• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2016

Ақтөбеде су тасқынына дайындық шаралары пысықталды

351 рет
көрсетілді

АҚТӨБЕ. 3 ақпан. Ақтөбе облысында су тасқынына дайындық жұмыстары пысықталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Биылғы қыстың қаһары мықты, жиі-жиі боран соғып, күре жолдар жабылып қалуда. Бұдан бұрынғы жылдарға қарағанда қар да мол түсті. Мұның өзі көктемде су тасқыны болу қаупін тудыруда. Сондықтан да болар, облыста көктемгі су тасқынына қарсы дайындық ерте қолға алынды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында бұл мәселе кеңінен сөз болды. Облыс әкімінің орынбасары Жаңабай Бексарының хабарлауынша, көктемде су тасқынынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу және оны болдырмау мақсатында комиссия құрамы анықталып, жоспар жасалған. Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларындағы су мөлшеріне талдау жүргізілді. Елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке құрам, құтқару бөлімшелері мен техника, сондай-ақ, тікұшақ дайын тұр. Судың бетін қайтаруға және мұздарды жаруға қажетті материалдар әзірленді. Тұрғындарды алдын-ала сақтандыру мақсатында байланыстың барлық түрлері және бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланылатын болады. Су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыруға өте жауаптылықпен қарау талап етілуде. Ірі су қоймаларындағы ахуалды бақылауда ұстап, қай кезде қанша су жіберілетінін есептеу қолға алынған. Әсіресе, қазіргі мәлімет бойынша қар көп түскен, мұздың қалыңдығы жоғары деп есептелетін Ақтөбе қаласы, Мәртөк, Қарғалы, Ойыл, Темір аудандарындағы жағдайға тиісті ұйымдар жауапкершілікпен қарап, қырағылық көрсетуі тиіс. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек: egemen.kz. Сурет: turkystan.kz.