Облыстық баспасөз клубында Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Антонина Маркова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Бүгінде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу барлық қазақстандықтардың және елімізден тыс жерлердің де назарында отырғаны белгілі. Бұл саяси науқанның маңызын ерекше түсінген әркім оның сәтті әрі демократия талаптарына сай мөлдір де ашық өтуін қалайды. Сондықтан Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Антонина Маркова сайлауға дайындық барысына тоқталды. Үстіміздегі жылы 20 наурызда өтетін сайлауға облыста 1140 сайлау комиссиялары жұмыс істей бастады, соның ішінде 21 аумақтық, 1 облыстық, 4 қалалық, 16 аудандық, 1 округтік комиссия болады. 36 сайлау комиссиясы облыстық мәслихатқа, 62 сайлау комиссия қалалық мәслихаттарға, ал 203 сайлау комиссиясы аудандық мәслихаттарға депутаттар сайлау жөнінде құрылды. Облыс бойынша 552575 адам сайлауға қатысып, Парламент Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға өз қалаулыларын таңдайтын болады.
Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Антонина Маркова кезектен тыс сайлау өткізудегі заң талаптарын атап өткеннен кейін журналистер сұрақтарына жауап берді. Соған орай 2015 жылы 26 сәуірде өткен Қазақстан Республикасының Президенті сайлауы мен бұл сайлауды өткізу үдерістерінде айырмашылықтардың да бар екендігін тілге тиек етті.
– Мысалы, өткен жылғы Президент сайлауы науқанына тек аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары ғана қатысты. Ал округтік сайлау комиссиялары болған жоқ. Соған байланысты биылғы сайлау науқанында алдымен округтік сайлау комиссиялары мүшелерін оқытуға көңіл бөлеміз, содан кейін аумақтық, соңынан учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін оқытамыз. Өйткені, учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушылар тізімін оларға берген кезден бастап жұмысын бастайды, яғни ол 1 наурыздан басталады, – деді Антонина Михайловна.
Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы облыста сайлау науқаны басталысымен саяси белсенділіктің жоғары екені байқалғанын атап өтті. Республикада бірінші болып Қостанай облысында барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттығына 17 кандидат ұсынылды. Олардың біреуі облыстық мәслихаттың депутаттығына, қалған 16-сы аудандық мәслихаттардың депутаттығына өзін өзі ұсынған. Барлық деңгейдегі мәслихаттарға ұсыну одан әрі жалғасып жатыр. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заң талабына сәйкес белгіленген мерзімдерді сақтай отырып, алдағы күндері олардың құжаттарын, арызын тексеру, тіркеу жүзеге асатын болады.
Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына облыс бойынша 818 сайлау учаскесі құрылды. Төрайым бұл дауыс беруді ұйымдастыру барысында қаржыны үнемдеп, саяси науқанның барынша тиімді әрі белсенді өткізілуі үшін жасалғандығын жеткізді.
– Бір жылдың жүзі болса да уақыт өзгерістері бар. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында сайлаушылар 847 сайлау учаскелеріне келіп дауыс берген еді. Ал Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауында сайлау учаскелерінің саны 32-ге қысқарды. Мұның барлығы негізінен тұрғындар саны азайған аудандық, ауылдық жерлерде орын алды. Оның есесіне Рудный қаласында – 2, Қостанай қаласында бір сайлау учаскесі қосылды. Мұның барлығы сайлаушылардың орналасуына, санына байланысты орын алған өзгерістер. Онда заң талабымен қатар, дауыс беруге қолайлылық да қарастырылған. Мысалы, бұрынғы сайлауда бір аумақта 11 сайлаушы ғана болғаны кездесті. Оның да 7-уі сайлау комиссиясының мүшесі, 4-еуі сайлаушылар еді. Енді тұрғындары аз мұндай елді мекенге көлік жіберіп, сайлаушыларды сайлау комиссиясы орналасқан көрші ауылға алдыртқан дұрыс деп ойлаймыз, – деді Антонина Михайловна.
Негізі облыста сайлаушылардың да, сайланушылардың да белсенділігі әлден байқалып отыр. Облыстық сайлау комиссиясына өздерінің әлеуметтік өзекті мәселелерін айтып келіп жатқан сайлаушылар да бар. Сайлау комиссиясына көптен айлық жалақыларын ала алмай жүрген жұмысшылар келіп шағым айтқан. Ондай кезде Облыстық сайлау комиссиясының мүшелері мұндай жағдайларды жұмыс берушілерге, әкімдіктерге хабарлаған.
Көп жылдардан бері Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы ретінде еліміздегі сайлауларды өткізуге атсалысып келе жатқан Антонина Маркова бұл сайлау науқанында өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенетіндігін айтты. Журналистер сұрағына сәйкес сырттан келетін байқаушылар жөнінде де айтып өтті.
– Өткен жылы Президент сайлауында байқаушылар шалғайдағы Науырзым ауданында болып, сайлаудың өте әділ өткенін айтып келген еді. Менің тәжірибемде сырттан келген байқаушылар осылай бірінші рет шалғайдағы сайлау учаскелеріне шығып еді. Биыл да тілек білдіргендер, әрине, тек облыс орталығында ғана болмай, шалғай аудандарға да шығар деп отырмыз. Бұл олардың біздің еліміздегі демократия салтанатына көзі жете түсетініне кепіл болады, – деді Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Антон ина Маркова.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.