• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2016

Қиындықты еңсерудің жолы

421 рет
көрсетілді

«29 қаңтарда «Нұр Отан» партиясының XVII съезінде Елбасы – партия Төрағасы, Нұрсұлтан Назарбаев сайлауалды бағдарламаны көпшілік назарына ұсынғанын білесіздер. Өз сөзінде Елбасы мемлекет пен қоғам, партия мен партиялық ұйымдар алдына үлкен міндеттер қойып, азаматтарды 5 институттық реформаны жаппай жүзеге асыруға шақырды. Әрине, сайлауалды бағдарламаның басты басымдығы дағдарыстан шығу, ол үшін жаңа жолдар іздеу. Бір сөзбен айтқанда, ол бұған дейінгі сайлауалды бағдарламалардың заңды жалғасы іспетті». Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте осылай деді. Оның айтуынша, аталған бағдарламада экономика, заң салаларында атқарылған жұмыстар таразыланып, алдағы атқарылар іс-шаралардың барысы баяндалған. «Мемлекет басшысы мүлдем жаңа бағыттар бойынша жұмыс атқару қажеттігін айтты. Оларға мемлекетті дағдарысқа қарсы тұрақтандыру, экономиканы құрылымдық жағынан жаңғырту, өмір сапасының жаңа стандарттарын қалыптастыру, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету секілді негізгі тетіктерді жатқызуға болады. Бүгін­де «Нұр Отан» партиясы біздің қоғамдағы ірі саяси күшке айналды. Демек, ол алдағы уақытта осы тетіктерді нығайтуды айрықша назарда ұстайды деп ойлаймыз», – деді қоғам қайраткері. Ал Қазақстан заңгерлер одағының белсендісі, заң ғылымдарының докторы Жұмабек Бұсырманов мемлекеттілікті қалыптастыру үдерісі алдын ала белгіленген бағыт-бағдар бойынша жүргізіліп келе жатқанын тілге тиек етті. «Өзге де қоғам­дармен салыстырғанда, біздің алдағы жүріс-тұрысымыз бен қозғалысымызды айқындайтын өз стратегиялық жоспарларымыз бар. Яғни, бұл – біздің өз жолымыз бар деген сөз. Оларға «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» стратегияларын, Ұлт Жоспарын, 5 институттық рефор­маны жү­зеге асыру аясында қабылданған «100 нақты қадамды» жатқызуға болады. Бұл құжаттардың әрқайсысының біздің мем­лекетіміз бен қоғамымызды дамытуда өз маңызы, орны, рөлі бар. Кейбірінде ұзақ мерзімге көзделген міндет белгіленсе, енді бірі оперативті мәнге ие. Яғни, кез келген қо­ғамда мұндай маңызды құжаттар бола береді деуге келмес. Ал бізде бар», – деді Ж.Бұ­сырманов. Сондай-ақ, ол бүгінде мемлекеттің күрт өзгеріске негізделген кезеңді бастан кешіп отырғанын, мұны әлемде қалыптасқан жағдайларға байланысты қандай бағдар ұстану қажеттігімен байланыстыруға болатынын жеткізді. «Парламент Мәжі­лісінің кезектен тыс сайлауы, оған депутат­тықтан үміткерлер тізімінің шығуы заң шығару саласында заңгерлердің, ғалым­дардың, экономистердің жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын айқындайды. Сондықтан, жаңағы айтылған құжаттардағы міндеттерді орындауға жаңадан жасақ­талатын Парла­мент Мәжілісінің депутаттары барынша күш салып, өздеріне жүктелген талап үде­сінен шыға алады деген үмітіміз бар. Біздің таңдап алған жолымыз дүниежүзін шарлаған дағдарыс пен одан туындайтын қиындықтардың алдын алуға ықпал етуі керек», – деді Қазақстан заңгерлер одағының өкілі. Брифинг барысында оған қатысушылар партияның сайлауалды бағдарламасында біраз күрделі мәселе көрініс тапқанына, оның ішінде 5 институттық реформаны жүзеге асыру бағытында қандай жұ­мыс­тар атқарылуы қажеттігі жан-жақты айтылғанына тоқтала келе, осы уақытқа дейін ел Парламенті маңызды реформаларды жүзеге асыру үшін 59 заң қабылдағанын жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».