Жуырда Астанадағы Ұлттық музейде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Тариxтан тағылым» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Сөйтіп, «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында 18 қарашадан бері жалғасып келе жатқан «Тарихы терең Ақ Жайық» атты көрменің жұмысы қорытындыланды.
Шараға №56 мектеп-лицейінің шығармашылық тобы қатысып, тарихи мекенді жырға қосып, күмбірлете күй тартты.
Бұл игі шараның түпкі мақсаты Батыс Қазақстан облыстық музей қорлары арқылы елорда тұрғындары мен қонақтарына Ақ Жайық өңірінің материалдық және рухани мәдениетінің баға жетпес құндылықтарын көрсетуді және өлке тарихымен тереңірек таныстыруды көздеген екен. Айта кетейік, Орал қаласындағы бұл музей – Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі, оның іргетасының қаланғанына биыл 180 жыл толмақ.
Көрмеде археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған үшбұрыш, шырша, ромб өрнекті қыш, шығыр құмыралар, Жайық қалашығының орнынан табылған кесене қалдықтары және кірпіш тастар, сонымен қатар, б.д.д VІ-V ғасырларға тиесілі Тақсай оба-кешенінен 2012 жылы (БҚО Теректі ауданы, Долинное елді-мекені) табылған «Алтын ханшайымның» жаңғыртылған нұсқасы, ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек әйел жерленген жердің өртенген ағаш бөренелері, ғұрыптық ыдыстар қойылған. Бұған қоса, 1969 жылы Сантас жонындағы обалардан табылған қыпшақ жауынгерінің мүрдесі, қару-жарақтары, Е.Пугачев бүлігін басуға қатысушыларға 1775 жылы орыс патшайымы ІІ Екатерина сый ретінде берген қолғап, орыс ақыны А.Пушкин, Кіші жүздің соңғы ханы Жәңгір хан мен Фатима ханым киген киімдердің көшірмелері көрмені қызықтаушы жұртшылықты бейжай қалдырмаған сыңайлы. Сондай-ақ, А.Н.Харузиннің 1891 жылы жарық көрген «Киргизы Букеевской Орды» атты кітабы, Батыс Алашорда мен Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі мұрағаттық құжаттар көпшілік назарына ұсынылған. Бас-аяғы 250-ден астам бағалы экспонаттар қойылған бұл көрмеде атақты күйші Дина апамыздың камзолы, Дәулеткерей, Құрманғазы, Мұхит, Сейтектердің домбырасы, тіпті, олар тұтынған күнделікті тұрмыстағы заттары астаналық қонақтарды сол дәуірге саяхат жасатқандай күйге бөледі, дейді музей қызметкерлері. Онда Тайыр Жароков, Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі сияқты атақты қаламгерлердің ұстаған заттары мен сахна саңлақтары Хадиша Бөкеева, Роза Жаманованың, Ақ Жайықтың Ақ Шағаласы атанған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның сахналық киімдері қойылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да мұндай көрнекілігіне көз тойып, көңіл марқаятын көрікті көрмелер қатары молая түспек.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
журналист.