• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2016

Махаббат пен машақаты тең өнер

421 рет
көрсетілді

Астанадағы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен хаткер-каллиграф Мухаррем Гөкшеннің «Астанада Құснихат және каллиграфия күндері» атты көрмесі ашылды. Бұл өнер түрі біреуге қымбат болса, енді біреулерге мүлдем жұмбақ болуы да мүмкін. Сондық­тан, азырақ болса да ақпар бере кетсек артық болмас. «Құснихат» (көркем жазу өнері) – «сұлулық, әдемілік, көркемдік» деген мағынаны бере­тін араб тіліндегі «хұсн» сөзінен шыққан. Ал, каллиграфия-«әсемділік» мағынасын беретін грек тілінің «kallos» сөзінен енген. Араб әріп­терімен жазыла­тын, меңгерілуі қиын, негізі­нен нақыштау мақса­тымен ме­шіттерде, аят және діни кітап­тарда қолданылатын, белгілі ережелері бар бейнелеу өнерінің бір түрі. «Құснихатты» каллиграфия өнерімен жиі шатастырады. Екі өнердің ортақ тұсы көркем жазу болып табылса да, «құснихаттың» каллиграфия өнерінен басты айыр­машылығы – араб әріптерімен жазылуы, меңгерілуі мен орындалуы аса қиын, күрделі болып ке­луін­де. Ал, каллиграфия оқуға қолайлы ғана емес, сонымен қатар хатқа графикалық эмоционалды, бейнелі ұғым беру мақ­сатын көздейді. Осындай машақаты мен махаббаты қатар жүретін өнер саласын өміріне серік еткен Мухаррем Гөкшен 1980 жылы Түркияның Чорум қаласында дүниеге кел­ген екен. Университетте оқып жүр­генде көркем жазу сабақ­тарын алып, өнер жолына қадам басқан. Суретші-каллиграф Туран Севгилиден «сүліс» жазуынан дәріс алған. Одан соң каллиграф Махмут Шахиннен «сүліс», «насх» жазу түрі бойынша шебер­лігін шыңдап, 2012 жылы аталған көркем жазу түрлерінен диплом қорғаған. Ыстамбұл қала­сындағы кәсіптік көркем сурет курстарында каллиграфия өне­рінен сертификат алып, бірнеше мәрте жеке көрмелерін өткізген. Елордамыздағы көрмеде аталмыш автордың 34 туындысы ел назарына ұсынылды. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».