қазақстандық арманға бастайтын жол екенін өмірдің өзі дәлелдеді
Елбасы Н.Ә.Назарбаевты ұлықтау рәсімінде 5 институттық реформа негізінде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары жарияланды. Осы жарияланған Ұлт Жоспарын кеңінен халыққа түсіндіру мақсатында 2016 жылдың 6 қаңтарында «Егемен Қазақстан» газетінде Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлт Жоспарын жүзеге асыру мен оны табысты орындау үшін қолайлы халықаралық климаттың қажет екенін қадап айтты. Ол үшін еліміз әлемнің алпауыт мемлекеттерімен бірлікте, ынтымақта, достықта, татулықта болу керектігін тілге тиек етті.
Атап айтқанда, алдағы жылдарда өзге елдермен қарым-қатынастар одан әрі жалғастырылып, халықаралық ұйымдарда белсенді жұмыстар атқарылатын болады. Сонымен қатар, Орталық Азияның белгілі көшбасшысы ретінде Қазақстан өңірдің экономикалық дамуының қауіпсіздігін қолдауға, жан-жақты сақтауға барынша күш салмақшы. Бір сөзбен айтқанда, «100 нақты қадам» бүкіл әлемдегі бүгінгі құбылып тұрған тұрақсыздық жағдайында елдің, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі елдік құжат болып табылады.
Мақалада қазақстандық арман, кадрдың кәсіби деңгейін көтеру, заң саласындағы реформалар, еңбекті бағалау, халықпен бірлесіп жұмыс істейтін және оған есеп беретін ашық мемлекет құру, бәсекелестікті дамыту, сыртқы инвестиция, инновациялық-индустриялық бағыт туралы тұжырымдамалар, жалпы, алдағы жылдары атқарылатын жұмыстар хақында нақпа-нақ баяндалған. Бұл қазақстандықтарға үміт отын жағып, қазіргідей күрделі экономикалық жағдайда олардың ертеңгі күнге деген сенімдерін арттыра түсті.
Бұл өзгерістер өздігінен іске аса қалған жоқ. Олар еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы ретінде танылған тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барынша батыл және де қажетінше ұстамды саясатының нәтижесінде жүзеге асуда. Халық оған өз тағдырын, өз болашағы мен ұрпақтар болашағын сеніп тапсырды. Дағдарыстан шығудың амалын ойластырған мемлекеттер шығындарын қысқартып, бюджетті барынша икемдей түсуге мәжбүр болды. Біз енді қиын кезеңнен елді аман-есен алып шығудың бар амалын қарастырып, тиімді шешімдер қабылдаудамыз. Нұрсұлтан Әбішұлы елдің дамуы мен өсіп-өркендеуіне теңдессіз күш жұмсады. Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жылға жуық уақыт ішінде Елбасының басқаруымен Қазақстан саясат пен экономикада ауқымды жетістіктерге жетіп, әлемнің ірі державалары пікіріне құлақ асып, ұсынысын мақұлдайтын беделді мемлекетке айналды.
Осы жылдар ішінде біздің Президент қоғамдық келісім мен бірлік ұстанымын жас тәуелсіз мемлекеттің саясатындағы басты құндылық ретінде санамызға сіңірді. Қазақ елі мемлекеттілігін құру мен оның негіздерін жетілдіру ісінде үлкен ерліктің үлгісін көрсете білді. Ол мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын айқындады. 130-дан астам ұлттан тұратын халық үшін шын мәнінде Көшбасшы бола білген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда Елбасы атанса, халықаралық аренада тұлға ретінде кеңінен танылды. Өткен жылдар ішінде Парламент пен Үкімет үйлесімді жұмыс жасап, өте қысқа мерзімде елге қажетті біршама сапалы заңнамаларды қабылдады.
Қазақстандағы қорғаныс ісінің дамуына Елбасының сіңірген еңбегі зор. Бүгінде елдің барлық бағытта ілгеріленуіне күш салынып, жұмыстар жүргізіліп келеді. Оның ішінде, тәуелсіз елдің мықты әскері болуын басты назарда ұстап отыр. Жоғарғы Бас қолбасшымыз елді қорғауға қабілетті отандық Қарулы Күштер құрылғаннан бергі қысқа уақыт ішінде оларды реформалауға қатысты өзінің көптеген бастамаларын жүзеге асыра алды. Бүгінгі күні республиканың Қарулы Күштері жақсы жарақталған және сапалы дайындалған. Президент еліміздің әскери әлеуетін одан әрі жетілдіру мәселесін ұдайы бақылауда ұстайды. Сонымен қоса, құқықтық тәртіпті сақтау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету органдарының жұмысы қалыптастырылды.
