• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
25 Желтоқсан, 2010

Еңсесі биік Елбасы

1382 рет
көрсетілді

Кеше адамзат өркениетінің алтын бесігі саналатын өр Ал­тай­дың өр биігінен, аңқылдаған ағайын-бауырдың жүрегінен ақ­жа­­рылқап леп есті. Ұлы Абай­дың, данышпан Мұхтардың елінен бастау алған бұл бастаманың барша қазақстандықтардың жү­ре­гіне жол табатынына өз басым шығар күндей сенемін. Жұбан ақын айтса айтқандай, қазақ «мың өліп, мың тірілген» халық. Бірақ кешегі сақ, ғұн, көк түрік, Алтын Орда, Қазақ хан­дығы заманында дәл бүгінгідей атағы аспандап, абыройы асқақ­тап көрген емес. Халқымызға осы атақ пен абыройды әперген – ұлты үшін туған ұлы қайраткер, еңсесі биік Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Жалпы, сайлау не үшін керек? Міндетті түрде ел ішін дүрбе­леңге салып, сансыз көп қағаз толтырып, әлдебір алпауыт ел, беделді халықаралық ұйымдар алдында есеп беру үшін бе, әлде ел тағдырын, халық болашағын кемел ойлы кемеңгердің қолына тапсыру үшін бе? Әрине, данышпан Абай айт­қандай, елдің екі тізгін, бір шыл­бырын Елбасының қолына тап­сыру үшін. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақ өз таңдауын әлде­қашан жасап қойған. Орыста: «От добра добра не ищут» деген мақал бар. Қазақтың атын да, атағын да әлемнің биігіне көтерген адамға қандай балама керек? Қашанда кесек турап, кесімді сөз сөй­лейтін ақылман-академик Зейнолла Қабдоловша айтар болсақ, «Назарбаевқа балама жоқ». Мен тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары­нан бастап, ел ішіндегі, шет елдердегі сан алуан сапар­ла­рын­да Елбасының қамшылар жа­ғында жүріп, бүгінде әлдеқашан тарих төрінен орын алған аса үлкен оқиғалардың куәсі болдым. Сондықтан ел тарихындағы осы ең бір елеулі күні туған өлкеден жеткен шын пейілді үндеуге өз үнімді қосуды жөн көрдім. Елбасының қазақ халқы ал­дына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оны өз ішіміздегі де, сырт жұрт­тағы да небір саясаткерлер талай мәрте тамсана айтып, таңдана жаз­ды. Мен де елі үшін туған Ел­басы­ның халқымызға жасаған өлшеусіз еңбегін осы бір тарихи күні қалың елдің есіне сала кеткім келеді. Ең алдымен, ел тәуелсіздігін алғанда Бұхар жырауша айтсақ, «өгіздің терісі талыстай» ұлан-байтақ қазақ даласы ешбір ха­лық­аралық құжатпен ресімделмей, ашық-шашық жатқан еді. Тіпті қазақ жерінің Балқашқа дейінгі бөлігі қытай оқулық­тарын­да қызыл империя территориясы ретінде көрсетілсе, Кеңес Ода­ғы­ның президенті М.Горбачев би­лі­гі­нің соңғы кезеңінде Қазақ­стан­ның солтүстік облыстары Ресейге тиесілі дегенді айтып, отқа май құйған болатын. Сол кезде айыр қалпақты, ала тақиялы, сеңсең бөрікті ағайындар арасында да қазақ жеріне көз аларта қарай­тындар жетіп-артылатын. Міне, осындай «гордий түйінінен» де қиын мұраны кемеңгер Елбасы қи­сынмен шешіп, қазақ шека­ра­сын халықаралық құжаттармен бекітіп, біржолата және мәңгі­лікке шегендеді. Екіншіден, бастаманың Семей өңірінен басталуында да көп мән бар. Ұлы Абай, кемеңгер Шәкә­рім, данышпан Мұхтар туған то­пырақта Кеңес Одағы кезінде әр­қайсының қуаты Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбадан әлденеше рет асып түсетін 500-ге жуық ядролық жарылыс жаса­лып, ұлылардың жаннат бағы то­заққа айналды. Семей полигоны­нан қазақ көп зардап шекті, әлі де шегіп келеді. Осы ажал апанын 1991 жылдың өзінде-ақ жапқан Елбасымыз екенін Семей түгілі, күллі қазақ жұрты ешуақытта ұмытпақ емес. Н.Назарбаевтың бүкіләлемдік ядролық қарусыз­дануға, атом жарылыстарын тоқ­тату мен бейбітшілікті сақтауға қосқан осы бір теңдесі жоқ үлесі оны сол жылдардың өзінде-ақ әлемдегі батыл ойлы мемлекет басшыларының қатарына қосты. Үшіншіден, ел тәуелсіздігін алғана, мемлекет қазынасында көк тиын да болмағаны өз ал­дына, Қазақстан Республи­касы­ның өз валютасы да жоқ еді. Ұлт­тық теңгеміздің атын да, затын да ойлап тауып, оны сыртқа сыр шығармай, алдын ала шетелде бас­тырып, он жеті жыл ішінде ая­ғынан тік тұрған валюта жаса­ған көреген Елбасымыз болды. Дәл қазір сіз осы жолдарды оқып отырғанда, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Ұлттық қоры мен ал­тын-валюта қорында 60 миллиард АҚШ долларына жуық қара­жат сақталып тұр. Осыдан он бес жыл бұрын бұл туралы арман­даудың өзі де қиын еді. Ендеше, мұндай азаматты көреген демей не дерсің?! Төртіншіден, елдің етек-жеңін жинап, ұлттық теңгені айналымға енгізген соң Назарбаев саяси ре­форманы мықтап қолға алды. Ке­ңестік дәуірден қалған ескі Конс­титуцияны қайта-қайта жа­мап-жасқаудан шаршаған қазақ қо­ғамы­на тың тыныс, соны серпін қо­сатын жаңа Конституция ұсынды. Айтпаса, сөздің атасы өледі. Ақиқат шындыққа жүгінер бол­сақ, бүгінде уақыт сынына төтеп берген Ата Заңымыздың атасы да, авторы да Елбасы. Мұны жақын­да Президент Кеңсесінің басшы­сы, Елбасының бас жылна­ма­шысы Махмұд Қасымбеков тайға таңба басқандай-ақ жазды. Бұл Конституция тәуелсіз ұлттық заңнама жүйесіне берік іргетас болып қаланды. Заң шығарушы, атқарушы билік пен тәуелсіз сот жүйесінің негізін құрды. Президенттік биліктің іргесін бекітті. Береке-бірлік пен ынтымақтың діңгегіне айналды. Осының өзі Елбасы даналығының айқын айғағы болса керек. Бесіншіден, Елбасымыз Ата Заңға негіздеп, ел тарихында тұң­ғыш рет қос палаталы кәсіби Пар­ламент түзді. Әуелгіде осы үр­дісті жатырқай қабылдаған көр­шілер, бүгінде жапа-тармағай өз парламенттерін Қазақстан үл­гі­сімен қос палаталы етіп жа­сақ­тауға кірісті. Қай саясатта болмасын таразы басын тең ұстауды жөн көретін сабырлы Елбасы ұсынған қос палаталы Қазақстан Парламенті уақыттың барлық сынынан сүрінбей шығып, өзінің 15 жыл­дығын абыроймен атап өтті. Алтыншыдан, тәуелсіздіктің берік қорғаны әрі қалқаны болған Қарулы Күштерді құрып, оның Жоғарғы Бас қолбасшысы тізгінін ұстады. «Сақтансаң – сақ­таймын» дейді Жаратушым. Қорғалған тәуелсіздіктің ғана іргесі берік, түтіні түзу болмақ. Кешегі Әзірбайжан, Молдова, Грузия, Қырғызстандағы қанды оқи­ғалар осыны көрсетті. Ал біздің Тәуелсіздік жылдары бірде-бір қазақ анасы соғыста шейіт бол­ған баласын жоқтаған жоқ. Бұл – Жоғарғы Бас қолбасшысының нағыз ел қорғаны болғанды­ғы­ның тағы бір бұлтартпас дәлелі. Жетіншіден, мемлекеттілік инс­­титуттарын берік орнық­тырған Елбасы бүгінде «Қазақ­стан-2030» деген атпен әлем саясаткерлері әлдеқашан мойында­ған қазақстандық жолды айқын­дады. Оның нәтижесін бір-ақ цифр­мен түйіндер болсақ, 1995 жылғы елдің жан басына шаққан­дығы бар-жоғы 700 доллар ша­ма­сындағы жиынтық өсімінің мөл­шері биылғы жылы 7700 доллар­ға жетіп, 11 есеге дейін өскенін айтар едік. Әлем тарихында кейінгі 15 жыл ішінде дәл осындай қарқынмен өскен бірде-бір ел бол­ған емес. Бұл да алысты бол­жа­ған ақылман Елбасының арқасы. Сегізіншіден, алдағы мақсат айқындалып, міндет зорайған соң Елбасы жүрегінің түгі бар қай­раткер ғана жүзеге асыра алатын ұлан-ғайыр міндет – астананы ауыстырып, ел ордасын Сары­ар­қаның төріне қондырды. Небәрі он үш жылдың ішінде Астана, Қытай Төрағасы Ху Цзинтао сөзі­мен айтсақ, «алып даладағы әсем гүл», Италия Премьер-министрі С.Берлускони теңегендей, «Азия­ның таңғажайыбы», Литваның Президенті Д.Грибаускайте лебізінше, «Азияның ғана емес, Еу­ро­паның да бриллианты» атанды. Тоғызыншыдан, өз дегенімен емес, тағдырдың жазуымен көп ұлт­ты елге айналған Отанымыз береке мен бірліктің мекені бол­ды. Адамзат тарихында соғыс атау­лы алуан түрлі ұлт пен дін өкіл­дері үстемдігі үшін өршіген. Қай кезде де рахым мен рах­манды, қанағат пен сабырды серік еткен Елбасы қиыннан қиыс­тырып жол тауып, сан алуан ұлт өкілдерін алтын күні әркімге бірдей шуақ шашқан көк тудың ас­тына тоғыстырды. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Ресейдегі әсіре­қы­зыл шовинистердің аранда­туы­мен батыста – Водолазов, сол­түстікте – Супрунюк, шығыс­та Васильева сияқты әперба­қандар ұлтаралық жағдайды өте шиеленістіріп жіберді. Ресей де демін ішіне тартып, іштен ілік іздеді. Осындайда қазақ билігі та­рапынан кеткен бір ғана оқыс қи­мыл орны толмас трагедияға әке­луі әбден мүмкін еді. Бірақ әрқа­шан ашуды сабырға жеңдіре білетін Елбасының арқасында дүр­ліккен топ сабасына түсіп, шектен шыққандар шетке асырылды. Ең бастысы, елдің тыныштығы сақ­талды. Көп ұзамай Елбасы алуан дін өкілдерінің де басын қо­сып, дүние тарихында қатары­нан үш рет Әлемдік және дәс­түрлі дін өкілдерінің съездерін өткізіп, ежелгі қазақ жерін дін жолындағы ізгі жандардың бата-шапағатына бөледі. Оныншыдан, бар болғаны 19 жыл туған елінің даңқын асырып, айбынын асқақтатып, Еуропа төріне шағарды. Кешегі Кеңес Одағы кезінде Қазақстан Мәс­кеуді былай қойғанда, Украина мен Белоруссияның, тіпті Балтық бойы, Кавказ жұртының алдына түсіп көрмеген болатын. Елбасы шығарды. Күмәнсіз, қапысыз, өз абыройымен, өз беделімен шы­ғар­ды. Шығарып қана қойған жоқ, қашанда бізді үйретумен кел­­ген кәрі құрлықтың басшы­ла­рын қазақ жеріне келтірді. Ақор­даға еңкейте кіргізіп, құрметпен сәлем бергізді. Бұл еліміздің абы­ройын асырды. Елбасымен бірге халықтың рухын көтеріп, еңсесін тіктетті. Әр қазақтың жүрегіне қазақ болып туғаны үшін, Алаш жұртының азаматы болғаны үшін мақтаныш сезімін ұялатты. Биылғы жыл әлем аспанында Қазақстанның бақ жұлдызы ерекше жанған жыл болды. Еуро­паның ғана емес, мұхиттың ар жағындағы АҚШ пен Канаданы қоса қамтып, 56 мемлекеттің басын қосатын ЕҚЫҰ төрағасы болған Қазақстан керенау, кердең АҚШ-тың да төріне аяғын алшаң басып еркін қадам басты. Астана Саммиті Қазақстан­ның даңқын аспанға көтерді. «Саммит» дегеннен шығады, ЕҚЫҰ-ның ең алғашқы құрыл­тай саммиті Финляндия Президенті Урхо Калева Кекконеннің бастамасымен 1975 жылы Хельсинкиде өтіп еді. Сол У.Кекконен қатарынан 4 рет президенттікке сайланып, фин елін 30 жылға жуық уақыт басқарды. Сол жыл­дары ол алақандай Финляндияны әлем таныған ең озық техноло­гиялы елге айналдырды. Халқы­ның атасы атанған оған елінің риза болғаны сондай, президенттік өкілдік мерзімін өз қалауымен ешбір сайлаусыз, тіпті референ­думсыз-ақ, арнайы заңның күші­мен тағы 5 жылға ұзартты. Осы шешімді қабылдағанда, Еуро­паның ең демократиясы дамыған елдерінің қақ төбесінде отырған Финляндия ешкімге жалтақтаған жоқ. Халық өзі қалап, өзі шешті. Әшейіндегі шамшыл Еуропа ұлт­тық қаһарманға арналған бұл әділетті шешімге бір ауыз қарсы пікір білдірмей, үнсіз ғана келісті. Біздің пайымымызда біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Урхо Кекконеннің өмірі де, қызметі де, туған халқы алдын­дағы өлшеусіз қадыр-құрметі де бір-біріне өте ұқсас, тұтас ұлтқа көшелі көсем бола білген толым­ды тұлғалар. Тіпті Нұрсұлтан На­зар­баев­тың араға 35 жыл салып, Хель­­синки рухын тірілтіп, ЕҚЫҰ-ның 7-саммитін барынша жар­қырата, жайната өткізуінің өзі осы ұлылар ұқсастығы мен үндес­тігінің жарқын бір көрінісі іспеттес. Олай болса, әлемдік инновация мен дамудың көш басында тұр­ған фин жұртының осы үздік үр­дісінен біздің де үлгі алуымыз керек. Әманда алысты болжап, биікті межелейтін Елбасы келер жылы дүние жүзінің 57 елінің ба­сын қосатын Ислам Конферен­циясы Ұйымына төрағалық етеді. Әлем халқының бір жарым миллиардтан астам бөлігінің басын құрайтын бұл іргелі ұйымның тіз­гінін ұстау – Елбасының мұ­сылман дүние­сіндегі де аса үлкен халықаралық беделінің айқын көрінісі. Еуропа мен Азияның жүре­гінде елордасы – нұрлы Астана­ны жайнатқан еңсесі биік Елбасы дәл қазір Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған, жалғап қана қоймай, оның көгінде жұлдыздай жарқыраған әлем таныған ұлы қайраткерге айналды. Бұл – барша қазақстандықтар үшін ерекше мақтаныш. Мен жақында Елбасының Францияға сапарында бірге бол­дым. Осыдан он бес жыл бұрын да Президентпен Парижде бірге болғам. Ол кезде біз мұнда үй­рену үшін баратын едік. Биыл үй­рету үшін барғандай болдық. Ели­­сей сарайында Елбасына ерек­­ше қошемет көрсетілді. Бүкіл келіс­сөз барысында, тіпті түскі ас кезінде де Николя Саркози Қытай­ға, Ресейге, мұсылман дүниесіне байланысты сан-алуан сұрақтар қойып, Нұрсұлтан Әбішұлынан ақыл-кеңес алып отырды. Мен дәл сол сәтте шын жүректен Ел­ба­сым үшін мақтандым, елім үшін шаттандым. Осыдан төрт жыл бұрын мен Елбасының АҚШ-қа жасаған сапарында да қасында жүрген едім. Әуелі АҚШ-тың 41-ші Президенті Үлкен Буш өз шаңы­ра­ғында құрақ ұша қарсы алды. Төрінен орын беріп, туған ұлы­ның төсегін ұсынды. Әр әрекетті он ойланып, жүз толғанып жа­сай­тын америкалықтар үшін өз дастарқанына шақырып, қара ша­ңырақтың төрінен орын ұсыну құрмет атаулының ең үлкені болып саналады. Ертеңінде Елбасын АҚШ-тың 43-ші Президенті Кіші Буш қа­былдады. Өте ыстық ықыласпен өткен кездесуде ол ашыла сөй­леп, әлемдегі ең түйткілді мәсе­ле­лер бойынша Нұрсұлтан Әбіш­ұлының ақыл-кеңестерін тыңдау­мен болды. Кездесуден кейінгі журналистерге берген сұхбатын­да ол: «Назарбаев – өте тәжіри­белі саясаткер. Оның сабырлы саясатының арқасында Қазақстан орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Ол – біздің Орталық Азия­дағы ең сенімді стратегиялық әріптесіміз. Біз үшін АҚШ-тың негізін салушы – әкелеріміз қан­дай болса, оның жалғыз өзі Қазақстан үшін сондай тұлға», – деп ағынан жарылды. АҚШ-та дәлме-дәл аударар болсақ, «мемлекеттің негізін са­лушы – әкелер» деген ұғым бар. Оның сапына елдің тәуелсіздігі жолындағы соғыста Бас қол­бас­шысы болған тұңғыш президент Джордж Вашингтон, алғашқы вице-президент, елдің 2-ші президенті Джон Адамс, алғашқы мемлекеттік хатшы, елдің 3-ші президенті, Тәуелсіздік декларация­сы­ның басты авторы Томас Джефферсон, елдің 4-ші президенті, АҚШ Конституциясының белсенді авторы Джеймс Мэдисон, ең алғашқы қаржы министрі, америкалық банк-қаржы жүйесі­нің авторы Александр Гамильтон, баспагер-ғалым, дипломат, тәуел­сіздіктің басты идеолог­тарының бірі Бенджамин Франклин секілді көрнекті тұлғалар енеді. Менің бұлардың бәрін келтіріп отырған себебім: Кіші Буш біліп айтып отыр, АҚШ-тың негізін осындай алуан саланың айтулы тұлғалары қалаған. Ал Қазақстан Респуб­ли­касының Тәуелсіздік туралы заңының да, Конституциясының да, ішкі және сыртқы саясатының негізін де, банк-қаржы жүйесінің іргесін де өз қолымен жасап, Тұңғыш Президент – Елбасы болу бақыты бір ғана тұлғаның, қа­зақ халқының ұлы перзенті Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңдайына жазылыпты. Сондық­тан да ол – Тәуелсіз Қазақстан­ның негізін салушы дара тұлға. Бүгінде біз жиі бас шұлғитын АҚШ Конституциясында 1947 жылға дейін президенттік қыз­мет­ке сайлау мерзіміне еш шек қойылған емес-тін. Мұндай тү­зету тек 1947 жылы енгізіліп, 1951 жылдан күшіне енді. Сол себепті Франклин Рузвельт төрт мәрте президенттікке сайланып, ел тарихында өз есімін алтын әріппен жазған. Дәл осы Рузвельттен қалған: «Президенттік басқарудың ал­ғаш­қы 12 жылы ғана қиын» деген сөздің өзі-ақ көп нәрсені аңғар­тып тұрған жоқ па?! Кейінгі жыл­дары АҚШ-тың өзінде осы шектеулікті алып тастау жөнінде қызу пікірталас жүруде. Сондай пікірді қолдаушы белгілі ғалым Джон Фортьенің де жақтастары күннен-күнге арта түсуде. 2005 жылы АҚШ-тағы Өкілдер пала­тасының жетекшісі Стени Хойер АҚШ Конституциясында шектеу енгізген 22-толықтыруды алып тастауды ашықтан-ашық күн тәр­ті­біне қойды және оның ұсы­нысы басымдыққа жетпесе де, бұл пікірді жақтаушылардың қа­та­рын көбейте түсті. Қазақстан – бүгін іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономи­ка­сы қуатты, саяси жүйесі сара­лан­ған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауым­дас­тық алдындағы беделі биік мемлекет. Оның туған халқын зама­на­ның сан алуан сынынан аман алып шығып, биіктен биікке бастап келе жатқан, елі сүйген, елін сүйген Елбасысы бар. Ендеше, мұндай болған, толған ел ешкімге жалтақтамай, өз таңдауын өзі жасауы керек. Мұндай таңдау жасалды да! Ал бұл референдум Президент сайлауы бүгін өтсе де, 90 пайыздан астам дауысты еркін алатын Елбасына емес, Қазақ еліне керек. Бар ақиқат осында! Күн Шығыстан көтеріледі. Сол Шығыста бар қазақтың жү­регіне жол табатын ел таңдауы жа­салды. Ол – 2020 жылға дейінгі ел тағдырын Елбасының қолы­на тапсыру. Ел еңсесі Елбасымен биік. Ендеше, бастай беріңіз биіктен биікке қалың еліңізді, Еңсесі биік Елбасы! Біз қашанда Сізбен біргеміз, Алаш жұртының кө­семі, ардақты Нұрсұлтан Әбішұлы! Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі.