И легче по вводам бегущей тени.
Анна АХМАТОВА
Қаламсыз өмір – қараңғы. Қараңғы ғана емес, қаламсыз ғалам да жоқ. Тыңдар құлаққа алғашында ерсілеу естілер бұл ойда түн түнегін түріп шығар, күліп шығар күндей шындық бар. Олай дейтініміз, адамзат тағдыры қаруға емес, ең алдымен қаламға тәуелді. Қаламнан үлкен қару жоқ. Небір суық, сұмдық қарулардың да қай қарауылға кезелерін де қалам, құнарлы қаламнан шыққан қуатты сөз шешкен. Адамзат қоғамының қандай болмағы да қаламға байланысты. «Қаламмен бір жол жазбаған күн өлгенмен тең» деп ұрым жұрты тегін айтты дейсің бе?! Бізге сенбесеңіз, ұлыларға құлақ түріңіз. Лион Фейхтвангер бүй депті: «Көркем әдебиет жас баланы мемлекет қайраткеріне дейін тәрбиелейді», «Феодализмді өлтірген зеңбірек, адамзат қоғамын қалам өлтіреді» депті Наполеон. «Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастасаң, сықырлаған қару мен сыңғырлаған тиын ғана қалады» (Андрей Битов). Карл Біріншінің басы шабылар алдында түрмеде Шекспир шығармаларын оқып жатуы да тегін емес. Оның терең сырын тағы да қалам құдіретінен іздеу керек. Қаламының құдіретін – сөздің қасиет-киесін бір кісідей білетін Александр Сергеевич Пушкин Ресейді ғана емес, күллі Еуропаны тіреп тұрған Николай патшаның өзіне: Бог с ним, Никому Отчета не давать, Себе лишь самому Служить и угождать, – деп ең қуатты қару – қаламмен түйремеді ме? Осыншалық қуаты күшті, соншалық қадір-қасиеті бар киелі қаламды өз өмірінің айнымас серігі еткен жанкешті замандас, тағдырлас, қаламдас ағаларымыздың бірі Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов еді. Бүгінде сексен жасқа толған мерейтойын халқы өзінсіз тойлап жатқан Әнуар жазушының, әсіресе прозашының өмір өлшемімен қарағанда тым аз жасады. Пайғамбар жасы делінетін алпыс үшке келіп, ақыл-ой мен парасат биігіне көтерілген қарымды қаламгердің берері әлі көп еді. Жазушы үшін алпыс үш тым аз жас. Борхестің айтқаны бар: «Бүкіл дүние кітапқа кіру үшін жаратылған» деп. Өзінің жазушылық жолын жауынгер жанр жолжазба мен очерк, көсемсөз жазудан бастаған Әлімжанов «Достар кездескенде», «Мәңгілік тамырлар», «Ақ дос, сары дос, қара дос» атты алғашқы шығармаларында өзі көрген өмірдің өз көріністерін сол Борхес айтқан «кітапқа кіру» дейтін көзқараспен сабақтастыра жазғанын байқау қиын емес. Осынау деректі де керекті еңбектер кейін «Керуен күнге бет алды», «Көгілдір таулар», «Қарасұңқар көпірі» атты повесть, «Махамбеттің жебесі», «Ұстаздың оралуы», «Жаушы» атты романдарға ұласты. Ал, «Адамдар сүрлеуінде» ол шеберліктің жаңа бір биігіне шығып еді. Бұдан кейінгі еңбектерінің көркемдік деңгейі бұдан да жоғары болатын кезде, тәжірибесі мен таланты кемеліне келіп, нағыз толысқан шағында қазақ көркем ойының көрнекті өкілі дос, туысты ғана емес, оқушы қауымды да өкіндіріп, өксітіп, пәниден бақиға аттанып кетті. Мұхаметжан Қаратаев бастап, Сағат Әшімбаев қостаған әдебиет сыншылары бастап, прозашы Ахат Жақсыбаев жалғастыра жан-жақты саралаған Әлімжанов