Алматы қалалық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасы қызметкерлері оңтүстік астанада қылмыстық әрекеттердің алдын алу іс-шараларымен қатар, қылмысты дер кезінде ашуда іскерліктің үлгісін танытуда. Алматылық полицейлер жақында ғана қаладағы бір банк ғимаратының алдына кәсіпкердің қолынан 57 миллион теңгені ұрып-соғып тұрып, тартып алған үш қарақшыны құрықтады. Кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасаған бұзақылар тобын қолға түсіру үшін полицейлерге небәрі бір сағаттан сәл ғана астам уақыт қажет болды.
Алматы қалалық ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы Амангелді Шідерқұловтың айтуынша, «қарақшылықпен айналысқандар – ресейлік азаматтар». Оңтүстік астанаға биылғы жылдың қараша айының соңына қарай келген олар банк ғимараты орналасқан жерден аз ғана қашықтықтағы үйде пәтер жалдап тұрған. Өте мол көлемдегі оңай олжаны табуды алдын ала ойластырып, жоспарлаған бұзақылар қалаға келген он бес күннің ішінде бір қапшық ақшаны банктен алып шығатын адам туралы алдын ала нақты мәлімет беретін банк қызметкерін де тапқан. Сөйтіп, олардың алдап-арбауына түскен банк қызметкерінің берген нұсқауымен кәсіпкерге қарсы шабуылдарын бастап жіберген. Дегенмен, қылмыстық оқиға орнына шұғыл жеткен полицейлердің кәсіби шеберлігі нәтижесінде жәбірленушінің соншама қаражаты өзіне қайтарылды.
Қылмыстық оқиға бойынша жүргізілген тергеу ісі барысында банкте қызмет істейтін әйелдің кәсіпкерге шабуыл жасағандардың бірін жақсы танитындығы және оларға «SMS» арқылы хабар бергені де анықталған. Онда жәбірленушінің өз есеп-шотынан қай уақытта және қандай көлемде ақша алатындығы толықтай жазылған.
Осы қылмыстық оқиғаға қатысты екендігі анықталған әйел де қамауға алынды.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.