• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2010

256 үміткерге «Болашақ» стипендиясы тағайындалды

435 рет
көрсетілді

Дәл осы күні Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Шетелде кадр­лар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның 2010 жылдың қорытынды мәжілісі болды. Биылғы жылғы қарашаның 8-і мен 10 желтоқсан күндері аралығында өткізілген конкурстық ірікітеудің бірінші және екінші тураларының нәтижелері бойынша Республикалық комиссияның қарауына «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін 519 үміткердің жеке істері ұсынылды. Олардың ішіндегі 101 үміткер кон­курстық іріктеуге шетелдік жо­ға­ры оқу орындарына өз бетімен түсу арқылы қатысса, 418 үміткер жалпы конкурс негізінде өткен. Өзге елдерде оқуға ниет білдір­ген­дердің жалпы саны мынадай: бакалавриат – 186, магистратура – 228, кли­ни­калық ординатура – 8, доктарантура – 1, ғылыми тағылымдамаларға – 96 үміткер. Отырыс барысында белгілі бол­ға­ны, жастардың басым бөлігі өз құ­жат­тарын АҚШ (174 адам), Ұлыбри­тания (122 адам), Ресей (49 адам), Канада (44 адам) секілді мемлекеттерде оқу үшін тапсырса, қалған үміткерлер Фран­ция, Ирландия, Чехия, Нидер­ланды, Швеция, Швейцария, Малайзия, Германия, Австралия, Қытай, Норвегия секілді елдерді таңдапты. «Болашақ» стипендиясынан үміт­­кер жастардың көпшілігі «Ақ­парат­тық технологиялар мен жүйе­лер», «Мем­лекеттік басқару», «Мұнай-газ ісі», «Құрылыс және сәулет», «Құ­қық», «Биотехнология», «Экономи­ка», «Математика», «Білім беру сала­сындағы басқару» секілді ма­ман­­дық­тар­ды жан-жақты меңгеруге ниет білдірген көрінеді. Комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі 17 жыл ішінде «Болашақ» халық­аралық стипендиясы жас мемлекеттің дамуына қажетті салаларда мыңдаған маманды даярлауда өзінің қажеттілігі мен тиімділігін көрсеткенін атап өтті. «Алайда, Астанада барлық жоғары ха­лықаралық стандарттарға сай келетін «Назарбаев Университетінің» жұ­мыс істеуіне байланысты біз сти­пен­диаттарды іріктеу мен оларды шетелге жіберу қағидаттарын қайта қа­рап шығуымыз қажет. Ол үшін атал­ған ун­иверситетте білім алатын сту­дент­тердің мамандықтарын «Бола­шақ» бағ­дарламасынан шығаруымыз қа­жет. Ал жалпы алғанда болашақта Қа­зақ­станда Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен білім берудің барлық жоғары талаптарына сай келетін университеттер бой көтеретін болады. Алайда, олардың арасында «Назарбаев Университетінің» шоқты­ғы биік болмақ. Бұл – біздің еліміздегі білім сапасының халықаралық стан­­дартқа жауап беретінін айғақтайды», – деді ол. Шетелде кадрлар даярлау жө­нін­дегі республикалық комиссия оты­ры­­сы­ның корытындысы бойынша 256 үміткерге «Болашақ» халық­аралық сти­пендиясын тағайындау жөнінде шешім қабылданды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.