• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2016

«Барыс» «Сочиден» жеңіліп, жағдайын қиындатып алды

268 рет
көрсетілді

АСТАНА. 4 ақпан. Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасы шеңберінде сырт алаңда «Сочимен» кездесіп, 2:6 есебімен ойсырай жеңілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ойын айдын иелерінің басымдығымен басталды. Үшінші минутта «Сочи» сапынан Денис Козионов есеп ашса, арада бір минут уақыт өтпей жатып, Илья Крикунов «Барыс» қақпасына екінші шайбаны енгізді. Астаналықтар 6-минутта Роман Старченконың көмегімен есеп айырмасын қысқартты. Алайда, үзіліске дейін ресейліктер біздің қақпаны үшінші рет дәл көздеп үлгерді. 17-минутта мергендігімен көзге түскен Вадим Щегольков болатын. Екінші кезеңде «Барыс» тағы бір шайбаның қарымтасын қайтарудың жолын тапты. Атап айтқанда, 22-минутта Михаил Паньшиннен пас алған Константин Романов нәтижелі соққының авторы атанды. Ал үшінші кезең толығымен «Сочидің» бақылауында өтті. 49-минутта Денис Козионов ойындағы екінші шайбасын соқса, 58-минутта Андрей Костицын бос қақпаны дәл көздеді. Кездесудің нүктесін 60-минутта «Сочи» хоккейшісі Андре Петерссон қойды. Осылайша, «Барыс» ірі есеппен жеңіліп қана қоймай, Шығыс конференциясында 9-орынға түсіп қалды. Бұл көрсеткіш плей-офф сатысының жолдамасын алуға мүмкіндік бермейтіні белгілі. Егер қалған үш ойында Андрей Назаровтың шәкірттері жинақылық танытпаса, «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасында сынға түскен кезден бастап алғаш рет плей-оффқа өте алмай қалуы әбден мүмкін. Бүгінде біздің қоржынымызда 80 ұпай бар. Ал плей-офф бәсекесінде ойнауға мүмкіндік беретін 8-орында 81 ұпаймен «Нефтехимик» тұр. Елордалықтар келесі кездесуін 5 ақпанда Латвия астанасы – Рига қаласында жергілікті «Динамомен» өткізеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: vk.com.