• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2016

Иран томағасын сыпырды

304 рет
көрсетілді

Иран Ислам Республикасына салынған халықаралық санкция алынды. Осыған орай, аталған елдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моджтоба Дамирчилу бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Еуроодақ пен АҚШ өкілдерінің осы жайындағы мәліметінен кейін онсыз да әрбір жаңалыққа түндігі желп-желп етіп жатқан әлем назарын бірден Тегеран жаққа бұрған. Бірнеше жыл экономикалық санкцияның құрсауында адымын кең ашып, құлашын алысқа сермей алмаған Иран енді не істейді? Мұнай қорының зор байлығы бар, әрі оны өндіру де қымбатқа түспейтін ел томағасы сыпырылған сәтте қанатын қалай қомдайды? – деген сауалдар кім-кімді де қызықтыратыны анық. Осы себепті де болар, Астанадағы Тоқпанов көшесіне орын тепкен Иран елшілігі журналистерге толып кетті. Еске түсірсек, о баста осы елдің уран байытуы халықаралық белгіленген шектен асып кетті, Иран жұрты ядролық қару шығаруға дайындалып жатыр деген қауіп аяғында бұл елге санкция салумен қорытындыланған. Иран жайында сөз қозғаған сарапшылар сол тұстағы мемлекет басшысы Махмұд Ахмадинежадтың ымыраға ұмтылмайтын қатқыл саясаты тізгінді Хасан Рухани ұстануымен өзгереді, оны соншама жылдан кейін Иранның жаңа басшысының Ақ үймен хабарласуынан байқауға болады деп айтқан еді. Шынында, болжамдар расқа айналып, әлемдегі супердержавалардың басшылары ядролық бағдарламаға байланысты 5+1 келіссөздерін бастап кеткен. Оған себепші болып, өз елін келіссөздер алаңына айналдырып, Қазақстан тарапы да қатысқан. Өткен жылдың шілде айында келісім аяқталып, ол бойынша Иран тарапы өзіне бірталай міндеттеме алып, керісінше, салынған шектеуді алып тастау мәселесін төтеден қойған болатын. Халықаралық қоғамдастық оқшаулап, санкциямен құрсау­ланған елдің одан босануына байланысты өткен баспасөз мәслихатында Төтенше және өкілетті елші: «Иран жұрты кешегі күні қуанышты жаңалықты естіді. Санкцияның экономикалық шектеулеріне қоса, оның тигізетін психологиялық әсері де бар еді. Енді сол тосқауыл алынып, шетелдердің бизнес өкілдері де, банктер мен түрлі компаниялар өздері қызығатын салаларға инвес­тиция салуға тартынбайтын болады. Осыған дейін Батыс банктерінде қозғаусыз жатқан ирандық компаниялардың есепшоттары ашылып, мұнайды сыртқа шығаруға мүмкіндік туды. Санкцияға дейін Иран күніне 4 млн. баррель мұнай өндіріп, оның 2,1 миллионын экспортқа шығарып отырды. Санкция салдарынан бұл көрсеткіш төмендеп кетті. Алдағы күні сол межеге қайта жетуді көздеп, 6 айдың ішінде 1 млн.-ға, ал келесі жылы 2 млн.-ға дейін көбейтуді көздеп отырмыз», – деген ол журналис­тер назарын мына жайттарға аударып өтті. «Кеше біз еш қажеті жоқ дағдарыстың аяқталғанының куәсі болдық. Иранның ядролық бағдарламасына бай­ланыс­ты туындаған дағдарыс шешімін тапты. Әлем Иранның ядролық бағдарламасының бейбіт сипатта екендігіне көз жеткізгеннен кейін қойылған санкцияны алып тастады. Алайда, біздің еліміз атомды игеруді бейбіт мақсатта қолдануын жалғастыратын болады. Барлық күдіктен арылу мақсатында бақылау жүргізудің арнайы тетіктері даярланады», – деді елші. М.Дамирчилу Иранның ешқашан АҚШ-қа мұнай экспорттамағанын, сондықтан Американың қатпарлы мұнайын нарыққа шығаруының әсер етпейтінін айтты. Иранның мұнайын санкцияға дейін тұтынушылар болған, еліміз сол тұтынушылармен қайта әріптестікті жалғастыратын болады, деген елші Иранның теңізден де, құрғақтан да алынатын мұнайының өзіндік құнының басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан – 10 доллар екеніне тоқталып, баррелін 29 доллардан сатудың өз елі үшін тиімді екенін айтты. Елші, сонымен қатар, санк­циялардың алынуына орай Иран мен Қазақстан ынтымақтастығы сапалы жаңа деңгейге көтерілетініне тоқталды. Өз елінің барлық елдермен, әсіресе, көршілерімен дұрыс қарым-қатынас орнатуға мүдделілік танытатынын мәлімдей келе, Қазақстан арқылы Ресей, Қытай сынды елдермен қарым-қатынас тереңдей түседі деп және оның аймақтағы елдер үшін тиімді болатынын алға тартты. Мұнымен бірге, ол лаңкестікпен күрестегі күш біріктірудің маңызына үлкен мән берді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».