Әлемдік деңгейде әлі ауыздықтала қоймаған жаһандық дағдарыстың сипатына қарамастан, еліміздің әскери құрылымын одан әрі жетілдіріп, маңызды шараларды тұрақты өткізіп келеміз.
Ұлт Жоспарында ғылымды қажет ететін инновациялық индустрияландырға бағытталған экономиканы қалыптастыру бойынша жұмыстарды жалғастырудамыз. Инновациялық-зияткерлік кластерді құрудағы негізгі мақсат трансферт және технологияларды коммерциялау, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін нарыққа шығару болып табылады. Атап айтқанда, «Әскери ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысын атап өткім келеді. Бүгінгі таңда республикалық қоғамдық бірлестік 4 бөлімшеден және 7 филиалдан тұратын құрылым ретінде 60 әскери ғалымды тарта отырып, әскери іс және мемлекет қауіпсіздігі салаларындағы зерттеулермен айналысатын 20 ғылым докторы және 40 ғылым кандидатымен бірлесіп жұмыс жүргізуде. «Әскери ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің белді ғалымдары Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 2015-2017 жылдарға арналған «Кешенді ғылыми-техникалық шешімді әзірлеу, роботты техникалық жүйелердің тәжірибелік үлгілерінің теориялық және эксперименттік зерттеулері» жөніндегі ғылыми жұмыстарға қатысып, біршама жобаларды жеңіп алды.
Атап айтқанда, Білім және ғылым министрлігінің мына төмендегі ғылыми жобалары бойынша жалпы саны 886,0 млн.теңге қаржы құрайтын:
– әскери жұмылдыру, адам ресурстарына;
– әскери символика негізінде қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға;
– «Кешенді ғылыми-техникалық шешімді әзірлеу, роботты техникалық жүйелердің тәжірибелік үлгілерін теориялық және эксперименттік зерттеу» тақырыптарына қатысты конкурсқа қатысып, осы бағыттар бойынша әскери ғалымдардың жұмысы өндіріске пайдаланылуда.
Бұл әскери және азаматтық салада пайдалануға арналған роботты техникалық жүйе өндірісінің негізін құрудағы алғашқы қадам болып табылады. Ғылыми жобалардың басты міндеттеріне тоқталсақ: кешенді ғылыми-техникалық шешім қабылдау үшін негізгі конструктивтік жүйеге теориялық зерттеу жасалып, тәжірибелі компоненттер және роботты техникалық модельдер мен әскери және азаматтық салада қолданылатын зерттеулер өмірлік тәжірибеден өтті. Оларды алдағы жылдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымдарында қолдану туралы ғалымдардың пікірлері алға қойылуда.
Сонымен қоса, Елбасымыздың ел тұрғындарының әлеуметтік ахуалы жақсаруына қатысты айтқан ақпараттары мені қатты қуантты. Мемлекет басшысы екі қолға жұмыс таба алмай жүргендерге басты назар аударуды ұсынды. Әсіресе, мүгедектер, жәрдемақыға өмір сүріп келе жатқан және өзге де жандарға жұмыс беру қажеттігіне тоқталды. Жалпы, еңбекақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың 30 пайызға өсуі мен жаңа Еңбек кодексінің қабылдануы, оның халықаралық стандарттарға негізделетіні кейбір осы күнге дейін шешімін таппай келген мәселелерге нүкте қоймақшы.
Ұлт Жоспарында көтерілген халықпен бірлесіп жұмыс істейтін және оған есеп беретін ашық мемлекет құру жөніндегі бесінші реформадағы тапсырмалар аясында «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы құрылатын болды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың азаматтарға көрсететін қызметтерінің ашықтығына, шешім қабылдауда бюрократтық кедергілердің алдын алуға жәрдемдеседі. Мемлекеттік корпорацияның қызметін үкіметтік емес ұйымдар құратын арнаулы қоғамдық кеңестер бақылайтын болады. Осы шаралардың бәрін орындау мемлекеттік органдардың шешім қабылдауын арттырып, жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытады.
Ұлт Жоспары қазақстандық арманға бастайтын жол екенін өмірдің өзі дәлелдеді. Елбасымыздың жүрегінен ақтарыла айтқан тұшымды ойлары барша азаматтың бойында отаншылдық сезімін ұялатары анық. Осындайда көкірегіңді қуаныш кернеп, Елбасының төңірегіне ұйыса түсу қажеттілігін тағы бір ұғына түскендей боласың.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары.