Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2015 жылғы қорытындылары және 2016 жылғы алда тұрған міндеттер туралы журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді.
Өткен жылы біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 5 институттық реформа – «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыруды бастадық. Ол – елімізді жаһандық экономиканың қиын кездерінде нақты табыстарға жетелейтін жоспар. Оны жүзеге асыру барысында біз экономиканың өсуін сақтап, халықтың әл-ауқатын әрі қарай арттыра беретін боламыз, деп бастады өзінің сөзін Ерік Хамзаұлы.
Әкімнің айтуына қарағанда, өткен жылы облыстағы экономикалық өсім 2014 жылмен салыстырғанда 102,8 пайыз болыпты. Бюджеттің орындалуы 100 пайыз болған. Барлық деңгейдегі жергілікті бюджеттер 31,9 млрд. теңге кіріс енгізіп, бұл көрсеткіш 2014 жылға қарағанда 118 пайызға өскен. Әлеуметтік құрылыстарды, тұрғын үйлерді, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды жаңғырту мен аяқтау жұмыстарына қарастырылған бюджет шығыстары 3,5 млрд. теңгеге оңтайландырылған.
Өткен жылғы табыстың ең үлкені инвестиция тарту саласында болған. 2015 жылы облыс жалпы154,5 млрд. теңге инвестиция тартып, бұл көрсеткіш бойынша республикада бірінші орынға шығыпты. Ал 2014 жылмен салыстырғанда оның өсімі 128,3 пайыз болған. Тартылған барлық инвестицияның 30 пайызы әдеттегідей агроөнеркәсіптік кешенге салынды, деді әкім.
Облыс республикалық, аймақтық және алыс шетелдермен әріптестік байланыстарды да өрістеткен. Е.Сұлтановтың айтуына қарағанда, өткен жылы облысқа 30-ға жуық түрлі мақсаттағы делегациялар келген. Осының арқасында шетелдік инвестиция көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 60 пайызға артқан. Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Ол үшін біз бірнеше маңызды жобаларды іске асыруды белгілеп қойдық. Соның ішінде Петропавл қаласында көліктік-логистикалық орталық ашуды және астық пен майлы дақылдарды өңдейтін екі ірі зауыт салуды қолға аламыз. Осы жобалар іске асатын болса 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады, деді Е.Сұлтанов.
Солтүстік Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешен ең басты өндірістік сала болып табылады. Өңір жыл сайын елімізге жоғары сапалы астықтың үштен бірін беріп отыр. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 311 млрд. теңгеге жеткен. Бұл – 7,5 пайыздық өсім деген сөз. Жалпы, сала бойынша өсім қарқыны республикада үшінші орынға ие болып отыр. Биылғы орақ науқаны біршама сәтті өтіп, 5,5 млн. тонна астық жиналған. Гектар берекелілігі 17,1 центнерден айналған. Мол өнім бізге жақын және алыс шетелдерге 1,5 млн. тонна астық, 150 мың тонна ұн, 200 мың тоннадан астам майлы дақылдарды экспорттауға мүмкіндік береді, деді Ерік Хамзаұлы.
Жиналған астықты сақтау ісінде де біршама жетістіктер бар екен. 2015 жылы жаңадан салынғаны мен жаңғыртылғаны бар сыйымдылығы 138 мың тонналық 7 астық қабылдау пункттері пайдалануға берілген.
Облыс тұрғындарының 57 пайызы ауылдарда тұрады. Оларды жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ететін мал шаруашылығы саласы, дей келіп, әкім 2015 жылы ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту жобасы шеңберінде 12,8 мың орындық бордақылау алаңы, 11 мың басқа арналған мал тұқымын асылдандыру орындары құрылғанын жеткізді. Ауыл шаруашылығы құрылымдары жыл бойы 20 мыңнан артық ірі қара мал сатып алды. «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары аясында 10 мыңнан астам бас мал әкелінді, деді әкім.
Елбасының ауылшаруашылық өнімдерін тереңдете өңдеуге байланысты берген тапсырмасын орындау мақсатында облыста 2016-2020 жылдарға арналған жеке жоспар жасалған екен. Бүгінгі күннің өзінде осы бағдарламаның шеңберінде құны 140 млрд. теңге болатын 60-тан астам жобаны іске асыру қолға алыныпты. Оның негізгі бөлігі сүт, ет өнімдерін өңдеу мен макарон бұйымдарын шығаруға бағытталған. Соның ішінде Тайынша ауданындағы майлы дақылдарды өңдейтін зауытты атап өтуге болады. Бұл жоба ресейлік компаниямен бірлесе отырып іске асырылады. Бүгінгі күні Ауыл шаруашылығы министрлігінің салалық қорытындысын күтіп отырмыз. Сол құжаттар келген бойда жобаны іске асыру басталады. Сонымен қатар, әкім Петропавл қаласында салынатын өсімдік майын өндіретін зауытты, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда тұрғызылатын астықты тереңдете өңдеу кәсіпорнын ауызға алды. Аймақ үшін мүлде жаңа бағыттағы өндіріс деп қант шығаратын зауытты, балық өңдеу және ас тұзын шығаратын кәсіпорындарды айтуға болады, деді Е.Сұлтанов.
Кезінде облыс қана емес республика үшін маңызды жоба саналған «Биохим» өндірістік кешені туралы да әкім өзінің сөзінде айтып берді. Миллиардтаған теңгенің көзіне су құйған бұл кәсіпорын бес жылдан бері жұмыс істемей тұр, соның кесірінен 500-ге жуық адам жұмыссыз қалған. Енді сол кәсіпорынды облыс басшылығының өтінішімен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ инвестициялық комитетке шығарып, кешенді қалпына келтіру мәселесін шешуді қолға алатын көрінеді. Біздің болжамымыз бойынша кешен үстіміздегі жылдың желтоқсан айында іске қосылады. Оның биоэтанолы мұнай өнімдерін өңдейтін зауыттарға аса қажет. Әсіресе, қазіргі кезде қолға алынған «Еуро-5» және «Еуро-6» сапалы бензиндерін шығаруға оның пайдасы зор. Одан басқа биоэтанол өндірісі 7-8 түрлі бәсекеге қабілетті қосалқы өнімдер шығаратын болады, деді әкім. Өзінің сөзінде Е.Сұлтанов ауыл шаруашылығында үлкен жетістікке мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізілгенін атап өтті. 2015 жылы біз Үкіметтен 17,2 млрд. теңге субсидия алдық. Егер оны 2013 жылмен салыстырсақ, өсім 85 пайыз екені көрінеді. Үстіміздегі жылы да осындай қолдау көрерміз деген үміттеміз, деді ол.
Әлеуметтік маңызы зор 33 түрлі тамақ атауларының бағасын тұрақты ұстау жөніндегі тапсырманы орындау үшін облыста жедел штаб құрылған. Штаб осы тауарлардың бағасын күн сайын өзінің бақылауында ұстап отыр. Рас, кейбір тауарлар бойынша аздаған өсімдер бар. Соның ішінде өздерінде өндірілмейтін болғандықтан қант бағасының өсімін құрықтай алмаған, бүгінгі күні ол 29 пайызға артқан. Егер өздерінде қолға алынған қант зауыты іске қосылатын болса барлық 33 түрлі тамақты да өндіретін болады.
Индустриялық-инновациялық даму бағытындағы алғашқы бесжылдық табысты аяқталған. Осы бесжылдықта 32 жоба іске асырылған, 1400 жаңа жұмыс орындары ашылған. Соның ішінде астық тасымалдайтын вагон құрастыру, диаметрлері үлкен пластикалық құбырлар өндірісі және т.б. өнімдер атап өтуге тұрарлық. Жалпы алғанда, 2015 жылдың қорытындысы бойынша облыс өнеркәсіп өндірісінің өсімі бойынша республикада алтыншы орын алады. Әкім екінші бесжылдықта өнеркәсіптік жобалар саны екі есе артатынын айтты. Бүгінгі күні өңір 42 жоба тіркеткен, жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы да 20 жоба тіркелмекші, ал инвестиция көлемі үш есе артады екен.
Облыс әкімінің ауыз толтырып айтарлық жетістіктері қатарында былтыр ашылған «Казтехмаш» зауыты болды. Ол жем-азық дайындау техникаларын және еуропалық «Сампо» астық комбайндарын құрастырады. Осы күнге дейін алдыңғының – 59, соңғының 46-сы шығарылып, соның 22-сі биылғы ораққа қатысып, өзін жақсы қырынан көрсетіпті. Бағасы 46 млн. теңге көрінеді.
Сондай-ақ, былтырғы желтоқсанда Елбасының қатысуымен ашылған 25 түрлі таңғы құрғақ тамақ шығаратын фабрика да облыс мақтаныштарының бірі болып отыр екен. Бұл кәсіпорынның өнімдері қазірдің өзінде экспортқа шығып жатқан көрінеді. Бәсекелестікке қабілеттілігі де жоғары, осындай өнім шығаратын ресейлік фабрикаларға қарағанда мұның тауарлары 10-15 пайызға арзан.
Бүкіләлемдік дағдарыс терістіктің өнеркәсіпшілеріне де өз салқынын тигізіп отырған көрінеді. Мұнай-газ саласына арналған скважиналық мұнай насостары мен жөндеу машиналарын, бұрғылау құрылғыларын шығаратын зауыттары былтыр осындай бірде-бір өнімдерін сата алмапты. Ал олардың бағасы 200-250 млн. теңге. Осыған қарамай өнеркәсіп саласы бойынша біздің облыс 18,5 пайыз өсімге қол жеткізді, деп әкім қанағатпен атап өтті. Бұл өнеркәсіпті әртараптандырудың арқасында қол жеткізілген табыс болып шықты. Осы арада әкім өнеркәсіп орындарының шетелдік компаниялармен жасаған ірі келісімдері туралы айтып өтті. Соның ішінде «ПЗТМ» зауытының жапониялық компаниямен 509 млн. теңгеге жасаған әріптестік келісімі бар. Ал «ЗИКСТО» зауыты «Қазақстан темір жолы» ҰК-пен әріптестік келісім жасау арқылы өзінің өндірісін 4 есеге жуық арттыруға қол жеткізіпті.
Бүгінгі күні облыста 110 мың адамды қамтыған 34 мың кәсіпкерлік субъектілері бар екен. Бұл – облыстың еңбекке жарамды адамдарының үштен бірі деген сөз. Жалпы өңірлік өнімде олардың өнімдерінің үлесі 25 пайызды құрайды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру бойынша 42 млрд. теңгенің 773 жобасы мақұлданған.
Жол-көлік инфрақұрылымы туралы айтқанда, әкім «Петропавл – Астана» күрежолының биыл аяқталатынын айтып, жиі жүретін халықты бір серпілтіп тастады. Жергілікті жолдар мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей тұрған көрінеді. Олардың қанағаттанғысыз деп есептелетіндерін биыл 45 пайызға түсіреміз, деді әкім. «Нұрлы Жол» бағдарламасы жобаларын жүзеге асыру аясында 3,6 млрд. теңгенің 13 инвестициялық жобасы іске асырылған.
Әкімнің баяндамасындағы журналистерді қызықтырған мәселенің бірі – оңтүстіктегі жұмыс күші артық өңірлерден облысқа тұрғындар тарту ісінің қалай шешілетіндігі болды. Бұл мәселеге байланысты 110 үйдің дайындалғаны айтылды. Қазір солардың 18-іне оңтүстіктегі ағайындар көшіп келіпті. Оларға 21 жұмыс орны ұсынылған. Биыл әкім сырттан келушілерге арналған аймақтық квотаны 300-ден 400-ге арттыруды сұраған екен.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баяндамасына қарағанда, облыста ілгерілеу бар екені көрініп тұр, тек осы үрдіс үстіміздегі жылда да жалғасын тапсын деңіз.
Баяндамадан кейін әкім журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».