• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2010

Сүйінші!

430 рет
көрсетілді

Толғаныстар тағылымы Он жылдан бері оқырман қауымының көз қуанышына, жансерігіне айналған «Етжеңді»  нөмірлер елге жақсы таныс. Таяуда таңдаулы мақалалардан құрастырылған «Етжеңді» «Егемен Қазақстан» атты кітаптар сериясының 2009 жылғы басылымы жарық көрді. Жинаққа акционерлік қоғам президенті  Сауытбек Абдрахманов алғысөз жазған. Төменде біз кітаптың мән-мазмұнын ашып көрсететін осы мақаланы оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. 2009 жылдың аяғында «Егемен Қазақстанның» тоқсанға тол­ған торқалы тойы кеңінен аталып өтті. 23 желтоқсан күні акцио­нер­лік қоғамның сегіз қабатты жаңа ғимаратын ашуға Елбасымыздың өзі келді. Газет тойынан бір естелік болсын деп қоштасарда Нұр­сұл­тан Әбішұлына қарапайым ғана сый-кәде жасадық – «Ет­жең­ді «Егемен Қазақстан» кітаптары­ның толық топтамасын сый­ла­дық. Ол кезде бұл серияның сегіз жинағы шыққан еді. Президент топтаманы разылықпен қабыл алды. «Етжеңді» нөмірлерді оқи­ты­ны, олар бойынша құрасты­ры­лып жүрген кітаптарды да білетіні көрініп тұрды. Иә, жұртшылықтың біразы бү­­гінде «Егемен Қазақстанды» айт­қанда оның «етжеңді» нөмірлерін алдымен ауызға алады. Шыға бастағанына биыл он жыл тола­тын бұл нөмірлер осы кезең ішінде халқымыздың нағыз жан серігіне айналды. Әрі газеттік, әрі жур­налдық, әрі альманахтық си­па­тымен ерекшеленетін бұл нөмірлердің өзіндік ерекшелігі баспасөз зерттеушілері үшін кә­дім­гідей қызғылықты тақырып болар еді деп те ойлаймыз. Сол нөмірлер бойынша жылма-жыл құрастырылатын кітаптар серия­сы да қазір қолдан-колға тимей тұр. «Кітап етіп бастыр­ған­да­ры­ңыз жақсы-ау, тек таралымы тым аз екен, қолымызға тимеді, сау­да­ға көптеп түсірсеңіздер, ықы­лас­пен алар едік», – деп өтініш айтатын хаттар да келіп жатады, сондай тілектерді оқырмандар­мен кездесулерде де естіп жатамыз. Болашақта акционерлік қоғам құрамында жеке баспа ашқандай болсақ, бұл іспен кәсіби тұрғыда айналысып та қалармыз. Сонымен, сіздің қолыңызға «Ет­жең­ді «Егемен Қазақстанның» тоғы­зы­ншы кітабы тиіп отыр. Бұл жи­нақта газеттің мерейтойы ата­лып өткен 2009 жылғы жария­ла­ным­дардың бір тобы бас қосқан. «Неге ?..» – қоғам қайраткері, сенатор Өмірбек Байгелдидің ма­қа­ласы осылай аталады. Қай тақы­рып­қа сөйлесе де суырылып сала беретін ақыл­ман ағамыздың эко­ло­гиялық тәр­биенің түбірлі мәселеле­рін қозға­ған бұл мақаласын оқы­ғанда бір кезде қазақ даласында қарақұрым бо­лып жортып жүрген 2 миллионнан ас­там ақбөкеннің бү­гінде небәрі 25 мыңдайы қал­ға­нының сырына қа­нық­қандай күй кешесіз. Көрнекті ға­лым Немат Келімбетовтің «Күн­шіл­дік» эссесі де көп ойға қалдырады. Академик Сейіт Қасқабасовтың қа­зақ әде­бие­ті тарихының он томдығы туралы та­ғылымды толғанысынан өсе түс­кен өркенімізге қуансаңыз, бел­гілі саясаттанушы Берік Әбді­ға­ли­дың газет тілшісі Сүлеймен Мә­мет­ке берген көлемді сұхбатынан («Қа­зақ ұлтын қалай қалыптас­ты­ра­мыз?») мемлекеттік тіліміздің шын мәнін­де сол мәртебеге әлі толық жет­пе­ге­нінің себептерін тереңірек ұға тү­сесіз. Талғампаз оқырманға та­ны­мал қабырғалы қаламгер Төлен Әб­дік­тің мақаласындағы: «Менің ой­ым­ша, бүгінгі таңда ұлттық идея дәре­жесіне көтеретін нәрсе – мемлекеттік тілді өз тұғырына қон­ды­ру. Өйткені мемлекеттік тіл – ұлт­тың ұйытқысы. Бүкіл Қазақстан аза­маты осы мемлекеттік тілдің төңі­регіне топтаса алады. Қазақ­стан­дық патриотизмнің негізін қалау­шы да – мемлекеттік тіл. Өз елің­нің патриотизмін көрші елдің мемлекеттік тілімен жасау мүмкін емес» деген ойымен де келіспеу қиын. Осы айтылғандарға қарап «Ет­жең­дінің» мына кітабы кілең бір күр­меуі көп күрделі тақырыптарға ар­налған мақалалардан құрасты­рыл­ған­дай көріп қалмаңыз. «Ет­жең­ді» нө­мірлердің өзіндік ерекшелігі де та­нымдық туындыларға көбірек көңіл бөлетіндігінде. Бұл кітаптан да ондай талай дүние та­басыз. «Ма­қаш­тың мылтықсыз май­даны» белгілі демограф М. Тә­ті­мовтің ел үшін еткен ең­бегін көр­сетсе, профессор Төлтай Ба­лақаев­тың әңгімесінен («Соғыс және бейбітшілік») кешегі күркіре­ген со­ғыс­тың қаны сорғалаған шын­ды­ғына қанығасыз, журналист Амантай Есілбайдың «Иманжүсіп» атты туындысынан ноқтаға басы сый­ма­ған (кілтін тапса,киноға сұранып-ақ тұр­ған сюжет!) дала батырының ас­қақ тұлғасын тани түсесіз, Жақ­сыбай Самраттың жазғанынан («Ай, азамат-ай!») атақты Жәнібек ба­тырдың туын сақтаған отба­сы­ның өнегесіне сүй­сіне­сіз, Қайсар Әлімнің «Наркомюст наркескені» көрнекті заңгер Сей­дә­зім Қадыр­баев туралы айтылмай келген ақи­қатты айтады. Ал арамыздан кеше ғана кеткен академик Рымғали Нұр­ғалидың «Таудан түскен адамы» тіпті бітімі бөлек туынды. Қазақ әде­биетінің классигі Бердібек Соқ­пақ­баев­тың бейнесін шебер сомдап шық­қан зергерге кім-кім де тәнті бо­ларына күмән келтірмейміз. Осын­дағы бір әңгімені («Қо­наевтың туған күнінде») Рекең маған алғаш рет 1998 жылы, қажы­лық сапары кезінде, Мекке мен Мединенің орта­сын­дағы автобус үстінде айтқан. Сонша жыл жүре­гін­де сақтап келіп, ақыры бір қол­қалағанымда жазып берген еді. Жан­болат Аупбаевтың «Аманат» атты туындысынан журналистің ең­бегі қоғам өмірінде қандайлық қо­мақты орын алатынына тағы бір көз жеткізесіз. Құлбек Ергөбектің «Ел анасы» Сәбеңнің асыл жары Мәриям Қожахметқызы Мұқанова­ның биік бейнесін барынша бедерлей білген. Кітапта атағы алысқа жай­ылмаса да өмірінде қызғы­лық­ты жайлары бар адамдар жайында жазылған дүние­лер де жеткілікті. Бір мақала «Гит­лердің бункерінде болған қазақ» деп аталады. Ол қандай қазақ? Тағы бір мақаланың кейіпкері «Майданнан темір кеңірдекпен оралып едім» дейді. Сондай бола ма өзі? Осы және басқа да сұрақтардың бәріне кітап беттерінен жауап табасыз. Бұл кітап кезінде газеттен оқыған татымды туындыларға тағы бір там­сануға, тосын тағдырларға  таңдану­ға, солардан тағылым алуға мүмкін­дік береді. Сонысымен де сіздің кітап сөреңізден сайлы орнын таба­рына сенеміз. Сауытбек АБДРАХМАНОВ, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті.