қарағандыдан әкелінген соң, сағат 17.00-де «Астана-Арена» жабық стадионында Қысқы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты, ал оның жабылу рәсімі Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында сағат 18.00-де болатыны белгілі болып отыр. Оған 912 млн. теңге жұмсалады. * * * АЗИАДА БОЙТҰМАРЫ Келесі жылғы қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалаларында өтетін Қысқы Азия ойындарының тұмары болып Қазақстанның қазіргі заманғы бедерлі бейнелерінің бірі болып табылатын қар барысы таңдап алынғаны белгілі. Қазақстандық барысқа батылдық, тәуелсіздік, икемділік және айбындылық тән. Қысқы Азия ойындарының тұмарын әзірлеген Тигран Тунияцтың пікірінше, қазіргі әлемдік кеңістікте Қазақстан азиялық барыстың кейпінде көрінеді. Мінезінің ішкі сипаттамасы бойынша бұл жыртқыш Олимпиада девиздеріне, дәстүрлеріне өте жақын. 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарының тұмары атағы үшін тартысқа түскен үміткерлер арасында қар барысынан басқа, түлкі, арқар және елік сияқты аңдар да болды. Алайда, сарапшы қазылардың пікірінше, қар барысының айтарлықтай артықшылықтары бар. Біріншіден, қазіргі заманғы ақпараттық кеңістікте қар барысы тәуелсіз Қазақстанның қуаты мен айбынын бейнелейтін негізгі нышандардың бірі болып қалыптасты. Тұмардың ең басты міндеттерінің бірі – Ойын өтетін жердің бірегей рухын бейнелеу. Екіншіден, тұмар Азиаданың жалпы фирмалық стилінің бір бөлігі болып табылады және барлық көрнекі материалдарда жалпы мазмұнмен үйлесіп тұруы керек. Үшіншіден, тұмар қазіргі заманғы олимпиялық қозғалыстың құндылықтарын тікелей көрсетуі тиіс, ал қар барысы нағыз олимпияшының негізгі қасиеттерін бойына жинақтаған, оның бойында күш те, батылдық та, төзімділік те, қайырымдылық та бар. Төртіншіден, қазіргі әлемде спорттық тұмар міндетті түрде өз халқының дәстүрлерін, оның тарихын және маңызды мәдени ерекшеліктерін көрсетуі тиіс. Барыс бұл арада көп қырлы, мағыналы символ ретінде орын алып тұр. Зооморфтық бейнелердің ежелден көшпелі өркениет мәдениетінде әлемнің үлгісін көрсету құралы ретінде қызмет еткені белгілі. Бесіншіден, сақтардың мифологиялық елестетулерінде барыс әділдікті қорғаушы болып табылады, яғни ол жоғары төреші ретінде болып жатқан көріністерге жоғарыдан көз салатын. Сондай-ақ, барыс Өмір ағашының шынайы қорғаушысы ретінде қызмет етеді. Осылайша ғарыш әлемін тәртіпке келтірудің қорғаны, әлем тұрақтылығының кепілі болуы арқылы олимпиялық қозғалыстың негізгі идеяларымен үйлеседі. Қысқы Азиада – 2011 нышанының пайда болуы мына аңызбен байланыстырылады: «Биік тауда ірбіз деген қар барысы өмір сүріпті. Оның ептілігіне, күші мен төзімділігіне ештеңе тең келмейді. Ол қардың үстінде айнала жүгіргенді, шатқалдардан секіргенді және бір орында тұрмау үшін үнемі өзіне ермек ойлап тауып отырады. Бірақ, өкінішке орай, биік тауда онымен ойнайтын ешкім болмады, онда тек үркек арқарлар мен тәкаппар қырандар ғана өмір сүрді. Ал ірбіз достарының көп болғанын қалады. Бір күні ол өзі өмір сүріп жатқан елдің екі үлкен қаласы – Астана мен Алматыда Қысқы Азия ойындары деп аталатын үлке мереке болатынын, оған әртүрлі елден қар барысындай мықты, күшті және төзімді адамдардың жиналатынын естиді. «Міне, мен солардың арасынан өзіме айнымас дос табамын» деп қуанған ірбіз жолға шықты». Тұмарға ат қою барысында сол кейіпкерге сай, басқа тілде атаған кезде жеңіл әрі түсінікті болуы керек. Оның сыртқы кейпін көркемдеу кезіндегі тағы бір маңызды аспектілерінің бірі барысты адамға тән қасиеттермен сипаттау болды. Бетті дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН.