«Қара археологияны» қашан қоямыз?»
«ЕҚ». 24 қараша, 2010 жыл.
Газетте жарық көрген «Қара археологияны» қашан қоямыз?» атты мақаланы оқып қайран қалдым. Өзім ерекше құрметтейтін, еңбектерін студенттеріме айтып, насихаттап жүретін Қ.Салғара мен Ж.Артықбаевтың неге археологиядан көңілдері қалғанына таңдандым. Ғалымдар «археология деген тарихтың күрегі ғой» дейді. Әрине, бұл ғылымда күректің күші болмаса, оның нәтиже бермейтіні сөзсіз. Бірақ сол күректің күшімен алынған материалсыз тарих жазылар ма еді? Авторлар: «Тарихты қайтадан қалпына келтірудің басқа шарасы таусылған уақытта тарихшы амал жоқ күрекке сүйенеді», дейді. Мұны қалай түсінуге болады? Күрек ол археология ғылымының құралы. Күрексіз археология ғылымы өзіне материал ала алмайды, ал материалсыз тарихты жазуға болмайды. Тарихтың басқа шарасы таусылған уақытта дейді. Тарихтың көне дәуірлерін жазуға археологиясыз қандай шарасы болуы мүмкін? Археологияны мұражаймен қосса дейді. Сонда мұражай жерді күрексіз қазып, ескерткіштерді сақтап қалады-мыс. Егер мұндай жағдай болса, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, ескерткіштердің талан-таражға түскенін сонда бір-ақ білетін боламыз.
Мені таңғалдыратыны авторлардың «археология жеке ғылым емес» деген пайымдауы. Ал сонда тарих археологиялық деректерсіз жеке ғылым бола ала ма? Академиялық Қазақстан тарихының 5 томдығының екі томы тек археологиялық деректердің арқасында жазылғанын неге ескермейміз? Екі томдық ең ауыр, ең қиын кезеңдер, тек археологиялық материалдар арқылы жазылған. Басқалай жазылуы мүмкін емес. Бұл мәселені авторлар біледі. Біліп тұрып бұлар археологияны жеке ғылым емес деулері, өте ыңғайсыз нәрсе. Археология неге жеке ғылым емес? Оның ғылым ғана емес, дерек атаулының түп атасы екендігі бүкіл әлемге белгілі. Егер археология ғылымы болмаса, тарих ғылымының ежелгі, көне дәуірлері ашылмаған болар еді. Мәселен, тас дәуірінің кезеңдерін, қола дәуірінің мәдениеттерін қалай, қандай мәліметтермен дәйектер едік? Сондықтан археологияны жеке ғылым дейміз. Бірақ ол тарихсыз жеке өмір сүре алмайды. Сол сияқты тарихтың көне кезеңдері де мұнсыз алға жылжи алмайды.
Және бір таңғаларлық жағдай: «Біздің тарих ғылымы тек археологияға ғана қарап қалды ма?» деген сұрақ. Авторлардың бұл сауалы енді, тіпті ыңғайсыз нәрсе. Тарихтың ежелгі дәуірлерін жазатын болсақ археологияға қарамай, басқа неге қарауымыз мүмкін? Жоқ әлде біздің ғалымдарымыз археологиядан басқа бір ғылым саласын ойлап тапты ма? Онда жұмбақтамай ашып айтыңыздар», археологияның орнына сол ғылымды пайдаланып көрейік. «Археологияны тарих ғылымының көшінің алдына шығарып жібердік» дейсіздер. Бұл өзінен-өзі түсінікті емес пе, тарих ғылымының алғашқы кезеңдері археологиялық материалдарға байланысты жазылатындықтан тарихтың көшін археология бастамай, қандай ғылым бастауы мүмкін? Бұлай ренжу ретсіз. «Үстем идеология» кезінде шығыстық тарихнамадан, төл шежіремізді түгендей алмай жұрдай болдық дейсіздер. Бұған археологияны кінәлауға бола ма, ол кезде бұл ғылым саласы да еңсесін көтере алмағаны мәлім. Археология тек егемендікті алғаннан кейін ғана, онда да «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында көзін ашты.
