15 желтоқсанда Венадағы Хофбург сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының аяқталуына орай концерт пен салтанатты қабылдау болып өтті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының Арнайы елшісі, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов меймандар алдында құттықтау сөз сөйледі. Ол ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер мен атқарушы құрылымдарға жыл бойына көрсеткен қолдау-көмегі және Астана Саммитін табысты өткізуге ықпалы мен белсенді қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
Қазақстан Президентінің атынан ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоға салтанатты жағдайда «Достық» ордені табыс етілді.
Бас хатшы өзінің жауап сөзінде Қазақстанды ЕҚЫҰ-дағы табысты және шын мәнінде тарихи төрағалығымен құттықтады. М.П. де Бришамбо өзіне тапсырылған награда Астана Саммитін дайындап өткізу жолында еңбектенгендерге арналғанына, форумның ЕҚЫҰ үшін үлкен табыс болғанына сенімді екенін білдірді.