«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановқа
Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап мерзімді баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр. Облысымыздың жергілікті атқарушы билік органдары аталмыш жұмыстың саяси маңыздылығын ескере отырып, республикалық басылымдарға жазылуды ұйымдастыруда қолдау көрсетуде.
Бұл орайда, әрине, заманымыздың заңғар басылымы, қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – «Егемен Қазақстанның» алатын орны ерекше. Себебі, көзі қарақты оқырман егемен еліміздің еселі жетістіктері, қарыштап дамып келе жатқан Қазақстанның саяси-экономикалық, әлеуметтік салалардағы толағай табыстары, шешімі кезек күттірмейтін көкейкесті мәселелер туралы шынайы жазылған материалдарды дәл осы басылым беттерінен таба алады.
Тәуелсіз еліміздің айнасы – «Егемен Қазақстан» газетін қойнауы қазынаға толы, қасиетті Қарағанды өңірінің жұртшылығы да сүйіп оқиды. Оның біздің облысымыздағы таралымы жоғары басылымдардың бірі екендігінің өзі – осы сөзімізге айқын дәлел бола алады. Бүгінгі таңда облыс бойынша «Егеменнің» 13317 данасы жазылып алынды. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 600 дана артық.
Газет ұжымының еліміздің сәулеті мен дәулеті, баянды болашағы жолындағы еңбектеріне сәттілік және шығармашылық табыс тілеймін.
Серік АХМЕТОВ, Қарағанды облысының әкімі.