Тәуелсіздігіміздің толайым табыстарға, телегей алғыстарға толы, қадамы құтты, тағаны мықты тағы бір жарқын жылын дән разы пейілмен, көтеріңкі көңілмен тарих төріне қондырғалы отырмыз. Әрбір күні еселі еңбекпен еңселеніп, әр аптасы айтулы оқиғалармен айшықталған бұл жылдың ұзына бойына көз салсақ, өркенімізді өсіріп, өрісімізді кеңейтер игі шаруалар мен ізгі шаралар шаш-етектен екен. Бір-бірімен жарысқандай зымырап өткен жыл он екі ай айшылықты алты аттаған алыптай нұрлы ертеңіне қарыштаған Қазақ елінің жасампаздық жолын өрелі істерімен әрлеп, өркенді іздерімен зерлеп, биік белестерге көтергені айдан анық. Оның жемісті де жеңісті жолын көз алдынан өткізе отырып күні кеше:
Қош келіпсің!
Жаңа Жылым, армысың!
Игілікке жұмсалсын тек
Бар күшің.
Егемен ел –
Қазақстан қарыштап,
Болашаққа барыс болып қарғысын.
Барыс жылы,
Арыс жыл боп өмірге ен,
Күй толқысын,
Жыр шалқысын көңілден.
Көк байрағы
Көк тіреген елімнен
Төрің әзір,
Кел, кәне, кел, орын кең,– деп пәк жүректен, ақ тілекпен құшақ жая қарсы алғанымыз ойға оралады.
Шынында да, барыс жылы біз үшін арыс жыл болды. Азаттықты армандап өткен ата-бабалардың асыл мұратына мыңжылдықтар тоғысында ғана қол жеткізген қазақ халқы дамудың даңғыл жолына түсті. Өңірі қайта түлеп, өмірі гүл жайнаған тәуелсіз еліміз айдай әлемді аузына қаратып, төрткүл дүниені таңдандырды. Бүгінде азат еліміздің атағы алты құрылықты таңдай қақтырып, тамсандырған абат елге айналып, жаһандық қауіпсіздіктің алтын белдеуі атанып отыр.
Дербестік қолға тиген соң тау қырандай дүр сілкініп, қияндарға көз тіккен туған еліміздің абыройы жыл асқан сайын асқақтап, қазақ аты дүйім дүниеге кеңінен тарап, тез танылып келеді. Жемісі мен жеңісі жөнінен ғасырға татырлық әр жылымыз бізді жаңа биіктерге көтереді. Бұл ретте, яғни экономика мен мәдениетімізді өркендетіп, еліміздің атақ-даңқын аспандату жөнінен биылғы жылдың орны мүлдем бөлек. Қазақстанның өсіп-өркендеу қарқыны қашанғысынан да қарышты, сенімді де серпінді бола түсті. Кеден одағына мүше болып, Еуропалық экономикалық кеңістікке қадам бастық.
Жылдың алғашқы тоғыз айында ғана жан басына шаққандағы ішкі өнімдер 8 пайыздай өсіп, өнеркәсіп өндірісі 10 пайыздан астам артты. 150-ден астам жаңа жоба жүзеге асырылып, соншалық жаңа кәсіпорындар ашылды. Былайынша, әрбір екі-үш күнде елімізді өркендеген индустриялы мемлекеттер санатына қосуға септесетін бір іргелі кәсіпорын іске қосылып отырды. Мұны мың сан жаңа жұмыс орындарының ашылуы ғана емес, қазақ даласынан «Қазақстанда жасалды» деген зерлі таңбамен сапасы жақсы жаңа бұйымдар жер-жерге, ел-елге тарайды деп ұққан жөн. Жалпы, жаңа ғасырдың өткен он жылында жан басына шаққандағы жалпы өнім жеті еседен астам өсіп, 8000 доллардан асты. Осы мерзімде зейнетақы көлемі алты еседен астам өсіп, жалақының өсуі де соған қарайлас болды. Тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрдей ұлғайып, 330 мың отбасы жаңа пәтерлерге көшті.
Тұрмыстың түзелуі тұрғындардың әл-ауқатын ғана арттырып қоймай, өсіп-өнуіне де игі әсер ететіні бесенеден белгілі. Осы онжылдықта бала туу бір жарым есе артып, халық саны 1,5 миллион адаммен толықты. Халыққа білім беру мен денсаулық сақтауға жұмсалатын қаржы сегіз еседен астам өсіп, жеті жүзден аса мектептер мен денсаулық сақтау нысандары салынды. Биыл Астанада әлемдегі ең үздік ғылыми-ағарту орталықтарының үлгісіндегі жаңа жоғары оқу орны – Назарбаев Университеті ашылды. Енді зәру мамандықтарды игеру үшін жастарымыз шетелдерді шарламай, қажет білімі мен білігін өзімізде алып, халық шаруашылығының сан-саласын өркендетуге осында оқып-ақ бірден атсалысып кетеді.
Мұндай толағай табыстарға қай жылда да, жай жылда да қол жетуі әбден мүмкін. Ал барыс жылының беделін биіктетіп, туын асқақтатып, түндігін көтеріп тұрған ең басты оқиға – Астана Саммиті. Әлемдегі ең беделді ұйымның бас жиыны Қазақстанның елордасында өтуі қазақ халқының аты мен затын жер-жаһанға танытты. Былайша алғанда, бұдан жиырма жыл бұрын қазақтың жаңа елордасы – Астана «Хельсинки рухының» бір деген белді мұрагері болады деген ой ешкімнің де қаперіне кіріп шықпас еді ғой. Тұғыры берік, байрағы биік тәуелсіздіктің арқасында талай жұрт қол жеткізе алмай келген бұл мақсатқа да жеттік. Асылы, ұлы мақсатты алдына ұлық халық қана қоя алса керек! Мақсатының ұлылығы, мұратының ізгілігі, талаптылығы мен табандылығы қазақты да ұлы халыққа айналдырды.
– Қазақ «Елу жылда ел жаңа» дейді. Біз жиырма жылға жетер-жетпес уақытта жүз жылға бергісіз жолды артқа қалдырдық. Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық беделді ұйым өкілдерінің басын қосқан Саммит соның айшықты айғағы, – деді Тәуелсіздік күніне арналған салтанатта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының келелі кеңесі еліміз ғана емес, әлем жұртшылығы үшін де елеулі оқиға болды.
Сөйтіп, қазақ қазақ болғалы жетпеген биігіне, көрмеген мәртебесіне енді ғана қол жеткізді. Тек осы көңілі ортаймай, қуанышы ұзағынан сүйіндірсін де. Айдарынан жел ескен атақты ұйымға төрағалық еткен осынау бір жылдың аясында Қазақстан өзі белгілеген іс-қимыл бағдарламасын толығымен орындады. Ұйымның Еуразиялық векторы белгіленіп, қос құрлықтағы қауіпсіздік беки түсетін болды. Бір сөзбен айтқанда, Астана Саммиті Қазақ елінің жұлдызы жарқырап, айы оңынан туған ең мерейлі сәті болды деген абзал. Әсіресе, оның кемел ойластырылып, қылаусыз ұйымдастырылуы алыс-жақын елдердің бәрін таң-тамаша қалдырып, аузының суын құртты. Келелі кеңеске келген мәртебелі меймандар да, оның жұмысын көрсетуге жан-жақтан жиналған журналистер де таңданысын жасыра алған жоқ. Көбіне-көп олар сайын қырда еңсе көтеріп, санаулы жылдардың ішінде-ақ әлемдегі ең әсем шаһарлармен иық теңестірген елордамызға таңғалып, халқымыздың кеңқолтық қонақжайлығына риза болды. Елбасымыздың басқару шеберлігі мен қиуадан қиыстырар тапқырлығына бас иді. Өз аузынан жырып, асының нәрлісін, тағамының дәмдісін келім-кетімді меймандарына сақтап, қонақ күтуде алдына жан салмайтын қазекем бұл жолы да өз биігінен көрінді.
Сайып келгенде, Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік ұйымына он екі ай бойы ойдағыдай төрағалық етуі, құрылым қызметінің шыңы саналатын Саммиттің сәтті өтуі, Ұлт Көшбасшысы атанған Елбасымыздың ерен еңбегінің, кемел көрегендігінің, тіпті кемеңгерлігінің жемісі екені сөзсіз. Бір есептен, Барыс жылын өз жұртын барыс шығар биіктерге батыл бастап келе жатқан көз ашып көрген тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев жылы десе де болатын сияқты. Себебі, биыл оның Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы (Ұлт Көшбасшысы) деген атағы, біріншіден, заңмен бекітілді; екіншіден, ол кемел ойы кемеріне толып жетіп піскен шағы жетпіс жасқа толды; үшіншіден, әлемдік деңгейдегі ең беделді қайраткерлердің алдыңғы легіндегі саусақпен санарлық тұлғалардың бірі екенін кеше дүниенің төрт бұрышынан Астанамызға атбасын бұрып, ұлы жиынға қатысқан жетпістен астам елдің өкілдері түгел мойындады; төртіншіден, осыдан бір апта ғана бұрын адамзат өркениетінің алтын бесігі – Алтай өңірінен тағы бір бастама көтеріліп, Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде келелі жиын өткізіліп, Қазақстан Республикасының азаматтарына Үндеу қабылданды.
Елбасымыздың мәртебе-мерейін өсіріп, абырой-беделін асқақтата түскен Өскемендегі бұл жиынға еліміздің он алты өңірінен 850 адам қатысты. Олардың арасында көрнекті қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жазушылар, Парламент депутаттары болды. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Ерлан Сыдықов бастаған ынталы топтың бастамасымен жиынға келіп, өз ойын ортаға салғандардың пікірі бір-ақ арнаға тоғысты. Ол – Елбасына ерекше сенім көрсетіп, оның өкілеттігін ұзартатын референдум өткізу керек деген бірауызды байлам.
– Елбасының Президент сайлауына түсу ниеті бар екенін естігенде өз ойымды айтып, сайлаудың орнына бүкілхалықтық референдум өткізген абзал деп, оның тиімді жақтарын туралы баяндаған едім,– деді өз сөзінде заманымыздың заңғар жыршысы, әлемге танымал ақын – Олжас Сүлейменов. Оның бір пара себептері бар. Елбасының биік беделі, дүниежүзіндегі қазіргі мәртебесі қандай сайлау болса да сөзсіз жеңіп, жеңімпаз атанатынын айтпай-ақ айғақтап тұр. Демек, референдумның тиімді жақтары жетіп жатыр. Мәселен, шағын ғана мемлекет Сингапурды алайық. Ол елдің президенті отыз жыл бойы халықты іскерлікпен басқарып, экономикасын әлемде бірінші орынға шығарды. Тіпті мықты деген Еуропа елдері қаржы дағдарысы тұсында экономикасы шайқалып, күйзеліске ұшыраған жоқ па. Мен Елбасымызға сенемін. Халықты әлі де ұзақ жылдар іскерлікпен басқара береді деген сенімдемін. Яғни, референдум өткізу жөніндегі ұсынысты толық қуаттаймын.
Осы орайда ел Үкіметін табан аудармай он бес жыл ойдағыдай басқарған абзал ағамыз, абыз өмірден аңыз өмірге аттанғанына жыл да толмаған Бәйкен Әшімовтің көзі тірісінде Сауытбек Абдрахмановқа берген сұхбаты еске түседі. Елбасымыздың ел көшін бір белестен бір белеске биіктетіп, абыроймен алып бара жатқанын, оның бергені көп, берері одан да көп екенін атай келіп: «Елдің тізгіні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолында барынша ұзақ болуы үшін қолда бар мүмкіндіктердің бәрін де жасауымыз керек», деген еді ақылман қария.
Міне, сол мүмкіндік енді табылып, бүкілхалықтық референдум өткізу жөнінде ұсыныс түсті. Сайлау деп жұртты дүрліктіріп, жұмысынан алаңдатып, алашапқын қып, буда-буда қағаздар шығарғанша, осы дұрыс. Жоғарыда атап өтілген Үндеуде айқын айтылғандай, бұл шешім біздің болашаққа деген сенімімізді нығайтып, халқымызды тұтастыра түседі. Ынтымақ-бірлігі жарасқан халқымыз қуатты Қазақстан жасау жолында Елбасымен қашанда бірге.
Жылымыздың мәртебесін өсіріп, жұртымыздың мерейін тасытып, мүшелтойлары аталып өткен тағы да екі тұлға туралы айтпай кетуге болмас. Олар – кезінде ұлыстың ұраны болған әулие Бекет ата мен жұлдызсыз-ақ батыр атағын халқы берген жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлы.
Көгілдір көктемнің орта шенінен бастап алтын күздің аяғына дейін Алаштың аруақты пірі Бекет атаның рухына ас беріліп, оның туғанына 260 жыл толуы кеңінен атап өтілді. Оңтүстік өңірінен арна тартқан той шеруі Алатау баурайына ауысып, одан әулиенің кіндік қаны тамған Атырау облысындағы, мүрдесі жатқан Маңғыстау түбегіндегі салтанатқа ұласып, соңғы нүктесі Шымкент қаласында өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда қойылды. Пір бабаның мерейтойын арнайы құттықтап, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Бекет ата ғибратты ғұмыр кешкен, ел арасында әулие атанған тарихи тұлға екені аян. Ол халқымызға жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды таратып, ізгілік дәнін септі. Ұлы бабның мұрасы да, мұраты да елдің рухани өсіп, толысуына қызмет ете беретіні кәміл», деп атап өтті.
Ал, Ұлы Отан соғысының қаһарман сардары, аты аңызға айналған баһадүр Бауыржанның тағдырына Елбасының тікелей қатысы бар. Кезінде белден басылған әділеттілікті ол қайта қалпына келтіріп, аңыз ағамыздың қан майданды кешіп жүріп-ақ алатын Кеңес Одағының Батыры атағы мен генерал шенін қайтыс болғаннан кейін бергізді. Ортақ Отанымыздың жүрегі Мәскеуді неміс басқыншыларынан омырауын оққа тосып қорғап қалған Бауыржан Момышұлы бастаған батырлардың ерлігі ел есінен ешқашан шықпақ емес. Баукеңнің туғанына 100 жыл толуын халқымыздың жыл бойы атап өтіп жатқаны да сондықтан. Той батырдың туған жері Жуалыда басталып, бүкіл Қазақ еліне жайылды. Алматыдағы 28 панфиловшылар паркінде батырға арнап ескерткіш қойылды. Баяғыда, бұдан отыз жылдай бұрын аталмыш бақта панфиловшыларға арнайы аллея ашылып, құлпытас ескерткіштер қойылғанда: «Шіркін, осылардың маңдай тұсында жаужүрек қолбасшысы Баукеңнің құрыш мүсіні тұрса ғой» деп армандаған едік. Сол арман енді ғана жүзеге асты. Елін сүйген ұлы болса, сыйлайтын жұрты, қадір тұтар халқы қашанда табылады ғой. Барыс жылы бұған көзімізді тағы да жеткізді.
Қорыта келгенде, ұлылы-кішілі, айшықты да айтулы оқиғаларға толы болған Барыс жылына толған көңілімізді келесі жыл ортайта қоймас. Қазақ тарихында алдағы жыл марапатынан машақаты, аялауынан алапаты көп қиын жыл саналған. Алайда жүзі басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір жүзден астам ұлт пен ұлыстың ұл-қыздарын шұғылалы бір шаңырақтың астына ұйыстырып, тату-тәтті өмір сүруі үшін бәрін жасап отырған Қазақ елінің қандай қиындықты болсын жеңіп, жаңа асуларды алып, қырандай қиянға көз тігетініне сенім кәміл.
Сарбас АҚТАЕВ, жазушы.