Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында ең ұлы құндылығымыз – Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жаңа қазақстандық арманмен қадам басқанымызды, оның басты мақсаты жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан-2050» Стратегиясымен бара-бар екенін атап көрсетті. Бұл аталған мақаланың көтерген жүгінің қаншалықты салмақты екенін бағамдап тұр. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуді көздейтін Стратегияны жүзеге асыру аясында мемлекетімізде ауқымды өзгерістер орын алуда. Соның бірі жемқорлыққа қарсы құралдар мен тетіктерді, институттарды жаңарту қажеттілігі орайында атқарылған жүйелі жұмыстар дер едік. Бұл саладағы негізгі нәтиже жемқорлықтың салдарымен күреске емес, оның алдын алуға бағытталуымен ерекшеленіп отыр. Елбасы айтқан жаңа қазақстандық арманға жақындата түсетін бес институттық реформа мен «100 нақты қадамды» және Жолдауды жүзеге асырудан туатын міндеттер мен тапсырмаларды тағы бір саралаған толғамды мақаланың маңызы зор.
Президент мақаласында біздің департаментіміз атқаруға тиісті бірқатар жұмыстар тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. «Мемлекетті кәсібилендіру» деген арнайы тарауында қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі басталғаны айтылуы бекер емес. Мәселен, жуырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Мемлекеттік қызмет және сыбайлас Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекеттік қызмет істері министрлігі болып, оның құрылымында жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылды.
Бір жылдан аса уақыт бұрын, яғни 2014 жылдың 26 желтоқсанында жемқорлыққа қарсы тиімді саясатты енгізу және оның кез келген бой көрсетуіне «төзбеушілік» жағдайын қалыптастыру мақсатында Президент жаңадан «Жемқорлыққа қарсы стратегияны» бекітті. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларын, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру шеңберіндегі қазіргі қазақстандық қоғам талаптарына жауап бере алатын және жаңа саяси міндеттермен тығыз байланысты құжат болды. Осыған орай, 2015-2017 жылдарға арналған республикалық және өңірлік іс-шаралар жоспары қабылданды. Өткен жылы кадр саясатын тиімді жүзеге асыруға негіз болатын «Е-қызмет» ақпараттық жүйесін мемлекеттік органдарға енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп, Шығыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік органдар аталған автоматтандыру жүйесімен толық қамтылды.
Департаментіміздің негізгі қызметінің бірі – мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай саясатты жүзеге асыру. Осы орайда мемлекеттік органдар кадрларының жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп тұрады. Айталық, былтыр 4844 мемлекеттік қызметке үміткер тестілеуге қатысып, олардың ішінен 1574-і, яғни 32 пайызы тестілеудің шекті деңгейінен өтті. Жүргізілген сараптамалар тестілеу кезінде үміткердің басқа заңнамаларды жетік білсе де, бір заң бойынша шектік деңгейден өте алмай қалатынын анықтады. Осы орайда Астанаға тестілеу бағдарламасын жетілдіруге байланысты өз ұсыныстарымызды жолдадық. Елбасы мақаласында айтылған, жаңа жылдан бастап күшіне енген жаңа заң мемлекеттік қызметтің жаңартылған моделін ұсынып отыр.
Мемлекеттік қызмет жүйесімен бірге жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағытталған жүйе де жаңғыртылып, 1 қаңтардан бастап жаңа заңнама күшіне енді. Елбасы жемқорлықпен күресті дәйекті және жүйелі сипатпен жүргізетін жаңа заңнаманың халықаралық талаптарға сәйкес екенін атап өтті. Осыған орай, департаментте қоғамның әр мүшесінің жемқорлыққа қарсы азаматтық санасының оянуына, жемқорлық құбылыстарды туындататын жағдайлардың алдын алуға бағытталған жемқорлыққа қарсы ағарту және қоғаммен байланыс бөлімі құрылып, жұмыс істеуде. Былтыр жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясатты түсіндіру мақсатында ақпарат құралдарында 400-ден астам мақала жарық көріп, мемлекеттік органдар мен білім нысандарында 500-ден астам семинарлар мен дәрістер, кездесулер мен алқақотан әңгімелер, елді мекендерде көшпелі мәжілістер өтті.
Азаматтық қоғам институттары да аталған жұмысқа тартылып, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы әріптестік туралы меморандумдар қабылданды. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен департамент және аудан арасында қабылданған үшжақты меморандум бойынша Абай ауданы мен Курчатов қаласы жемқорлықтан тыс аймақ ретінде жарияланды. Департаменттің ұйытқы болуымен өткен ауқымды іс-шаралар қатарында БАҚ өкілдерімен және жетекшілерімен кездесу, «Жастар – жемқорлыққа қарсы» атты көңілді тапқырлар ойыны, «Қазақстан Республикасындағы жемқорлыққа қарсы саясат: ғылыми, құқықтық және экономикалық қыры» атты республикалық конференция, «Үздік мемлекеттік қызметші – 2015» байқауы, «Галстуксіз кездесу» атты жас мемлекеттік қызметшілермен кездесулерді айтуға болады.
Әрине, жемқорлыққа бой алдырғандарға әуелгі кезекте үлкен көлемдегі айыппұл салу арқылы қатаң шара қолданылады. Былтыр 71 лауазымды тұлға, оның ішінде 28 жетекші қылмыстық жауапкершілікке тартылып, келтірілген шығын қайтарылды.
Жаһандану заманының талаптарына сай, елімізде осындай оңды өзгерістер орын алып, өркениетті елдердің қатарына бір емес, жүз қадамға жақындаудың мүмкіндігі туып отыр. Сондықтан, баршаңызды Елбасының мақаласындағы маңызды міндеттерді сәтті іске асыру үшін өз үлестеріңізді қосуға, мемлекеттік қызмет мәртебесін жаңа биікке көтеруге және сыбайлас жемқорлықсыз қазақстандық қоғам құруға барынша қолдау көрсетуге шақырамын.
Ғалымбек ДОСАНОВ,
Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы.
ӨСКЕМЕН.