шығармашылығын талдау аса қажет бола қоймас. Әйтсе де, сөз құдіретін ерте түсінген жазушының шығармашылық ерекшелігі жайлы Әзағаң Нұршайықовтың сөзімен айтсам: «Әнуар орыс тіліндегі қазақ прозасының негізін салушы деп есептемеймін. Ал, орыс тіліндегі қазақ поэзиясының негізін салушы кім? Ол – Олжас Сүлейменов. Бұл екеуін мен жиырмасыншы ғасырдың Шоқаны деп танимын. Екі Шоқан – егіз Шоқан деп білемін. Екеуінің де еңбектерін өлмейтін ұлттық қазынамыз деп есептеймін». Осы сөздерде шығар күндей шындық бар. Өткен ғасырдың екінші жартысында бұл екеуі қаламгерлігімен де, қайраткерлігімен де одақтық қана емес, әлемдік аренада қатар қанат қағып, биікке самғады. Биліктің биік баспалдағымен кедергісіз өрлеу, жоғарғы деңгейдегі қоғамдық қызметтерді атқару, шет елдерді армансыз аралау жағынан да сол кезде бұл екеуінен ешкім озған жоқ. Қос қыранның қатар ұшып, қазақ атын әлемдік деңгейде асқақтатқанына халық қаншалық сүйсінсе, күншілер соншалық күйінді. Таланттың жауы – қызғаныш. Моцартқа Сальеридің қолымен у берген де, жүрегі ақ, жаны пәк, жазықсыз Дездемонаны өз қолымен өлтіріп, өзегін өрт, жан дүниесін дерт шалған Отеллоны өкінтіп, өксіткен де сол жауыз. Қызғаныш атты қызыл ит аспандағы ай мен күндей жарасып, жан-жағына үнсіз сәуле шашқан Олжас пен Әнуарды да қапысыз қапты. Ресейдің ақындары қашанда, Бірге туған оғыменен Дантестің, – деп Евгений Евтушенко тап басып, тауып айтқандай, сол қызғаныштың қызыл қаншығы өзге емес, ең алдымен қазақтың өзімен бірге туып, бірге жасасып келеді. Сол қызғаныш дейтін өсімтал, өлермен қаншық қаппаған қай жақсың бар, айтшы кәне қазағым, аз болды ма содан тартқан азабың?! Сұңқарлардың достығын көре алмайтын сұқсырлар Әнуар мен Олжастың арасына әлсін-әлсін қара мысық жүгіртіп, екеуін ауық-ауық қырғи қабақ етсе де оларды бір-бірінен мүлдем ажырата алмады. Екеуі пікір таластыра жүріп, бір-біріне жақсылық жасаудан танған емес. Олжас «Қазақфильмде» бас редактор болып жүргенде Әнуарды киностудияға жұмысқа қабылдады. Кейін Әнуар Жазушылар одағына бірінші хатшы болып сайланғанда Олжасқа сыртқы байланыстар жөніндегі хатшылық жұмысын ұсынып, екеуі тізе қосып ел үшін көп іс тындырды. Қалаубек Тұрсынқұлов одақ хатшылығынан кеткенде Олжас ол орынға сол кезде жұмыссыз қалған Әнуарды алды. Аса көрнекті осы екі тұлғамен достық қарым-қатынаста болған менің анық білетінім, бұлар бір-бірімен дауласса да ешқашан жауласқан жоқ. Өзінің байырғы досын өкпеге қиса да, жаманшылыққа қимаған Олжас Әнуар қайтыс болғанда қатты қайғырды, оның үйіне барып отбасымен бірге болды, жетісін, қырқын бірге атқарысты. Мерейтой – той тойлау ғана емес, ой толғау, арттағы мен алдағыға көз жіберіп, өткеннен сабақ алу ғой. Сол себепті де мен Әнуар мен Олжас арасындағы түсінбеушілікті еске алғанда айтулы аймаңдай тұлғаларымызға көлеңке түсіру үшін емес, өткеннен сабақ алсақ екен, кейбір қабырғалы қаламдастарымызды күні бүгінге дейін етектен тартып жүрген түсініспеушілік түп-тамырымен жойылса