Германия Түркияға қаржы бөлмек
Мигранттар проблемасын шешу үшін Германия Түркияға жасалынатын қаржы көмегінің көлемін 36 миллион еуродан 50 миллион еуроға дейін арттыратын болады, деп хабарлады журналистерге ГФР экономикалық ынтымақтастық және даму министрі Герд Мюллер.
Министрдің айтуынша, бұл қаржы миграциялық дағдарысты шешу үшін бағытталады. Ол қаржыға мектептер салынып, кәсіптік оқулар ұйымдастырылады және Түркияның шекаралық өңірлерінде коммуналдық инфрақұрылымдар нығайтылады.
Германия министрі осы мәселеге орай журналистерге берген сұхбатында Түркияның Еуропадағы миграциялық дағдарысты шешуде жетекші рөлдердің біріне ие екендігін баса көрсеткен.
Францияда босқындар Кале портын басып алуға әрекет жасады
Францияның Кале қаласындағы лагерьге орналастырылған мигранттар шекараны бұзып өту үшін кезекті әрекеттер жасады. Олар кедергі қоршаудан өтіп, портқа дейін жетпек болды. Полиция оларға қарсы күш көрсетті. Кейбіреулерін Ұлыбританияға бағыт алатын паромнан ұстады.
Осы оқиғаға байланысты Каледегі босқындар лагерінде мигранттар құқығын қолдауға бағытталған шеру болып өтті. Бұл акцияға мигранттардың өздері, сондай-ақ француздық солшыл топтар бастаған белсенділер қатысты. Ол белсенділердің көпшілігі Таяу Шығыс, Африка және Азия елдерінен шыққандар еді.
Шеруге қатысушылар «Біз қауіпті емеспіз» деп жазылған плакаттар ұстады. Олар адам құқығының сақталуын талап етті. Осы қолдауға сүйенген лагерьдегі мигранттар кешке таман шекаралық қоршауларды бұзып өту үшін шабуылға шықты. Жүздеген адам Кале портына жетуге ұмтылды. Мұндағы олардың мақсаты Британ жағалауына бағыт алатын кемелерге отыру болды.
Грекия мен Түркия шекарасында былтырғы жылы жүздеген мың босқын жинақталған болатын. Осы жерлерде де митингілер болып өтті. Оған қатысқан Грекияның солшыл белсенділері босқындар үшін шекараны ашуды талап етті. Шекаралық өңірдегі жағдай осындай шерулерге байланысты барынша ширыға түсті. Шеруге қатысушылар босқындардың уақытша лагерьлерде адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқандығын айтып, олар үшін шекараны ашу қажет деп ұрандатты. Мұны жергілікті тұрғындардың да қолдайтындығы сезіледі. Өйткені, осы өңірге жиналған мыңдаған босқындар олардың қалыпты өмірін бұзып жіберген еді. Жергілікті тұрғындар осы жағдайдан тезірек шығуды қалайды.
Екінші жақтан, Финляндия азаматтары өз үкіметінен шекараны жабуды талап етуде. Өйткені, олар да босқындар проблемасына тап болғысы келмейді. Сондықтан, Финляндияның Тампере қаласында шекарадан ешкімді өткізбеуді талап еткен ұрандар ұстап, жүздеген адам көшеге шыққан. Шеруге қатысушылардың көпшілігі үстеріне клоунның костюмін киіп алған. Олар мұның себебін, «аталған проблемамен күресудің бір-ақ жолы бар, ол – әзіл арқылы өз көңіл-күйіңді түсірмеу», деп түсіндірген.
Біздің елімізде бар-жоғы бес жарым миллион адам өмір сүреді. Сондықтан, 33 мың мигранттың бізге келуі тым көптік етеді, депті тұрғындардың бірі. Оларды Кельн қаласындағы жаңа жылдық мереке кезінде орын алған босқындардың әйелдерге жасаған зорлық-зомбылық оқиғалары қатты тітіркентіп тастаған секілді.
Грекия өзіне тағылған кінәні теріске шығарды
Соңғы кездері бірқатар еуропалық саясаткерлер Грекияны мигранттар проблемасының туындау көзіне айналып барады деп айыптауда. Олар Грекияның босқындар проблемасын шешуге ынта танытпай отырғандығын айтады.
Алайда, мұндай айыптауларға Грекиядағы билік басындағылардың беретін жауаптары да бар.
«Еуропада босқындар проблемасының бас көтеруіне Грекия кінәлі емес. Бұл проблеманы шешу үшін ең алдымен Сириядағы соғыс пен Таяу Шығыстағы гуманитарлық дағдарысты ауыздықтау керек», дейді олар.
Жуықта осындай пікірлердің бірін Грекия сыртқы істер министрінің орынбасары Никос Ксидакис білдірді.