Мақала авторлары қазақ шежіре-аңыздарының тарихта пайдаланылмай жүргендігі туралы ренжи жазады. Рас, бұл тарихымызда кенже қалып жүрген үлкен мәселе. Алайда, оның археологияға және археологтарға қандай қатысы бар? Керісінше, көне шежірелер мен аңыздардың жинақтары шығып жарияланып жатса, олар археологиялық материалдармен салыстырыла отырып зерттелсе, қандай жақсы болар еді. «Қазақ шежіресін зерттеп, жарыққа шығарып жатқандар бар, бірақ оларды басшы азаматтар көрмейді, мойындамайды» деген сөйлемге айтарымыз: бұл аты да, заты да археология ғылымынан басқа жолда қаралатын, басқа жолмен ізденетін өз алдына жеке мәселе. Сондай-ақ онымен айналысып жүрген ғалымдар бар деп желе жортып өте шыққан хабарламаға берер жауабымыз: шежіре-аңыздар туралы жазылған еңбектерді көрген жоқпыз. Мүмкін бар шығар, бірақ та бүгінгі таңда тираждың аз шығарылуынан бізге жетпей жүрген болуы мүмкін. «Қазақ шежіресі» деген атпен Х.Арғынбаевтың, В.В.Востровтың, М.С.Мұқановтың жазған шежіре топтамасын Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, этнология институтынан шыққанын көргенбіз. Бірақ та дәл сондай шежіремен еліміздің тарихын толық жаза қоямыз деп айта алмаймын. Шежіре-аңыздарға қарағанда ауыз әдебиеттеріндегі деректерді сұрыптап шығаратын болсақ, халқымыздың саяси, мәдени, экономикалық, әдет-ғұрып, отырықшылығы, қол өнері археологиямен салыстырмалы түрде байланыстырылып, олар еліміздің шынайы тарихын жазуға әлдеқайда пайдасын тигізер еді.
«Археология институтының қорында жинақталған заттардың тізбесі, қазба жұмыстарының есептері, мәтіндері жарияланды ма, біз осы қолымызда не бар, не жоқ екенін білеміз бе?» деп қамығады мақала авторлары. Бұл ойларыңыз дұрыс та шығар. Бүгінгі таңда есеп-қисапсыз дүние бар ма. Оны сіздердің білмеулеріңіз мүмкін емес. Әрбір археолог жыл бойы жүргізген қазба-сызба жұмыстарының есебін маусым соңында өтетін «Ә.Х.Марғұлан оқуларында» баяндап, жылдық есебін Археология институтының мұрағатына тапсырады. Жасаған баяндамалары институттың ұжымдық топтамаларында жыл сайын шығып отырады. Онымен танысқысы келген тексерушілер болса мұрағаттан алып көруіне толық мүмкіндік бар. Сондай-ақ, қазба жұмысының кезінде табылған бұйымдар лабораториялық тексеруден өткеннен кейін ғана тиісті жерлерге тапсырылады. Ал археологтар тапқан заттарын жергілікті мұражайларға бермейді деген сөздер бос әңгіме. Не болса да зерттеліп жатқан объект біржола қорытындыланып болғаннан кейін ғана беріледі.
«Қара археология» авторларына тағы бір қосылмайтын жерім, археология тым кәсібиленіп кетті, басқа ғылым салаларымен байланыстары үзіліп қалды деген пайым. Бұл дұрыс пікір емес. Егер атап айтатын болсақ: профессор Ә.Төлеубаев өзінің ғылыми жұмыстарын этнологиялық жақпен байланыстырса, тарих ғылымының докторы З.Самашев жазба-тарихи деректермен және антропология сияқты күрделі ғылым салаларымен байланыста зерттеп жүр. «Біздің археологияның дағдарысы» «алтын адамдар» сериясынан-ақ көрінеді» дейді авторлар. Мұны неге дағдарыс дегендері түсініксіз. Қайсы обаның астында не жатқанын кім біледі. Еңбекке қарай жақсы жәдігерлер кездеседі. Ол ғылым үшін құнды. Енді осы әріптестерімді «алтын іздеп жүргендер» деп жергілікті жұрт айтып жүргендей ойда болу дұрыс ғылыми пікір емес. Әзірше бүкіл жерімізден табылған 4 алтын киімді адамды онша көп деп айтудың өзі артық айтушылық. Бұл алтын киімді адамдар мұражайларымызға көрік беріп, жеріміздегі ежелгі өркениеттің болғандығын бүкіл әлемге аян етіп отырғаны отанымыздың атын шығармаса, кемітпейді. «Қай жерге барсаң да екі-үш алтын бұйым тауып алып тойлап, тележурналистермен қосылып улап-шулап жатқан қауым. Бұл археологияның тарих ғылымынан біржолата ажырасып, қазына іздеушілікпен отбасын құрап, қосылып кеткенін көрсетеді. Біздің көне жәдігерліктер үшін қазақ жеріндегі алтын адамға байланысты әр даурықпа апатпен тең, себебі әр телешоу жүздеген адамдардың делебесін қоздырып, металл іздеушілермен, күрекпен, трактормен «қара археологияны» ескерткіштерге қарай итермелейді», деген сөйлемдер бар мақалада. Бұл пікір археология ғылымына тағылып отырған үлкен айып. Мұндай сөздер нақты анықтауыш дәлел-фактілерді қажет етеді. Қолдарында металл іздеуші құралдары болса, ол археологтар емес. Арнайы алтын іздеп жүргендер. Нағыз археологтар ондай құралмен зерттеу жұмыстарын жүргізбейді.
Менің бір шүкіршілік еткенім, авторлардың «қара археологияға» академик Ә.Х.Марғұланды қоспай, ол кісі туралы жақсы пікірде болғандары дұрыс болған екен. Соған қуандым. Ал Торайғыр көлінің маңындағы обалардың заңды-заңсыз қазылғандығына анық көз жеткізу керек. Ондағы бұғытастардың үй іргетасына қаланғанын нақты анықтап, кімдер істегенін сұрау қажет еді. Мұны көргеннен кейін суретке түсіріп жергілікті әкімшілікке, Археология институтына хабарлау қиын шаруа емес қой. Учаскелік полиция жұмысын басқаға телу арқылы археологтар не қарап жүр деп бүкіл археологияны айыптауға бола ма? Кеңес дәуірі кезінде бүкіл елімізде «Ескерткіштерді қорғау қоғамы» болды. Оған оқушыларға дейін мүше еді. Олар қай жерде қандай ескерткіш орынсыз бұзылып жатса, жергілікті милиция бөліміне дабыл түсіріп, Археология институтына хабарлайтын. Мәселен, Есік қаласының жанындағы оба орны автобазаға керек болып, ондағы бригада төбені бульдозермен бұзып, жартысы қалғанда ішкі істер бөлімінен Археология институтына хабар жетіп, оған өкіл ретінде ғалым К.Ақышев барып арашаға түсіп, зерттеу жұмысын жүргізіп, алтын киімді адам дүниеге келген. Егер Кемал ағамыз дер кезінде сол жерге бармағанда обаның үйіндісі толық алынып, алтын киімді адам мәңгі жер астында қалып қоятын еді.
Ал бүгінгі таңда ондай ұйым да жоқ, жерді кім пайдалануға алса, ол жердегі ескерткіштерді тез уақытта-ақ жоғалтып жібереді. Сондықтан да өте сақ болу керек.
Мақаланың соңында авторлар археология ғылымы тарих, этнология, антропология, геология, география, ботаника саласындағы маман ғалымдардың қатысуымен кешенді түрде зерттелсе жақсы болар еді депті. Бұл бұрын дәл сондай болған. Тиісті нәрсе бұлай қолға алынбаса археологиялық зерттеу жалаң түрінде қалады. Соның салдарынан ол онша ғылыми жаңалық болмайды.
Мақала авторлары археологияны қанша қара дегендерімен бүгінгі таңда бұл ғылым көптеген жаңалықтарды ашып, халқымыздың тарихына жаңа беттерді қосты. Жеріміздің өркениет отаны екендігі бүкіл әлемге аян болды. Әлі де болса археология ғылымы көне дәуірлердің жер астында жатқан «құжаттарын» ашып, еліміздің тарихына талай жаңалықтарды қосатындығына ешбір күмән келтіруге болмайды. Жоғарыдағыдай көзқарастан қайту керек, арылу қажет. Кәсібилік пен әуесқойлықтың не екенін «білмеу» әбестік. Кешегі Ә.Марғұлан, К.Ақышев, М.Қадырбаев, бүгінгі К.Байпақов, З.Самашев сияқты абзал жандардың сүйікті кәсібін жеңіл сөзбен ғайбаттамайық.
Сәйден ЖОЛДАСБАЙҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры.
Түркістан қаласы.