екен деген тәтті тілек, ой-арманмен айтып отырмын. Сұңқарлар араға ши жүгірткен сұқсырларды қуатты қанатымен қағып тастап, таланттар тату болып, жақсылар жарасып жүрсе – әдебиетіміз үшін абырой, халқымыз үшін мереке, мерей емес пе?! Әнуардың бойында еңбекті бағалай білетін әділдік бар еді. Соның бір мысалы өткен ғасырдың жетпіс екінші жылында мені Қазақстан жазушыларының атынан әзірбайжан жазушыларының кезекті съезіне жіберді. Ол тұста мұндай үлкен жиындарға атақты ағаларымыз ғана баратын. Сол үрдісті бұзған Әнекеңе: «Туысқан халықтың ұлы жиынына барып, бүкіл қазақ қаламгерлерінің атынан сөз сөйлеуге мен әлі дайын емеспін, біртүрлі жүрексініп тұрмын» дегенімде, ол «Бакуге баратын жазушы таппай тұрғаным жоқ. Екі түрлі себеппен таңдау саған түсті. Біріншіден – сен қоғамдық жұмыстарға белсене қатынасып, көп іс тындырып жүрсің. Бұл сенің сол сатусыз еңбегіңе айтқан алғысым. Екіншіден – осы бастан шетке шығып, топ жарып үйрене бер. Ертең біз шау тартып, шал болғанда орнымызды басатын жастарды қазір баулымасақ қашан баулыймыз?» деді. Сонымен сол сапарда атағы аспандап тұрған талай тарлан жазушымен танысып, көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Алиевтің де назарына іліктім. Ең бастысы, атағына ақылы сай ағаларымнан өмірлік азық болар тәлім-тәрбие алдым. Әдебиетіміздің алтын ғасыры болған өткен ғасырдың жетпіс үшінші жылы Алматыда Азия мен Африка жазушыларының бесінші конференциясы болды. Қазақстан қаламгерлерінің жұлдызды сәті болған сол жемісті де жеңісті алтын күзде Жазушылар одағының алдында әлемдік ұлы жиынға өз өкілдерін жіберген екі жүзден астам елдің туы желбіреп тұрды. Сол конференцияға қатынасқан маған Әнуар сол жолы да біраз абыройлы да жауапты жұмыстар тапсырды. Конференцияға қатысушыларды қарсы алған, ұзатып салған ағаларыма ілесе, оларға қызмет көрсете Алматы қонақ үйіне орналасқан штаб пен одақ арасына зыр жүгіріп жүріп ұйымдастыру жұмыстарының үлкен мектебінен өттім. Әлемге әйгілі жазушылармен танысып, сол ғұламалардан көп нәрсе үйрендім. Ол бір одақтың жұлдызы жарқырай жанып, жазушылардың дүркіреп тұрған кезі еді ғой. Келесі 1974 жылы Қазақстанда Кеңес әдебиетінің күндері өтті. Соған байланысты Әнуар мені Мәскеу мен Ленинградқа іссапарға жіберіп, тағы да үлкен жауапты міндет жүктеді. Ай маңдайлы айтулы екі үлкен қалада екі апта болған мен сол сапар Николай Тихонов, Константин Симонов, Всеволод Рождественский бастаған ақылмандармен кездесіп, оларды Қазақстан Жазушылар одағының атынан Кеңес әдебиетінің күндеріне шақырдым және бәрінен дерлік күндерге байланысты құттықтаулар мен мақалалар жаздырып алдым. Мәскеу мен Ленинградтан мен әкелген материалдар негізінде орыс тілінде әдеби мерекеге арналған көлемді газет шықты. Сол сапардағы көп кездесулердің бірі – әлемге әйгілі ақын, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Николай Тихоновпен кездесу ерекше есте қалды. Асқан парасатты адам мені Кремльге жақын орналасқан пәтерінде қабылдады. Биліктің