«Соңғы күндері Еуропадағы консервативтік топтардың өкілдері Грекияны босқындар проблемасын туындататын көз деп айыптап, бізді әбден нысанаға алып алды. Олар мұндай кінәні таққанда, ең алдымен біздің елдің жағалай күзетін теңіз шекараларын қорғамай отыр дейді. Бізден босқындарға қарсы әскери күш көрсетуді талап етеді. Бұлары дұрыс емес. Грекия өзінің ұлттық және еуропалық шекараны талап деңгейінде қорғайды. Бірақ біз босқын әйелдер мен балалар мінген қайықтарға әскери күш көрсетіп, оларды суға батырып жібере алмаймыз. Бұған біздің өркениетіміздің құндылықтары, сондай-ақ, халықаралық және еуропалық келісімшарттар жол бергізбейді. Грекия еуропалық мәдениеттің сақтаушысы болып табылады. Сонымен қатар, зардап шеккен босқындарды қолдаушы елдердің қатарында. Германия, Австрия, Швеция және басқа да елдер секілді біз босқындар проблемасына түсіністікпен қараймыз», дейді ол.
Министрдің орынбасары өз сөзінде Грекияның Эгей теңізінде суға батып кете жаздаған 104 мың адамды, соның ішінде көптеген балаларды құтқарып қалғандығын келтірген.
«Эгей теңізіндегі бақылау шарттарын өзгерту бағытында Грекияға қысым жасау, мұнда онсыз да жиі орын алып жатқан адам өлімінің санын арттыратын болады. Тек өткен күні ғана мұнда 42 адам, соның ішінде жас бала қазаға ұшырады», дейді Никос Ксидакис.
Ол өз мәлімдемесінде Грекияның еуропалық әріптестерден өткен жылдың шілде айында босқындар проблемасына байланысты үлкен көмек сұрағандығын, соның ішінде жедел жүретін қайықтар мен басқа да құрал-жабдықтар, мамандандырылған қызметкерлер сұрағандығын, сонымен қатар Эгей теңізіндегі «Посейдон» операциясын кеңейтуді өтінгендігін, алайда бұл көмектің тым кешігіп келгендігін келтірген.
Ксидакис өз мәлімдемесінде Еуропа кеңесінің 160 мың адамды көшіріп әкету жөніндегі келісілген шешімін әріптес мемлекеттердің тез орындауы қажеттігін еске салған.
Бизнесмендер мигранттарға қарсы
Францияның Кале қаласында мигранттарға қарсылық көрсеткен шеру де болып өтті. Бұл шеру жексенбі күні ұйымдастырылды. Оны ұйымдастырушылар – жергілікті бизнесмендер. Бұл шерулер «Мигранттар экономиканы құртады» және «Мен өз қаламды сүйемін» деген ұрандармен өтті. Шеруге қатысушылар қолдарына осындай сөздер жазылған плакаттар көтеріп шықты.
Жергілікті бизнесмендердің айтуынша, қала маңайындағы мигранттардың жағымсыз әрекеттері жергілікті тұрғындарды қауіптендіруде. «Адамдар олардан сескеніп, қызмет көрсету орындарына көп келмейтін болды. Осыдан сауда дүкендері мен мейрамханалар шығын шегуде. Ал осындағы қала құраушы кәсіпорын болып табылатын портта жолаушылар ағыны төмендеп кетті. Ол 2015 жылдың бастапқы кезеңімен салыстырғанда 45 мың адамға азайды». Міне, жергілікті кәсіпкерлер осындай шағымдарды алға тартып отыр.
Кале порты кеңесінің төрағасы Жан-Марк Пюисесо былай дейді:
«Мигранттардан Кале қаласының экономикасы зардап шегуде. Порт қызметі де қиын жағдайға душар болып отыр. Мен осы жағдайды реттеудің уақыты жетті деп есептеймін. Бұлай деп айтатын себебім, бізге келіп жатқан босқындар өз елдеріндегі соғыстан қашушылар. Мұнда олар жақсылықпен келіп отырған жоқ».
Өткен сенбі күні Кале портының жұмысы кезекті рет тағы да үзіліске душар болды. Бұл оқиға босқындар қоршау мен күзетті бұзып өтіп, портқа кіріп кеткен кезде орын алды. Полицияға күш қолдануға, осындай әрекет жасау үшін кемедегі адамдарды сыртқа шығаруға тура келді.
Кале қаласының жанындағы палаткалы лагерьге жиналған босқындар – Африка мен Таяу Шығыстан шыққан адамдар. Олардың мұнда жинақтала бастағанына жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында олар Франциядан шығып, Ұлыбританияға жету әрекетін бірнеше рет жасаған. Көп жағдайда Ла-Манштағы туннель арқылы өтіп кетуге ұмтылған. Міне, осындай оқиғалар кезінде полициямен болған қақтығыс салдарынан қаза табушылар да аз емес.
Міне, осы аралықта Франция мен Ұлыбритания аталған проблеманы шешу үшін бірнеше саммит өткізді. Бірақ проблема шешімі әзірге табылмай тұр.
Топтаманы дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».