• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2010

Саммит сенімді нығайта түсті

492 рет
көрсетілді

Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына төраға­лық ету біздің еліміз үшін биік мәр­тебе болды. Ал Астана Саммиті қазақстандықтар  үшін ха­лық­тық және жалпыұлттық оқи­ға­ға айнал­ды. Міне, осы­ның бір дәлелі Эко­номикалық қыл­мысқа және сы­байлас жемқор­лыққа қарсы кү­рес агенттігінің Қаржы поли­ция­сы академиясында өткен кездесуде көрініс берді. Академия офицерлері мен тыңдау­шылары ал­дын­да СІМ ерекше тап­сырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жар­бо­сынова еліміздің ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық етуі мен оның Астана Саммиті туралы әңгімеледі. Өткен жылы Парламент оты­рысын ашарда Елбасы  ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз жалпы ұлттық стратегиялық жобаға айналуы тиіс деген еді. Расында қазір енді бай­қап қарар болсақ, төрағалық та, Саммиттің өзі де жалпы­ұлт­тық құндылығымызға айналды. Оның ойдағыдай өткізілуіне, Сам­­митке дайындық барысына бар­лық мемлекеттік салалар, аза­маттық қоғам өкілдері түгел ат салысты, деді Мәдина Жарбосынова. Жалпы, ЕҚЫҰ құрамына 56 қатысушы мемлекет кіретін жал­пы­еуропалық ұйым болып табы­ла­ды. Ол БҰҰ Жарғысына сәйкес Еуропадағы дағдарыстық ахуал­дың алдын алу және оны болдыр­мау, көрініс берген жанжалдарды реттеу мәселелерін қарастырады. Сол сияқты қару-жараққа бақы­лау жасау, алдын алу дипло­ма­тиясы, сенім шаралары мен қауіп­сіздікті нығайту, адам құқықтары, сайлауға бақылау жасау, сондай-ақ экономикалық және эколо­гия­лық қауіпсіздік мәселелерімен ай­налысады. Сондықтан біздің елдегі Саммитке дайындық барысы өте мұқият жүргізілді. Өйткені, ұйымға қатысушы елдердің бірде-бірі өзекті мәселелерді шешу үшін он бір жыл бойына бас қос­қан жоқ, яғни ЕҚЫҰ саммиті өт­кізілген жоқ. Ал бұл уақыт ара­лы­ғында әлемде қаншама өзгерістер болды. Жаңа заманға сай жаңа міндеттер туындады. Бірақ, он бір жылдан кейінгі үзілістен соң Сам­мит өткізу қажеттігін жариялау да оңайға түспеді. Бұл үшін Елбасы бірнеше мәрте халықара­лық кездесулер өткізді. Ұйымның төрағалығын қолға ал­ғанға дейін бірнеше жыл бой­ына Қазақстан ЕҚЫҰ-ның ірі іс-шараларын өткізді. Мәселен, адам саудасына қарсы күрес, мә­де­ниетаралық, дінаралық және этнос­аралық түсінік, сенім ша­ра­лары мен өңірлік ынтымақтастық және ЕҚЫҰ-ның Парламенттік ассамблеясының сессиясы ұйым­дас­тырылды. Ал 2007 жылғы қа­рашада ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің Мадридтегі кездесуінде Қазақстанның Ұйым­ға 2010 жылы төрағалық етуі ту­ралы нақты шешім қабылданды. Елбасы жүргізген сындарлы саясаттың нәтижесінде 2010 жыл­ғы қаңтардың 1-інен бастап ЕҚЫҰ-ның Төрағасы болған Қа­зақстан жыл бойы әлемге төрелік айтты. ЕҚЫҰ-ның кезекті Саммитін Астанада өткізу еліміз қол жеткізген кезекті жеңіс қана емес, ол біз үшін мерейлі мәртебе бо­лып табылады. Елбасы осы тарихи шешімнің қабылдануына бай­ланысты жасаған мәлімдеме­сін­де: «ЕҚЫҰ төрағалығына кірісе отырып, біз ұйымның жаңа қауіп-қатерлерге, бірінші кезекте, терроризм мен есірткі тасымалына қар­сы тұрудағы рөлін нығайту жөніндегі өз ниетімізді мәлім­де­ген болатынбыз. Осыған бай­ла­ныс­ты біз Ауғанстандағы жағдай­ды бейбіт реттеу жөніндегі күш-жігердің белсенділігін арттыруды қазақстандық негізгі басымдық­тар­дың бірі ретінде ұсындық. Біз ЕҚЫҰ бойынша әріптестері­міз­дің назарын Орталық Азиядағы қауіпсіздік проблемаларына ауда­ру­ға ұмтылған кезде, ешкім де Қыр­ғызстандағы терең саяси дағ­дарысқа болжау жасай алған жоқ. Осы елде орын алған қайғылы оқи­ғалар кең көлемді өңірдің тұ­рақтылығы үшін нағыз ескерту белгісіне айналды. Ол ЕҚЫҰ, басқа да халықаралық ұйымдар мен бүкіл әлем жұртшылығы тара­пынан тиімді шаралар қабыл­дауды қажет етті», – деді. Елбасының сөзімен айтқанда, Қа­зақ­стан үшін ЕҚЫҰ-ға адам­зат­тың жаңа тарихындағы аса күр­делі кезеңде төрағалық етудің аса жоғары жауапкершілігі жүк­телді. Екі күнге созылған ЕҚЫҰ Сам­ми­тінің қорытынды құжаты – Астана декларациясы түн ортасы ауған шақта сәтті қа­был­данды. Мұны пленарлық оты­рыс бары­сын­да Мемлекет бас­шы­сы Н.На­зарбаевтың өзі мәлім етті. Сөйтіп соңғы 11 жылдың ішінде алғаш рет ЕҚЫҰ-ның Декла­ра­ция­сы қа­былданды. Бұл – бәрі­міздің ортақ жеңісіміз. Мемлекет басшысы «Аталмыш құжат ұйым өміріндегі жаңа кезеңге бастау алатынына сенім мол», – деп атап көрсетті М.Жар­бо­сынова. Александр ТАСБОЛАТОВ.