биік баспалдағындағы үкімет адамдары тұратын сол көп қабатты үйге рұқсат қағазымен кіріп, қажетті пәтердің қоңырауын басқанымда есікті Николай Семенович өзі ашты. Ұлы адамдар кішіпейіл болады ғой, мені ежелгі танысындай жылы шыраймен қарсы алып, жассынбай, жатсынбай бауырына тарта байсалды әңгіме айтты. Өмірімде жеке адамның бай кітапханасын сол жолы осы үйден көрдім. Көп бөлмелі пәтердің үш бөлмесі тола еденнен төбеге дейін кітап екен. Келген шаруамның мән-жайын білгеннен кейін «Қазақстанға барғым-ақ келеді, қоғамдық жұмыстардан қол босаса баруға тырысамын. Ал, Кеңес әдебиетінің Қазақстандағы күндеріне орай шығатын газетке өзімнің жүрекжарды сөзімді жазып беремін. Оны екі-үш күннен кейін Марковтың қабылдау бөлмесінен аласың» деді Тихонов. Арада үш күн өткенде сол қымбат қолжазбаға да қол жетті. Бұл да Әнуар Әлімжановтың мені кезекті бір өмір мектебінен өткізген кезі еді. Жақсыдан шарапат деген осы емес пе?! Әнуардың шапағаты тиген жалғыз мен емес, әрине. Осыдан он жеті жыл бұрын: Ағам бар еді мір тілді, Жағам жыртылды. Жас парлап тұрған жүрекпен, Жұбатам қалай жұртымды, – деп қайғырған ақиық ақын Сәкен Иманасовпен бірге өзегімізді өрт, жүрегімізді дерт шалған біз бүгін Әнуар Әлімжановты Марфуға Айтқожина жырлағандай: Есілсе жібек самал дала кеште, Ел-жұртың сағынышпен алады еске. Әнеке-ау! Тірі болсаң жүрер едің Жаңа ғасыр басында Жаңа көште, – деп сағынышпен еске аламыз. Әдебиет дәуірдің күре тамырын ұстап, уақыттың серті мен дертін дәл анықтайтын, әртүрлі қауіп-қатерлердің алдын алатын құдіретті күш. Әлемдегі көптеген катаклизмдердің бір және негізгі себебі, адамзаттың әдебиеттен алыстап кетуі десек, артық айтып, ағат кетпеспіз. Жарық дүние атты жалғанға қайтіп оралмайтын өлгендердің екінші өмірі соңында қалған ізімен өлшенеді. Соңына салмақты еңбек, өшпейтін із қалдырған, адамзатқа ауадай қажет әдебиеттің көрнекті өкілдерінің бірі – Әнуар Әлімжанов өмірлі шығармаларымен халықпен бірге жасай береді. Қасиетті кітаптарда: «Қу дүниені күйттеген пенде – құл, рухқа шомылған адам – патша» депті. Адамды рухқа шомылдыратын құдіреттің бірі, бірі ғана емес бірегейі Алланың құдыреті – сөз. Мемлекеттік тарихы бес мың, халқы бір миллиардтан асатын ханзу жұртының ұлы ойшылы Конфуций бүй депті: «Дегдар адам үш нәрседен қаймығады: көктің құдіретінен, ұлылардың болмысынан, даналардың сөзінен». Осының бәрі қаламның ұшынан қанат қаққан құдайдай құдіретті, құрандай киелі, ұрандай қасиетті, табиғаттай мәңгі айналып өтетін, садағаң кетейін азбас-тозбас асыл сөзде!.. Ол сөздер кітап бетінде қаттаулы, жадымызда жаттаулы. Олай болса, қаламсыз өмір – қараңғы. Оны айтасыз, қаламсыз – ғалам да жоқ. Асыл сөз – әдебиет жоғалған күні – әлем де жоғалады. Адамзат не әдебиеттің қадіріне жетеді, не асыл сөзді аяламай – өзінің түбіне жетеді... Құдіреті күшті, мейірім-шапағаты, рахымы мол Алла Тағала адамзатты әлемдік апаттан сақтасын. Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты