Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов өмірлерінде орын алған
Жақында Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде «Тұлғатану» қоғамдық жобасы аясында қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен кездесу ұйымдастырған едік. Ұлт батырының әңгімесін тыңдап, сұрақтарына жауап алуға 800-ге жуық студент жиналды. Зиялы қауым өкілдері тағы бар. Айтайын дегеніміз, жоғары деңгейдегі кездесу жайлы емес, сол іс-шараға дайындық барысында біз көз жеткізген көптеген ғажайып сәйкестіктер. 2015 жылдың қыркүйек айында қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов аспан әлемін бағындырды. Ал Тоқтар ағамыз оған ақ батасын беріп аттандырған еді. Мұқият бақылап қарасақ, қос батырымыздың арасында көптеген ұқсастықтар бар екен. Екі батыр бір айда, бір күнде өмірге келген екен. Туған күндері – 27 шілде. Тоқтар Әубәкіров 1946 жылдың, Айдын Айымбетов 1972 жылдың жазында дүние есігін ашқан. Жұлдызнама белгілері – аң патшасы арыстан. 27 шілде күні бұл азаматтардан бөлек Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болған қазақтың қайсар қызы Ләззат Асанова, белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов туыпты. Туған күндер тарихына үңіліп қарасаңыз, басқа да тұлғалардан сәйкестік байқауға болады. Мысалы, ұлтымыздың ұлы жазушылары Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкей 28 қыркүйекте, яғни бір күнде туған түлектер. Ал Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин бір жылда туып, бір жылда қайтыс болған. Өмір сүрген уақыттары 1902-1985 жылдар. Астрология ғылымында бір күнде туған адамдарды «Жұлдызды егіздер» деп атайды. Ғалымдар олардың өмірлерінде, мінездерінде ұқсастықтар болатынын да жоққа шығармайды. Сол сияқты, қос ғарышкер арасындағы екінші ұқсастық: Тоқтар Оңғарбайұлы да, Айдын Ақанұлы да бір оқу орнының, Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесінің түлектері. Тоқтар Әубәкіров 1969 жылы, ал Айдын Айымбетов 1993 жылы оқуды аяқтаған. Арасы – 24 жыл. Тоқтар Әубәкіров ғарышқа 1991 жылы ұшса, Айдын Айымбетов 2015 жылы көкке көтерілді. Арасы – 24 жыл. Ғажап емес пе?! Төртінші сәйкестік: тұңғыш ғарышкер 2 қазан күні, ал Айдын ағамыз 2 қыркүйек күні ғарыш сапарына аттанды. Күнтізбеге қарасаңыз, екеуі де аптаның сәтті сәрсенбісіне тура келеді. Соңғы және ең қызық сәйкестік: Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқандағы командирі – Александр Волков болатын. Ал Айдын Айымбетовтің командирі Александр Волковтың ұлы – Сергей Волков! Мұның барлығын жай кездейсоқ сәйкестік дерсіз, дегенмен мықты тұлғалар арасында біз түсіне бермейтін тылсым ұқсастықтар болатыны рас сияқты. Осы деректердің барлығын Тоқтар Әубәкіровпен өткен кездесуде өзіне айтып бергенімізде таң-тамаша қалған. Содан кейін біз «Осыншама ұқсастық болатындай Айдын Айымбетов екеуіңіздің араңызда қандай байланыс бар?» деп сұрағанымызда, «Айдын – менің балам!» деп әзілдеп еді. Расында, қазақтың батырлары өз ізбасарларына осылай қамқорлық жасап, қолдап жүргені өте жарасымды емес пе?! Абай СЕЙФУЛЛАҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті, «Тұлғатану» қоғамдық жобасының жетекшісі. АСТАНА.
•
14 Қаңтар, 2016
Бес ғажайып сәйкестік
312 рет
көрсетілді